Түркі университеттері одағының VІ Бас ассамблеясы өтті

Киелі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркі мемлекеттері ұйымы Түркі университеттері одағының VІ Бас ассамблеясы өтті.

Жиынға Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Мажарстан елдерінен 50-ге жуық университеттің басшылары, ғалымдары мен студенттері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері, дипломаттар, эксперттер, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты.

Ассамблея Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысының орынбасары Өмер Қожаман, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті Кеңесінің төрағасы, профессор Мухиттин Шимшек, университет ректоры Жанар Темірбекова және ректор өкілі Женгиз Томардың құттықтау сөзімен басталды.

Түркия Республикасы Ұлы Ұлт Мәжілісі төрағасы Мустафа Шентоп та арнайы Қазақстан мен Түркия арасында берік байланыс орнағанын тілге тиек етіп, түркі дүниесінің білім мен ғылым саласындағы абырой-беделі асқақтай беруіне тілектес екенін айтты.

Жиында 2018-2022 жылдары екі кезең қатарынан төрағалық еткен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Сондай-ақ, «Орхон үдерісі» бағдарламасы, Түркі университеттері одағына мүше елдерден жаңа университеттер қабылдау, Студенттер кеңесінің жұмыстары, 2023-2024 кезеңінің жол картасы және тағы басқа мәселелер қаралды.

Басқосу соңында төрағалық міндетті Әзірбайжан мемлекеттік экономика университетіне табыстады.

Айта кетейік, Түрік Кеңесі Түркі әлемі университеттер Одағы 2013 жылы құрылған. Қазіргі таңда Одаққа Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия елдерінен 40-тан астам университет мүше.

Напишите свой вопрос

 

    ×