Стратегиялық даму және сапа комитетінің мәжілісі өтті

Қыркүйектің 19 жұлдызында оқу орнымызда Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры А.Ошибаеваның төрағалық етуімен Стратегиялық даму және сапа комитетінің мәжілісі өтті. Мәжіліс барысында 2022-2023 оқу жылына арналған комитеттің жылдық жоспары, университеттің Сапа бойынша мақсаттары қаралып, бекітуге ұсынылды. Сонымен қатар, 2019 жылдан бері қолданыста болған университеттің Сапа саясаты қайта қаралып, жаңа сапа саясаты жобасын университетіміздің жаңа Стратегиясына сәйкестендіру жөніндегі бірқатар талқылаулар жасалды және құжатты Сенат мәжілісіне ұсыну келісілді.
Сондай-ақ, мәжіліс барысында “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат” жобасы, “Лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер мүдделерінің қақтығыстарын болдырмау және реттеу жөніндегі Ереже” жобасы талқыға түсті. Аталған жаңа құжаттардың жобасымен Стратегиялық даму, рейтинг, комплеанс бақылау және сапа орталығының басшысы Ж.Дарибаев егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Мұның барлығы сайып келгенде, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатердің алдын-алу және осы бағыттағы әрекеттердің тиімділігін арттыруға бағытталғаны туралы айтылды. Сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтардың анықталған түрлерінен бастап, құқық бұзушылықтар үшiн жауапкершiлiктер, көрiнеу жалған ақпарат хабарлаған адамдарға белгіленетін жауаптылықтар, осы саясатқа сәйкес мақсаттар мен міндеттерді орындау үшін қандай іс-шараларды жүзеге асыру қажет болатыны, бұл саясатқа қатысты функцияларды қандай құрылымдар жүзеге асыратыны баяндалып, комитет мүшелерінің сұрақтарына нақты жауаптар айтылды. Университеттің іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін жайттар ретінде, Лауазымды тұлғалар мен қызметкерлердің мүдделері қақтығысына байланысты туындайтын елеулі құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған ереже жобасы да қаралып, Сенат мәжілісіне талқылауға ұсынылды.
Комитет мәжілісі соңында оқытушылардың, кафедралар мен факультеттердің, ғылыми-зерттеу институттарының индикативті жоспарларының жаңа нұсқасы талқыға түсті. Комитет мүшелеріне ТСИ тарапынан сыртқы бақылау аудиті алдындағы барлық құрылымдарда екі кезеңмен жүргізілетін ішкі аудит бағдарламасы таныстырылды.
Мәжіліске қатысушылар аталған маңызды мәселелер бойынша шешімдерді бірауыздан қолдап дауыс берді және бұл құжаттарды әрі қарай талдап, бекіту үшін Сенат мәжілісіне жолдауға ұйғарым жасады.

Стратегиялық даму, рейтинг, комплаенс бақылау және сапа орталығы

Напишите свой вопрос

 

    ×