«ТҮРКІ ӘЛЕМІ: САЙЛАУ ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ ДӘСТҮРІ, ТӘЖІРИБЕСІ ЖӘНЕ ДАМУ БОЛАШАҒЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
Іс-шараға ТМҰ мүше мемлекеттер – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және ТМҰ бақылаушы мемлекет – Мажарстанның орталық сайлау органдарының, сондай-ақ 4 беделді халықаралық ұйым – ТМҰ, Сайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығы (A-WEB), Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА), Түркі академиясының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ ТМҰ елдерінің ғалымдары, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сараптамалық кеңестің мүшелері, облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.
Конференцияға қатысушылар ең алдымен «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығы» көрмесін тамашалады.
Ашылу рәсімінде сөз алған Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров: «Осы конференцияны ұйымдастыруға атсалысқан Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім, сондай-ақ Сыртқы істер министрліктеріне, Түркістан облысының әкімдігіне және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетіне алғысымызды білдіреміз.
Бүгін таңертең Түркістан қаласында тағы бір тарихи сәт орын алды — біз Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасы туралы Ережеге қол қою рәсімін өткіздік»,-деді.
Келесі кезекте, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Ал, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаевтің құттықтау хатын ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі жеткізді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің спикері Ерлан Қошановтың құттықтауын оқыды.
Іс-шарада сөз кезегін алған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек:
«Президентіміздің тапсырмасымен осындай керемет, халықаралық деңгейдегі конференцияны ұйымдастыруға бірден атсалыстық. Киелі Түркістанның төрінде түркі әлемінің рухани астанасына қош келдіңіздер!
Түркі елдері өзара тәжірибе алмасуы өте маңызды мәселе. Бүгінгі платформа арқылы, әсіресе жас ғалымдарды жаңа зерттеулер жүргізуге, жаңа бағыттар ашуға шақырамыз! Түркі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас нығая түсті. Осы ынтымақтасты жоғалтпай, одан әрі нығайтуға тиіспіз!»,-деді.
Жиында шетелдік қонақтар: ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев, сондай-ақ Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның орталық сайлау органдарының басшылары құттықтау сөз сөйледі.
Салтанатты ашылу рәсімінен соң жиналған қонақтар университет ауласында ағаш екті. Бұл түркі мемлекеттерінің ынтымақтастық тамырының тереңдей түсуіне сеп болған, ерекше іс болды.
Конференция аясында «Түркі қауымдастығындағы сайлау дәстүрлері» және «Түркі мемлекеттерінің сайлау жүйелерін талдау: Жетістіктері мен болашағы» атты 2 секциялық отырыс өтті.
Іс-шараның қорытынды жиынында сөз сөйлеген ректор Жанар Темірбекова: «2023 жылы Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының Х Саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Еліміздің ұйымға төрағалығы кезеңінің «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетінін мәлімдеген еді. Ал біздің халықаралық университетіміз алғашқы құрылған сәттен бастап осы миссияға қызмет етіп келеді.
Соның бір дәлелі, тек 2024-2025 жылдары осы TURKTİME идеясы аясында университетімізде 10-нан астам ауқымды халықаралық конференциялар мен жиындар өткізіліп, оған 30 елден 2500 ғалым келіп қатысты. Бүгін де Түркі әлемі мемлекеттерінің ынтымақтастығын арттыруға негізделген тағы бар маңызды жиын біздің оқу орнымызда өтіп жатқанына қуаныштымыз. Халықаралық университетімізге арнайы келіп, осы бір басқосуда бізбен бірге болғандарыңыз үшін 10 мың студенті 2000-нан астам қызметкері бар үлкен ұжымның атынан және өз атымнан шексіз алғысымды білдіремін!»,-деді.
Конференция жұмысының қорытындысы бойынша қабылданған Түркістан қарарында қатысушылар демократиялық институттар мен сайлау процестерін одан әрі нығайтуға деген жалпы бейімділігін баса көрсете отырып, конференция барлық ТМҰ мүше мемлекеттердің ғалымдары мен сарапшыларын сайлау жүйелерін жетілдірудің және оларға азаматтардың сенімін арттырудың өзекті мәселелерін талқылауға тартуға және олардың кеңінен қатысуына жаңа серпін беретінін атап өтті.
Сондай-ақ, конференцияға қатысушылар ТМҰ мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарға сайлау процестері саласында бірлескен ғылыми зерттеулер мен ғылыми-практикалық конференциялар өткізуге қолдау көрсетуді ұсынды. Айта кетейік, конференция материалдары қазақ және ағылшын тілдерінде жинақ түрінде жарияланады.
Күн соңында шетелден келген қонақтар мен еліміздің әр өңірінен келген студенттер «Қорқыт туралы аңыз» спектаклін тамашалады.