Хабарландырулар

shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ АБАЙ ІЛІМІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

Университетіміздің Мәдениет орталығының кіші залында Теология факультетінің ұйымдастыруымен «Абайдың Толық адам ілімінің тағылымы мен түйіні қандай?» атты семинар өтті.

Шараны Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері вице-ректоры Еділ Төлегенов ашып, Абай ілімінің жастар тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. Теология факультетінің деканы Сұлтанмұрат Абжалов бұл ілімді қазіргі қоғамда қалай қолдануға болатыны туралы ой қозғап, семинардың мәні мен маңызын түсіндіріп берді. Сонымен қатар, Теология факультетінің PhD оқытушысы Мұхит Төлегенов сөз алып, Абай ілімінің философиялық және адамгершілік қырларына тереңірек үңілді.

Семинар барысында қатысушылар Абайдың өлеңдері негізінде түсірілген бейнебаянды тамашалап, қазақ ойшылының шығармашылығына жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік алды. Теология факультетінің студенттері дайындаған «Жан-жүректің дауасы – Абайдың асыл мұрасы» атты сахналық қойылымда жастар қазіргі таңда жиі кездесетін өмірлік мәселелер және олардың шешім жолдарын сипаттады. 

Қойылымнан кейін білімгерлер Абайдың мән-мағынаға толы өлеңдерін жатқа оқып, ақын мұрасына деген құрметін көрсетті.

Семинар аясында PhD оқытушы Мұхит Төлегенов «Абай ілімі – адам танудың кілті» тақырыбында баяндама жасап, ойшылдың шығармаларындағы адамгершілік ұстанымдарына тоқталды. 

Шара соңында студенттер арасында интеллектуалды квиз ұйымдастырылып, белсенділік танытып, сұрақтарға дұрыс жауап берген қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.

Бұл семинар Абай мұрасының маңыздылығын айқындап, жастарға ой салатын мазмұнды кездесу болды.