shape
shape

Іс-шаралар

Blog Image

«Сағынышым Рамазан» атты тағылымы мол рухани-тәрбиелік кеш

5 наурыз күні Теология факультетінің білім алушыларының ұйымдастыруымен «Сағынышым Рамазан» атты тағылымы мол рухани-тәрбиелік кеш жоғары деңгейде өтті.

Кеш қасиетті Құран Кәрімнің оқылуымен басталып, зал ішін ерекше рухани атмосфераға бөледі.

Іс-шараны университеттің вице-ректоры Төлегенов Еділ Мейірбекұлы салтанатты түрде ашып, қасиетті Рамазан айының мұсылман өміріндегі орны мен рухани маңызына тоқталды. Ол Рамазанның адамды сабыр мен ізгілікке тәрбиелейтін ерекше ай екенін атап өтіп, білім алушыларға жүрекжарды тілегін білдіріп, білім жолында табыс пен сәттілік тіледі.

Келесі сөз Теология факультетінің деканы Абжалов Сұлтанмұрат Өтешұлына берілді. Ол өз сөзінде Рамазан айының тәрбиелік мәні мен ғибратқа толы қырларын кеңінен түсіндіріп, студент жастарға білім мен ізденіс жолында биік белестерді бағындырып, ел игілігіне қызмет ететін тұлға болып қалыптасуларына тілектестік білдірді.

Кеш барысында студенттер өз өнерлерін ортаға салып, көрермен қауымға ерекше әсер сыйлады. Сахна төрінде алдымен Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтері әсерлі әуезбен орындалып, рухани тағылымға толы сәттер сыйлады. Одан кейін өнерлі жастардың орындауында ұлттық өнеріміздің асыл мұрасы – күй күмбірлеп, кештің мазмұнын одан әрі байыта түсті.

Сонымен қатар кеш аясында қатысушылар арасында қызықты сұрақтар қойылып, интеллектуалдық білім сайысы ұйымдастырылды. Сайыс нәтижесінде үздік өнер көрсеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен марапатталды. Марапаттарды Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының директоры Сайфунов Бауыржан табыстады.

Кеш бағдарламасы аясында тәрбиелік мәні терең сахналық қойылым ұсынылып, көрермендерге үлкен әсер қалдырды. Рухани мазмұнға толы іс-шара «Сағынышым Рамазан» атты әсерлі әуенмен қорытындыланды.

Қорытынды сөзді профессор Авжы Жасым мырза сөйлеп, қасиетті Рамазан айында мұсылман баласының жауапкершілігі, сондай-ақ ілім жолындағы білім алушының міндеті туралы тағылымды ойларымен бөлісті. Сонымен қатар елімізге тыныштық, студент жастарға табыс пен береке тіледі.

Осындай мазмұнды рухани кеш қатысушылардың жүрегінде ерекше әсер қалдырып, қасиетті Рамазан айының қадір-қасиетін терең сезінуге мүмкіндік берді.