ФАКУЛЬТЕТІМІЗДІҢ ТҮЛЕКТЕРІ СУРДЛИМПИАДАДА ЕЛ МЕРЕЙІН АСЫРДЫ
Жапонияның Токио қаласында өтіп жатқан Жазғы Сурдлимпиада ойындары Қазақстан құрамасы үшін табысты басталды. Әсіресе ұлттық құрама дзюдошылары ел мерейін асырған жарқын жеңістерімен қуантуда.
Дүбірлі доданың алғашқы күнінде 73 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған түркістандық Қуандық Шадияр тамаша өнер көрсетіп, қарсыластарына мүлде мүмкіндік бермеді. Жерлесіміз барлық белдесулерін айқын басымдықпен аяқтап, Сурдлимпиаданың алтын медалін жеңіп алды.
Осындай айқын жеңістерімен көзге түскен спортшылардың бірі – Қазақстан құрамасының дзюдошысы Айдарбек Тоқтарбек. Ол 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде тамаша белдесулер өткізіп, Сурдлимпиада ойындарының күміс медалін жеңіп алды. Спортшы финалға дейін барлық қарсыласын сенімді түрде ұтып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Финалдық тартыста ол француз дзюдошысы Артур Репикемен жолығып, өкінішке қарай шешуші белдесуде қарсыласына есе жіберді. Дегенмен Айдарбектің тұрақты әрі сенімді белдесулері оған Сурдлимпиада ойындарының күміс жүлдегер атануына мүмкіндік берді.
Бұл – Түркістан тарихында Бекзат Саттархановтан кейін төрт жылдықтың басты спорт бәсекесінен жүлде әкелген екінші спортшы.
Қазақстандық дзюдошылардың бұл жетістіктері ел спортындағы үлкен жеңістердің бастауы болмақ.
Сабақ кестесі 