shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

«ACADEMIC LEADERSHIP INSTITUTE: DEANS' SCHOOL»: ОҚУ ОРНЫМЫЗ БЕН НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОРТАҚ ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ

Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің бастамасымен, оқу орнымыз бен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесе ұйымдастырған «Academic Leadership Institute: Deans' School» атты декандардың кәсіби дамуына арналған жаңа бағдарлама іске қосылды.

Ашылу рәсіміне оқу орнымыздың ректоры Жанар Темірбекова, Назарбаев Университетінің президенті Waqar Ahmad және ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова қатысып, Қазақстанның жоғары білім беру саласындағы көшбасшылықтың маңыздылығын атап өтті.

Бағдарламаның мақсаты – қазақстандық жоғары оқу орындары көшбасшыларының кадрлық резервін дайындау. Тыңдаушыларда тұрақты өзгерістер жағдайында факультеттерді тиімді басқаруға, инновациялық тәсілдер мен технологияларды табысты біріктіруге, сондай-ақ этикалық практиканың жоғары стандарттарын қолдауға мүмкіндік беретін құзыреттерді дамыту да көзделеді.

«Deans’ School» бағдарламасы жан-жақты қажеттіліктерді талдау негізінде әзірленді. Бағдарлама аясында Қазақстан университеттеріндегі декандардың лауазымдық сипаттамалары мұқият бағаланып, Ахмет Ясауи университеті, Kozybayev University, Narxoz, KIMEP сияқты жоғары оқу орындарының академиялық көшбасшыларымен фокус-топтық талқылаулар жүргізілді.

Кәсіби шеберлікті дамытуға бағытталған ауқымды жоба үлкен қызығушылық тудырды – Қазақстанның педагогикалық, техникалық, ұлттық, медициналық және жекеменшік жоғары оқу орындарынан, сондай-ақ Қырғызстан университеттерінен 170-тен астам өтінім түсті. Іріктеу процесі барысында аналитикалық эсселерді бағалау және бейне сұхбаттар нәтижесінде 80 қатысушы таңдалды. Олардың қатарында оқу орнымыздың бірқатар оқытушы-профессорлары да бар. Университеттімізден 20-ға жуық өтінім жіберіліп, оның ішінде 7 ғалымымыз бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алды. Атап айтар болсақ:

1. Исаев Ғани Исаұлы

2. Нұсқабаева Гүлназ Оразбекқызы

3. Масадиков Хайрулла Ғайбуллаұлы

4. Бостанова Ардақ Мұратқызы

5. Саржанов Фахриддин Нұрмахамедұлы

6. Ағабекова Ақтолқын Бекарысқызы

7. Омарова Балнұр Әділбекқызы

2024 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында өтетін оқыту жобасы орта деңгейдегі академиялық көшбасшылардың қуатты тобын қалыптастыруға бағытталған. Бағдарлама университеттік факультеттер мен департаменттерді басқарудың стратегиялық және практикалық аспектілерін қамтитын негізгі салалар бойынша модульдерді ұсынады. Тыңдаушылар білім сапасын басқару, цифрлық трансформация, жасанды интеллект, оқу бағдарламаларын әзірлеу, стратегиялық жоспарлау, таланттарды басқару және корпоративтік мәдениет сияқты негізгі бағыттарда білім алады. «Deans’ School» ұлттық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен аралас форматта өткізіледі, бұл бай әрі жан-жақты оқыту тәжірибесін ұсынады.

Бағдарлама негізінен 9 модульден тұрады:

1. Білім беру сапасын басқару;

2. Білім берудегі академиялық қызмет және инновация;

3. Білім беруді цифрландыру;

4. Білім берудегі стратегиялық жоспарлау және басқару;

5. Өзгерістер жағдайында көшбасшылық және басқару;

6. Студенттердің жетістіктері;

7. Таланттарды басқару;

8. Зерттеулерді басқару;

9. Институционалдық мәдениет және этика.

Оқыту университетіміз бен Назарбаев университетінің кампустарында өтеді. Оқу ордамыздың базасында: «Білім беруді цифрландыру», «Студенттердің жетістіктері» және «Таланттарды басқару» модульдерін өткізу жоспарланған. 

Бүгін «Білім беру сапасын басқару» модулінен басталған бағдарлама желтоқсан айына дейін жалғасады.

«Deans’ School» бағдарламасы Қазақстанның жоғары білім беру саласына айтарлықтай өзгерістер әкеледі деп күтілуде. Қатысушылар білім сапасын жақсарту, ресурстарды тиімді басқару және мекемелерінде инновациялар мәдениетін қалыптастыру стратегияларын игереді.