shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

Ішкі қасиеттерді өлшеу: сенімді және валидті шкалаларды құрастыру тақырыбында ғылыми семинар өтті

2026 жылғы 24 ақпанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті кітапханасының коворкинг залында Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультетінің PhD, аға оқытушысы Назира Тұрсынбаева «Ішкі қасиеттерді өлшеу: сенімді және валидті шкалаларды құрастыру» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өткізді. Семинарға университеттің магистранттары мен докторанттары қатысып, психологиялық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы өлшеу әдістерінің ғылыми негіздерімен танысты.

Іс-шара барысында қатысушыларға ішкі немесе тұлғалық қасиеттерді ғылыми тұрғыда өлшеудің теориялық және әдіснамалық негіздері түсіндірілді. Семинарда өлшеу деңгейіне қарай қолданылатын шкала түрлері, атап айтқанда номиналды, реттік, интервалдық және қатынастық шкалалар туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар, зерттеу барысында дұрыс шкаланы таңдау мен оны ғылыми талаптарға сай әзірлеудің маңыздылығы талқыланды.

Семинардың негізгі бөлігінде шкала әзірлеудің әдіснамалық және статистикалық негіздері қарастырылып, әлеуметтік ғылымдарда кеңінен қолданылатын Лайкерт шкаласының ғылыми негіздемесі түсіндірілді. Қатысушыларға сенімділік (reliability) пен валидтілік (validity) ұғымдарының мәні, сондай-ақ ғылыми зерттеулерде сапалы өлшеу құралдарын құрастырудың кезеңдері көрсетілді. Сонымен қатар, тұлғалық қасиеттер мен ішкі психологиялық сипаттамаларды өлшеудің ерекшеліктері талданып, академиялық мотивация ұғымы мысал ретінде қарастырылды. Бұл арқылы зерттеулерде ішкі психологиялық конструктілерді operationalization жасау және оларды өлшеу тәсілдері нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.

Семинар барысында қатысушылар зерттеу жүргізу кезінде шкала түрін таңдауда ескерілетін маңызды факторлармен танысып, ғылыми сауалнама құрастырудың практикалық қырлары жөнінде пікір алмасты.

Іс-шара магистранттар мен докторанттардың ғылыми-зерттеу дағдыларын жетілдіруге, сондай-ақ психометрия саласындағы білімдерін тереңдетуге бағытталған мазмұнды ғылыми алаңға айналды.