shape
shape

Жетістіктер

Жетістіктер

«BILIM-ORKENIETI» Ұлттық  инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының  ұйымдастыруымен өткен байқауда 4 курс  студенті   Досанханқызы Құмаргүл  «Үздік жас ақын -2021» жеңімпаз атанды.

Бұл байқау Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығына арналды.  Байқауда үш тақырыпта поэзиялық шығарма жазудан сайыс өткізілді. Еліміздің бірнеше жоғары оқу орындарынан студенттер қатысқан байқауға 4 курстық Досанханқызы Құмаргүл  «Тәуелсіз елім бар деп мақтанам» деген өлеңімен қатысқан болатын. Сонымен қатар, жас қаламгер Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңығыру» атты бағдарламалық мақаласын насихаттау мақсатында өткен  «Менің сүйікті  ұстазым» атты республикалық эссе  жазу сайысындада  жеңімпаз атанып, «Ұлы дала дарыны» атты төс белгісімен марапатталды. Жетекшісі: профессор Б.Сердәлі.  Байқау шартына сай,  Құмаргүлдің шығармасы «Менің сүйікті  ұстазым» атты таңдаулы шығармалар жинағына енді.
 

Кафедра ұстазы тележурналист Жанерке Хумар мен журналист-фотограф Әйгерім Бегімбет «Түркістан әйелдері» медиажобасы Urker-2022 ұлттық бәйгесінің «Батыр Қазыбаев атындағы арнайы премия» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл сыйлық «Интернет медиадағы үздік жоба»-ға берілді. 
2022 жылы Urker @urker_awards.kz ұлттық бәйгесіне 13 номинация бойынша барлығы 544 өтініш келіп түскен. Осы ұсынылған жұмыстардың ішінен 52-і финалға өтіпті. Бүгін Астанада финалистер арасынан әр номинацияның үздігін жариялап, жеңімпаздарды марапаттады. 

«Түркістан әйелдері» @turkistan_tirshiligi медиажобасы — АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржылай қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асқан жоба. Дәлірегі, көктемде ұйымдастырылған «Шағын грант — 2022» контент өндірісін қолдау байқауында тәуелсіз комиссиясының шешімімен жеңіске жетіп, қолдауға ие болған. 

Авторлар ernur.kz сайтына «Түркістан әйелдері» деген фоторепортаждар сериясын, YouTube-тағы Beine Pro-арнасында «Түркістан әйелдері» деген фильмдер топтамасын жариялады. Фильмдердің қаралымы екі аптада 300 мыңға жуықтап, көршілес елдерге таралып, танымал боп, трендке шықты. Сондай-ақ, «Түркістан әйелдері» атты фотокөрме ұйымдастырды
 

Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Журналистика бөлімінде оқитын үш үздік студентіне талантты журналист Бейсен Құранбек атындағы стипендияны салтанатты түрде табыс етті.
Шараға Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ректоры Жанар Темірбекова, елімізге танымал тележурналист Әбдез Рахманұлы және бір топ облыстық мәслихат депуттатары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шарада сөз алған оқу орнының басшысы Жанар Амангелдіқызы озат студенттерге қолдау білдіріп, шабыт сыйлаған одақ төрағасына шынайы алғысын білдірді. Сондай-ақ ол алдағы уақытта облыстық журналистер одағымен бірге ынтымақтастықта жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай марқұм Бейсен Құранбек туралы кеңінен сөз қозғап, оның қазақ журналистикасына қосқан зор  үлесі  туралы әңгімеледі.

