Бүгінгі Мемлекет басшысының Жолдауына орай Теология факультетінің деканы С. Абжалов өз пікірін білдірді.
Президентіміздің биылғы Жолдауы да алдыңғылар секілді еліміздің болашағы үшін аса маңызды мәселелерді қамтыды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған сөзінде ең алдымен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту, оны қоғамның барлық саласында кеңінен қолдану қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл қадам Қазақстанның жаңа дәуірде бәсекеге қабілетті ел болуына жол ашатыны даусыз. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ел дамуының негізгі бағыттарын айқындап, саяси реформалардан бастап, заң мен тәртіп, жастардың патриотизмі мен ғылым-білімге ұмтылысына дейінгі өзекті тақырыптарға тоқталды. Президент саяси жүйені жетілдіру мақсатында бір палаталы Парламент құру бастамасын көтерді. Бұл өзгеріс Парламент жұмысын ықшамдап, заң қабылдау үдерісін жеделдетіп, халықтың дауысы мен партиялардың рөлін күшейтеді деп ойлаймыз. Президенттің айтуынша, бұл мәселе алдымен қоғамда кеңінен талқыланып, тек 2027 жылы жалпыұлттық референдум арқылы шешіледі. Яғни, соңғы сөзді халық өзі айтады. Жолдаудағы тағы бір маңызды тақырып заң мен тәртіпті нығайту. Заң үстемдік құрғанда ғана әділет орнайтыны, әділет бар жерде тұрақтылық пен даму болатыны баршаға аян. Бұл бағытта әр азаматтың жауапкершілігі зор: бір-бірімізге құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау, мәдениетті болу бәрі елдігіміздің айнасы. Президент жастардың жаңа патриотизмін де ерекше атап өтті. Қазіргі буын үшін отансүйгіштік жалаң ұран емес, елге нақты пайдасы тиетін іс бастау, ғылым-білімге ұмтылу, жаңа технологияларды игеру. Бұл Қазақстанды озық елдердің қатарына қосатын күш. Саяси реформалар да, әлеуметтік өзгерістер де бір мақсатқа әділетті әрі қуатты Қазақстан құруға бағытталған. Ол үшін заңға құрмет, қоғамда бірлік және жастардың жасампаздығы қажет. Бүгінгі Жолдау әрқайсымызға ой салатын, болашаққа деген сенімімізді арттыратын маңызды үндеу болғаны анық.
«25 қазан – Республика күні» 