Медицина факультеті анатомиялық препараттармен толықты

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында университетіміздің Медицина факультетінің «Адам морфологиясы және физиологиясы» кафедрасы анатомиялық жаңа препараттармен толықты. Германияның 3B Scientific (3Б Сайнтифик) халықаралық компаниялар тобы өндірген 91 дана препарат Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) демеушілігімен жеткізіліп отыр. Аталмыш препараттар «Адам морфологиясы және физиологиясы» кафедрасының Анатомия пәніне арналған арнайы оқу бөлмесінде қолданылатын болады.
Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында жүзеге асқан жағымды жаңалықпен университет басшылығы арнайы танысып, медициналық құнды заттарды көрді. Университетіміз Өкілетті Кеңесінің Төрағасы, профессор Мухиттин Шимшек, университет ректоры Жанар Амангелдіқызы Темірбекова және Ректор Өкілі, профессор Женгиз Томар оқу орнымызға қарасты Клиника-диагностикалық орталығының жұмыс барысын зерделеп, кафедраға табысталған анатомиялық препараттармен танысты.
Өкілетті Кеңес Төрағасы, профессор Мухиттин Шимшек жұмыс барысымен танысу қорытындысына сәйкес пікір білдірді. Төраға өңірдің денсаулық сақтау саласына үлес қосу және медицина мамандарын сапалы даярлау мәселесі басты назарда тұратынын жеткізді. Осы бағытта университетімізде барлық жағдай жасалып отырғанын және де алдағы кезеңде қолдау шаралары арта беретінін тілге тиек етті. Профессор Мухиттин Шимшек материалдық-техникалық жабдықтаумен қатар, сапалы маман дайындау мәселесі аясында «Ана жұрттан ата жұртқа – денсаулық көпірі» жобасы жалғасатынын мәлімдеді. Бұл бағытта Түркия Республикасының озық клиникаларынан білікті мамандар университетімізге келіп, тәжірибелерін бөлісетін болады және біздің мамандар Түркияда біліктілік арттырады.
Айта кетерлігі, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі демеушілік жасаған анатомиялық препараттардың жалпы құны – 65 738 (алпыс бес мың жеті жүз отыз сегіз) долларды құрап отыр.
«Бір қадам алда жүру» ұранымен қызмет атқаратын 3B Scientific (3Б Сайнтифик) халықаралық компаниялар тобының өнімдерінің 90 пайызға жуығы Германиядан тыс елдерде саудаланады. 3B Scientific® бренді аясындағы өнімдерді әлемнің жүзден астам мемлекеті тұтынады.

Напишите свой вопрос

 

    ×