Университетімізде «Серікбол Қондыбай және түркі мифологиясының зерттелуі» атты III Халықаралық ғылыми-теориялық конференция басталды

Оқу ордамызда Ахмет Ясауи университеті Түркология ғылыми-зерттеу институты және Түркістан, Маңғыстау облыстары әкімдіктерінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Серікбол Қондыбай және түркі мифологиясының зерттелуі» атты III Халықаралық ғылыми-теориялық конференция басталды.
Ғұмырының жартысын қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-санасын жаңғыртуға арнап, сүбелі үлес қосқан және түбегейлі зерттеуде зор еңбек еткен қазақтың өлкетанушы, географ, публицист, этнограф-ғалымы Серікбол Қондыбайдың зерттеу еңбектері, шығармашылық мұрасы жайында ұйымдастырылған конференция жұмысы бірнеше бағытты қамтыды. Екі күнге жоспарланған конференцияның ашылу салтанатында Маңғыстау облысы өнерпаздарының қатысуымен ұлттық дәстүрлер насихатталып, қазақтың халық жазушысы Ә.Кекілбаевтың тағылымды сөзі жазылған ескеркіш тақта ашылды. Сонымен қатар «С. Қондыбай шығармашылығы – өнер әлемінде» тақырыбында кітап және сурет көрмесі, «Қоңыр қаз» анимациялық фильмі, «С.Қондыбай – рух жауынгері» деректі фильмі, Мифтік костюмдер шеруі көрсетілді.
Конференцияның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, Маңғыстау облысының әкімінің орынбасары Ұ.Тналиев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары А.Сабитов, Университетіміздің ректоры Ж.Темірбекова, Ректор өкілі Ж.Томар, Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Б.Байрам қатысып, конференция қонақтарына игі тілектерін жеткізді. Одан өзге Жапониядан WAKO университетінің профессоры Хероки Сакай, Қырғыстан ғалымы Ұ.Алимов, Якутия ғалымы Е.Романова онлайн құттықтау жолдады.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде ғалым А.Тойшанұлы, ф.ғ.д., профессор А.Ісмақова, док.,доцент Сайфуллах Йылдырым, ф.ғ.к., доцент Оңайгүл Тұржан ғалым Серікбол Қондыбай шығармашылығы жөнінде арнайы баяндама жасап, зерттеулерінің маңыздылығына тоқталды.
Конференция жұмысы 13 секция бойынша жүргізіледі. Оның алғашқы екі отырысы бүгін, ертең 11 секция жұмысы офлайн және онлайн сипатта жалғасады. Конференцияға Қазақстандық ғалымдардан өзге Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Ресей, Жапония, Якутиядан ғалымдар қатысып, 70-тен астам мақала қабылданды. Екі күнге жалғасатын конференция жұмысының нәтижесі тіл мен фольклор, өнер мен өлкетану, этнография мен география сияқты салаларға олжа салады деп сенеміз.

Түркология ғылыми-зерттеу институты

Напишите свой вопрос

 

    ×