«ҒЫЛЫМДАҒЫ ӘЙЕЛДЕРДІҢ БОЛАШАҒЫН ҚҰРУ» АТТЫ ДИСКУССИЯЛЫҚ АЛАҢ ӨТТІ
Іс-шараға Мәслихат депутаттары, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері, профессорлар құрамы, ғылыми қызметкерлер мен докторанттар, жас ғалымдар қатысты.
Айта кетейік, 2015 жылы Біріккен Ұлттар ұйымы 11-ақпан – Ғылымдағы әйелдер мен қыз балалардың халықаралық күні деп жариялады. Бұл қадам әйелдер мен қыз балалардың ғылымға толық және тең қол жеткізуіне және олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге, сонымен қатар, ғалым әйелдерге демеу көрсетуге, олардың ғылым мен техника салаларындағы ғылыми-зерттеу қызметіне қатысуын қолдауға бағытталған.
Ал, дискуссиялық алаңның мақсаты – университеттің ғылыми-зерттеу қызметімен белсенді айналысып жүрген әйелдер қауымының тәжірибесін кеңінен насихаттау. Әйелдердің ғылымға араласуындағы белсенділігін арттыру жолдарын талқылау.
Жиында сөз бастаған университет ректоры Жанар Темірбекова: «11 ақпан – Ғылымдағы әйелдер мен қыздар күні құтты болсын!
Соңғы жылдары әйелдер қауымы ғылым мен техника саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға белсене қатысып, нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Оқу ордамыздағы әйелдер мен қыз балалардың ғылымға толық қол жеткізуіне және олардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге мүмкіндіктер жасалған.
Жалпы 2024 жылы университетімізде 36 жоба жүргізілсе, оның ішінде 12 жобаны әйел ғалымдарымыз өте жоғары деңгейде жүзеге асырды. Ал, бұл жобаларда 282 зерттеуші болса, оның қатарында 107 әйел ғалым бар. Жас ғалымдарымызға тоқталар болсақ, 295 магистрантымыздың 202-сі, 89 докторанттың 52-сі нәзік жанды жас ғалым құрайды»,-деді.
Келесі кезекте, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшының орынбасары, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Әйелдер қанатының» Әйелдердің саяси көшбасшылығын қолдау бағытының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева:
«Бүгін күн,бұл жиын ерекше деп есептеймін! Қоғамда әйел затының орны бөлек. Әйел – үйдің ұйытқысы, жылулықтың белгісі, ол – ана. Осыдан бір жыл бұрын, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Әйелдер қанаты» құрылған еді. Сол уақыттан бері, әйелдердің қоғамдағы саяси мәселелерде көшбасшылық етуі, олардың қоғамдағы рөлін арттыру мен барлық мәселелерге белсене араласуы бойынша түрлі бағытта жұмыс істеудеміз.
Қазіргі таңда Түркістан облысы көлемінде 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 мыңға жуығына әйел азаматтар басшылық етеді. Ал, облыстағы іс басында жүрген 5659 мемлекеттік қызметшінің 26,9%-ын нәзік жандар құрайды. Олардың 15%-ы басшылық лауазымды атқарады»,-деді.
Дискуссиялық алаңда: «Шыны төбе» сенімдері: Жоғары білімде қазақ әйелдері, Қазақстандағы ғылымды дамыту, Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарда әйелдердің рөлі, Денсаулық сақтау және жаратылыстану ғылымдарында айел ғалымдар, Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мүмкіндіктері тақырыптарында талқылау жүрді.
Алаңдағы маңызды мәселелерді көтерген нәзік жандар қатарында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Айнұр Идрисова, Халықаралық туризм және меймандостық университеті, Туризм кафедрасының доценті Мадина Абдикаримова және оқу ордамыздың дамуы жолында қызмет етіп жүрген Лазура Қазыханқызы, Зиеда Халматова сынды өзге де ғалымдарымыз бар.
Маңызды жиын нәтижесінде Қазақстан жоғары оқу орындарында «шыны төбе» сенімдерінің аспектілерін жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ, еліміздегі ғылымды дамыту: инновациялар мен зерттеулерде әйелдердің үлесін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу мен әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар, денсаулық сақтау және жаратылыстану ғылымдарында әйелдердің рөлін арттыру жолдары қарастырылды. Әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін арттыру бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар әзірлеу жайлы ой қозғалды.