shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

УНИВЕРСИТЕТІМІЗГЕ ТҮРКИЯНЫҢ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ХАТШЫСЫ КЕЛДІ

Бүгін халықаралық оқу орнымызға Түркияның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сейфуллаһ Хажымүфтүоғлу бастаған делегация арнайы келді.

Құрметті қонақтарды оқу орнымыздың ректоры Жанар Темірбекова, ректор өкілі м.а. Нажи Генч және университет ұжымы «Атамекен» ұлттық ансамблімен бірге салтанатты түрде қарсы алды. 

Түркияның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сейфуллаһ Хажымүфтүоғлу, ең алдымен, университет басшыларымен кездесті. Кездесуде ректор Жанар Темірбекова оқу орнымыздың қызметі, жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, тараптар Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығын дамыту мақсатында академиялық және ғылыми байланысты арттыру мүмкіндіктерін талқылады.

Бұдан әрі, құрметті қонақтар университетіміздің «Түрік әлемінің тарихи панорамалық» мұражайын аралап, Сейфуллаһ Хажымүфтүоғлу лебіздер кітабына қолтаңбасын қалдырды.

Сондай-ақ, Түркияның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттермен кездесті. Жиында алғашқы сөз кезегін алған Сейфуллаһ Хажымүфтүоғлу қасиетті Түркістан қаласына, оның ішінде түркі халықтарының рухани ұстазы, пір Қожа Ахмет Ясауидің есімі берілген, Қазақстан мен Түркияның берік достығының үлгісі болған университетке келгеніне қуанышты екенін атап өтті. Кеңес хатшысы жиналған қауыммен еркін тақырыпта сөйлесіп, ортақ пікір алмасуға ұсыныс білдіріп, кез келген сұраққа ашық екенін айтты.

Бұл бастаманы ұжым және студенттер бірауыздан қолдап, көкейдегі сауалдарын қойды. Атап айтар болсақ, басқосуда Түркістанның түркі әлемі үшін маңызы, Ахмет Ясауидің ілімі, Ұлттық қауіпсіздік меселелері барысында Қазақстан мен Түркия арасында жасалып жатқан келісімдер, Түркиянын ішкі қауіпсіздігі, Түркі мемлекеттері қауіпсіздік хатшыларымен бірге технологиялық әлеуетті дамыту және өзге де сан саладағы байланысты нығайту мәселелері, елдер арасындағы ортақ жобалар сынды әртүрлі тақырыптар сөз болды.

Кездесу соңында Түркияның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сейфуллаһ Хажымүфтүоғлу университет ұжымы мен студенттеріне қонақжайлылық үшін алғысын айтты. Сондай-ақ, оқу орны басшылығы қонақтарға құрмет көрсетіп, естелік сыйлықтар тарту етті.