АХМЕТ ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫН ІСКЕ ҚОСТЫ
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің арнайы гранттық жобасы аясында бастапқыда 10 кВт күн электр станциясын орнату жоспарланған. Алайда, университет басшылығы білім беру мен ғылым саласын ұштастыру бағытындағы іргелі жобаға қосымша қаржы бөліп, нәтижесінде университет автотұрағында қуаты жоғары күн панелі орнатылды.
Күн электр станциясы инженерлік-техникалық бағыттағы болашақ мамандарды даярлау үдерісіне елеулі үлес қоспақ. Білім алушылар күн панельдерінің өнімділігін өлшеу, инсоляция бұрышының әсерін зерттеу, жылу мен шаңданудың ықпалын талдау сияқты оқу-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, студенттерге панельдердің орналасуын оңтайландыру, тиімді түрлендіргіштерді пайдалану, аккумуляция жүйелерін интеграциялау, күн энергетикасын физика, инженерия және экология сабақтарына енгізу арқылы жобалық және зертханалық жұмыстарды ұйымдастыру мүмкіндігі беріледі. Бұған қоса, экономикалық және экологиялық талдау жүргізу мен цифрлық басқару жүйелерінде жұмыс істеуге дағдыланады.
Жас зерттеушілер күн электр станциясының жұмысын бақылау және басқару үшін SolarMan SMART платформасын қолдана алады. Бұл жүйе инвертордың жұмыс көрсеткіштерін онлайн режимде қадағалауға, деректерді талдауға, ақауларды анықтауға және қашықтан басқаруға мүмкіндік береді. SolarMan SMART сервері арқылы нақты уақыттағы өнімділік, өндірілген және тұтынылған энергия көлемі, жүйенің тиімділігі туралы толық ақпарат алуға болады.
Күн электр станциясының басты артықшылықтарының бірі – кампустың энергетикалық тәуелсіздігін арттыру және экологиялық таза энергия көздерін қолдану. Мұндай жобалар студенттердің зерттеу дағдыларын дамытуға, теориялық білімді нақты практикалық қолданумен байланыстыруға және жаңартылатын энергия көздерінің маңыздылығын түсінуге ықпал етеді.
Ахмет Ясауи университетінің ғалымдары бұл жоба еліміздегі жоғары оқу орындарында жасыл энергетика мен тұрақты даму қағидаттарын енгізудің жарқын үлгісі болады деп сенеді.