«Талантты журналист Бейсен Құранбекпен бір топта оқып, білім алдық. Дос болдық. Бейсен еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінен бастап, барлық сатылардан өткен өте тәжірибелі нағыз журналист еді. Оның қазақ журналистикасына қосқан үлесі орасан. Бір ғана «Айтуға оңай», «Қаракет» сынды ток-шоулары елдің ыстық ықыласына бөленді. Алайда Бейсеннің ғұмыры тым қысқа болды. Алланың үкіміне амал бар ма? «Жақсының аты өлсе де хаты өлмейді» деген сөз бар. Б.Құранбектің өмірі мен шығармашылығы жастарға өшпес өнеге.  Ендеше бүгінгі Бейсен атындағы степендияны иеленіп отырған іні-қарындастарымызға досымыздың ғұмырын емес, тағдырын емес, талантын, еңбексүйгіштігін, адалдығын берсін деп тілейміз»,  деді Ғалымжан Қамытбекұлы.

Шара барысында Бейсеннің әріптестері мен достары естеліктер айтып, студенттерге ақыл-кеңестерін берді.

Журналистика бөлімінің 1-курс студенті Гүлжан Ниязова , 2-курстан Сандуғаш Бектұрова, 3-курс студенті Бекзат Елмырза аталған стипендия иегерлері атанды.


Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «6В032-Журналистика және ақпарат» даярлау бағыты бойынша дәстүрлі пән олимпиадасы өтті.

Бұл жолғы білім сайысы карантин талаптарына сәйкес онлайн форматта ұйымдастырылды. Еліміздің 13 жоғары оқу орнынан қатысып жатқан болашақ журналистер бір-бірімен ZOOM платформасы арқылы танысып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

Екі күнге созылатын сайыстың алғашқы күні студенттер журналистік шеберліктерін танытатын таныстырылымдарын бейнеролик түрінде ұсынды. Таныстыру кезеңінде әр команда өз атауын, ұранын, эмблемасын қорғап, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының желісі бойынша түсірілген бейнесюжеттерін көрсетті. Бейнесюжеттерде ел басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының мақаласында айтылған ой-түйіндер, негізгі бағыттар көрініс тапты.
Түстен кейін студенттер журналист шеберлігін көрсететін «Тұғырлы Тәуелсіздікке 30 жыл», «Қазақстанның кемел келешегі», «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақырыптарында эссе жазды. Эссе мазмұнында тарихи тұлғалар, тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің қол жеткізген жетістіктері, Ұлы Дала шежіресі, жастардың қоғамдағы рөлі т.б. мәселелер қамтылды. Бұл сынақта студенттің берілген тақырыпты аша алуы, өзіндік ой-пікірі, көзқарасы сарапқа салынды. Әсіресе жастардың өз ойын жеткізе алуы, цитаталарды пайдалануы, тіл жүйелілігі, стилінің сақталуы, мәтінінің сауаттылығы еркше назарға алынды. Эссе антиплагиаттан тексеру, тақырыптың ашылуын сараптау, сауаттылығы мен жазу шеберлігін айқындау түрінде бағаланды.

Пән олимпиадасының екінші кезеңі базалық төрт пән бойынша тестілеуден басталып, газет шығару тәжірибесіне ұласты. т.б тақырыптарын қамтыған материалдардың болуы ескерілді.

Нәтижесінде құрамында 3-курс студенті Ақбота Ергешбай, 2-курс студенттері Сандуғаш Бектұрова, Назерке Имашова бар, профессор Бекжігіт Сердәлінің жетекшілігіндегі 6В032-Журналистика білім беру бағдарламасының командасы 13 жоғары оқу орны қатысқан пән олимпиадасында 1-орынды иеленіп, келесі жылы білім сайысын Түркістанда – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында өткізу құқығын беретін Ауыспалы Кубокты жеңіп алды.

ҚР Жоғары оқу орындары студенттерінің “6В032-Журналистика және ақпарат” даярлау бағыты бойынша Сулейман Демирел Университетінде XV Республикалық пән олимпиадасы өтті. Қазақстанның 18-ге жуық жоғары оқу орны бақ сынаған сайыста университетіміздің Журналистика кафедрасының “ЭКОСПЕРТ” командасы қатысып, жүлделі III орынды иемденді.