СТУДЕНТТЕР ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КОНЦЕРТІН ӨТКІЗДІ
Университетіміздің Спорт және өнер факультетінің белсенді студенттері Арыс қаласындағы Төлеген Тәжібаев атындағы балалар үйінде «Мейірім шуағы» атты қайырымдылық концертін ұйымдастырды.
Шараның мақсаты – балаларға мейірім мен қуаныш сыйлау, олардың көңіл-күйін көтеру және шабыттандыру.
Шара барысында Спорт және өнер факультетінің Ғылым және тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары Жүсіпбаев Меңдіғани Тілектесұлы сөз сөйлеп, университет басшылығының сәлемін жеткізді.
Концерт университетіміздің «Би сұлтан» би ансамблінің өнерімен басталды. Концертте студенттер ән айтып, би билеп, күйлер орындап, балаларға әсерлі кеш сыйлады. Балалар да өз өнерлерін көрсетіп, ерекше атмосфера орнады. Ойындар ұйымдастырылып, түрлі сыйлықтар да табысталды.
Дәл концерт өткен күні балалар үйіндегі екі тәрбиеленушінің туған күні болды. Белсенді студенттеріміз арнайы торт әкеліп, туған күн кешін ұйымдастырды. Концерттен кейін 90 адамға мерекелік дастархан жайылды.
Осылайша Арыста өткен «Мейірім шуағы» қайырымдылық кеші жылы естеліктер мен әсерлі сәттерге толы болды.