Өнертабыстар мен пайдалы үлгілерге құқықтық қорғау: ұлттық заңнама және өзекті мәселелер
Өнертабыстар мен пайдалы үлгілерге құқықтық қорғау: ұлттық заңнама және өзекті мәселелер
Бүгін университетіміздің кентау қаласында орналасқан инженерия факультетінде «Қазақстан Республикасындағы өнертабыстар мен пайдалы үлгілерге құқықтық қорғау көрсету жөніндегі заңнамалық негіздер» тақырыбында тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесіп мазмұнды семинар өтті. Іс-шараның басты мақсаты — инновациялық қызметті дамыту, зияткерлік меншікті қорғаудың маңыздылығын арттыру және ұлттық заңнаманың өзекті тұстарын талқылау болды.
Семинар барысында қатысушыларға өнертабыстар мен пайдалы үлгілерге құқықтық қорғау тетіктері, патенттік жүйенің ерекшеліктері және қазіргі таңдағы құқықтық реттеудің жаңашыл бағыттары туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Спикерлер:
Оразбаева Орынкүл, патент үйлестірушісі, «Өнертабыстар мен пайдалы үлгілерге құқықтық қорғау мәселелері» тақырыбында сөз сөйлеп, ұлттық заңнама талаптары мен патенттеу рәсімдерінің өзекті қырларын түсіндірді.
Турсунходжаева Шахзода, Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, «Инновациялар және зияткерлік меншік: тұрақты даму мақсаттарына жетудегі рөлі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, инновациялық ойлау мен тұрақты даму ұстанымдарының өзара байланысына ерекше назар аударды.
Семинар аясында қатысушылар патентті қалай алу керектігі, оның рәсімдеу жолдары, қажетті құжаттар және тіркеу процесінің кезеңдері туралы толық ақпарат алды. Сонымен қатар, зияткерлік меншік нысандарын қорғауға қатысты нақты практикалық сұрақтар қойылып, кәсіби мамандардан жан-жақты жауаптар алынды.
Іс-шараның нәтижесінде қатысушылар инновациялық ойларды жүзеге асыруда зияткерлік меншікті қорғаудың стратегиялық маңызы зор екендігін атап өтті. Мұндай кездесулер еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға, отандық өнертапқыштарды қолдауға және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.