shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

ӨКІЛЕТТІ КЕҢЕСТІҢ 77-МӘЖІЛІСІ: УНИВЕРСИТЕТ ТАЛАПКЕРЛЕР ҮШІН ҚОСЫМША 50 ГРАНТ БӨЛДІ

Бүгін Астана қаласында университетіміздің Өкілетті Кеңесінің 77-мәжілісі өтті. Жиында өткен оқу жылының қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңнің негізгі басымдықтары айқындалды. Ұсыныс-пікірлер тыңдалып, маңызды шешімдер қабылданды. Ең бастысы, Өкілетті Кеңес мүшелері көктемде су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің абитуриенттері үшін қосымша 50 білім грантын бөлуге келісті.
 
Іс-шараға Өкілетті Кеңес Төрағасы, профессор Мухиттин Шимшек, Түркия Президенті Кеңсесінің баспасөз хатшысы Ибрахим Калын, Түркияның Мәдениет және туризм вице-министрі Сердар Чам, Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Талғат Ешенкулов, Қазақстан Парламенті Сенатының депатуты, профессор Дархан Қыдырәлі, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, университет ректоры Жанар Темірбекова, Қазақстанның Қаржы министрлігі Әлеуметтік сала бюджеті департаментінің директоры Жанар Алдасугурова және БАҚ өкілдері қатысты.
 
Мәжілістің алғысөзін университетіміздің Өкілетті Кеңес Төрағасы, профессор Мухиттин Шимшек бастап, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
 
“Өкілетті Кеңестің 77-отырысының ерекшелігі – Turk Time аясында өтуі. Бұл бастаманың түркітілдес елдердің бірлігін артыратыны сөзсіз. Себебі ол мәдениеттерімізді, тарихымыз бен дәстүрлерімізді дамытуға мүмкіндік береді. Қазақстан мен Түркия басшылары бірін бірі бауыр дейді”, - деді Мухиттин Шимшек.
 
Сондай-ақ, төраға Өкілетті Кеңестің жаңа мүшелерін таныстырды.
 
Жаңадан мүшелікке тағайындалған Қазақстан Парламенті Сенатының депатуты, профессор Дархан Қыдырәлі, Қазақстанның Қаржы министрлігі Әлеуметтік сала бюджеті департаментінің директоры Жанар Алдасугурова өздеріне жүктелген жауапкершілікті жоғары сезінетінін атап өтті.
 
“Ахмет Ясауи университетінің Өкілетті Кеңес мүшелігі мен үшін өте қымбат. Бұл жай ғана оқу орны емес, тәуелсіздік жылдарында құрылған университет — түркі әлемі интеграциясының негізгі іргетастарының бірі. Сондықтан, тарихи оқу орнына қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе”, - деді Дархан Қыдырәлі.
 
Өкілетті Кеңес мәжілісінде, ең алдымен, соңғы(76-шы мәжіліс) басқосудан кейін ректорат тарапынан атқарылған жұмыстар есебі тыңдалды. 2024-2025 оқу жылы күндізгі оқу түрі бакалавриат, магистратура бағдарламасына қабылданатын студенттер контингенті мен квота орындарының үлестірілу мәселелері қаралды. Атап айтар болсақ, Ахмет Ясауи университетіне құрылған күннен бері Түркия Республикасы тарапынан дәстүрлі түрде 500 түрік квотасы бөлінеді. Қазақстандық талапкерлерге жыл сайын үлестірілетін бұл квота — мемлекеттік грантқа іліне алмай қалған талапкерлер үшін керемет мүмкіндік. Осы мүмкіндікті пайдаланып, игілігін көрген мыңдаған жас бүгінде білікті маман атанып, алғысын айтып келеді.
 
Сондай-ақ, оқу орны жыл сайын студенттердің әлеуметтік жағдайына байланысты оқу ақысына 25-100% аралығында жеңілдіктер ұсынады. Биыл олардың қатарынан еліміздегі су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің талапкерлері де қосылды. Ахмет Ясауи университеті олар үшін қосымша 50 грант бөлуге шешім қабылдады.
 
“Сел апатында зардап шеккен аймақтарға арнайы квота бөлініп отыр. Мұның барлығы осы бауырлас елдерге ортақ оқу орнының еліміздегі жағдайларға бей-жай қарамайтынын көрсетеді. Жалпы қазақ-түрік университеті біздің интеграцияның бастауында тұр деп айтуға болады”, - деді Қазақстан Парламенті Сенатының депатуты Дархан Қыдырәлі.
 
Мәжілісте күн тәртібіндегі осы және өзге де маңызды мәселелер талқыланып, ортақ шешімдер қабылданды.
 
Ақпарат үшін:
Ахмет Ясауи университеті — Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығы негізінде ашылған түркі әлеміндегі бірегей оқу ордасы. Ал университеттің Өкілетті Кеңесі – ортақ мекеме, ортақ басқару ұстанымын басшылыққа ала отырып, университетті басқаруда әкімшілік, қаржылық және академиялық әдістер мен негіздерді белгілеу құзіретіне ие, университеттің заңды тұлғалық мәртебесіне өкілдік ететін ең жоғарғы шешім қабылдаушы орган. Өкілетті Кеңес құрамына 10 адам мүше болады. Қазақстан және Түркия Республикаларының Үкіметтерінің әрқайсысы 5 мүшеден тағайындайды, кандидаттар бауырлас елдердің жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлері арасынан бекітіледі. Өкілетті Кеңес мүшелері жылына ең кемі екі рет басқосып, оқу орнының жалпы қызметі мен болашағына қатысты мәжіліс өткізеді.