shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

УНИВЕРСИТЕТ БАСШЫЛЫҒЫ МЕН ҰЖЫМЫ АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ АЛҒЫС ХАТЫМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Атырау облысының әкімі су тасқыны кезінде қол ұшын созып, қолдау көрсеткен университетіміздің Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек пен ректор Жанар Темірбековаға және оқу орда ұжымын Алғыс хатпен марапаттады.

Қуанышты хабарды Х.Досмұхаммедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов жеткізді. Ол:

 «Қиын күндерде ең алғашқы болып, телефон арқылы байланысып, көмегін ұсынған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұжымына және Басқарма Төрағасы – Ректор Жанар Амангелдіқызы Темірбековаға, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек мырзаға зор ризашылық білдіремін»,- деді.

Естеріңізге сала кетейік, көктемде су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге еліміздің жоғары оқу орындары белсенді көмек қолын созды. Осы ретте, университетіміздің ұжымы мен студенттері де қиын жағдайға тап болған отандастарымызға жан-жақты қолдау көрсеткен еді.  

Оқу орнымыздың 500-ге жуық оқытушысы мен қызметкері бір күндік жалақысын қайырымдылыққа аударып, 4 млн теңгеден астам қаражат жинады. Ал Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек түркиялық бауырлардың атынан қосымша 3 млн теңге қаражат жіберді.  «Актерлік өнер» мамандығының 2 курс студенттері арнайы қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» атты қойылымды сахналады. Билет сатылымынан түскен қаржыны материалдық көмекке аударды.

Су тасқыны қаупі жоғары болған сәуір айында Жайық өзенінің суы тасып, Атырауда шұғыл түрде бөгеттер мен дамбы жасау жұмыстары басталды. Университет басшылығының және ұжымның шешімімен жиналған барлық қаражат Атырау облысына қажетті заттарды сатып алуға жұмсалды.

Нәтижесінде,  университетіміздің атынан 6 тонна көлемінде құрылыс-шаруашылық заттары сатып алынып, жүк көлігімен Атырау облысына жөнелтілді. Бұл көмек алыстағы ағайынға деген оқу ордамыздың ұжымы мен студенттерінің ыстық ықыласы мен ақ тілегінің көрінісі еді. Алдағы уақытта еліміз бен жеріміз табиғи апаттардан амал болсын деп тілейміз!