shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

Дінтану кафедрасында жаңа оқу жылының ашылуы

Бүгін университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі вице-ректоры Еділ Мейірбекұлы Төлегеновтің қатысуымен Теология факультетінде жаңа оқу жылының басталуына арналған дәстүрлі кездесу болды.

Вице-ректор Еділ Мейірбекұлы Төлегенов өз сөзінде Теология факультетінің елге аса қажет сала екенін, онда тәжірибелі әрі білікті мамандардың қызмет ететінін атап өтті.

Іс-шараны факультет деканы Сұлтанмұрат Абжалов жүргізіп, студенттерді жаңа оқу жылымен құттықтады. Ол факультетіміздің – республикадағы жалғыз Теология факультеті екенін атап өтіп, онда Дінтану, Теология, Исламтану, Философия-дінтану және Психология-дінтану мамандықтары бойынша елге аса қажет мамандар даярланатынын жеткізді.

???? Факультет құрамында 40-қа жуық ұстаз еңбек етеді. Олардың қатарында халықаралық деңгейде танымал ғалымдар, Түркия, Ливия, Мысырда білім алған PhD докторлар және Түркиядан арнайы шақырылған профессорлар бар. Факультет профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Тұрсынбайұлы Кенжетай студенттерге барлық білім беру бағдарламаларының қоғамдағы орны туралы жан-жақты баяндап, құнды ой-пікірлерімен бөлісті. Бұл әңгіме студенттер үшін бейне бір «мамандыққа кіріспе» дәрісі болды.

???? Айта кетерлігі, биылғы оқу жылында факультетке қабылдау көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға артқан. Бұл – факультеттің беделінің артып келе жатқанының және ұстаздар қауымының қажырлы еңбегінің жемісі.

Іс-шара соңында факультет деканы Сұлтанмұрат Абжалов студенттерге жылы лебізін білдіріп, оқу жолында табыс тіледі:

«Студенттік жылдар – адам өмірінің ең қызықты шағы. Уақыттың қадірін біліп, әр күніңізді білімге, ізденіске, еңбектенуге арнаңыздар. Сіздер дұрыс таңдау жасадыңыздар – елімізге аса қажет мамандық иесі болып шығасыздар. Ерінбей еңбектенсеңіздер араларыңыздан мықты кәсіби маман, елге танымал ғалымдар шығатынына сеніміміз кәміл. Бұл жолда Факультет ұжымы сіздерге барлық жағдайды жасап, қолдау көрсетеді. Тек ерінбей еңбектенсеңіздер болғаны...».

Теология факультетінің жаңа студенттеріне сәттілік тілейміз! Алда толағай табыстар мен жаңа мүмкіндіктер күтіп тұр!