shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

Дарынды режиссерлер құрамындағы Арман Нұрмахаматұлы Ахмет Ясауи университетінің түлегі!

Дарынды режиссерлер құрамындағы Арман Нұрмахаматұлы – Ахмет Ясауи университетінің түлегі!
Осы апта ішінде ұлы дала төсін мекен еткен көшпелілер өркениеті, тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрі, ең бастысы, ұлттық ойындары ерекше ұлықталатыны сөзсіз.
Себебі, белгілі. Дархан даламызда дүбірлеп өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ата-баба ізін жалғап, дәстүрді берік ұстанған сайыпқырандарды бір ортаға жинады. Бүгінде байрақты бәсекенің бел ортасына да келдік. Биылғы доданың ауқымы кең екенін барлығы жарыса жазып жатыр. Бұл – Қазақстанның әлемдік аренадағы мәртебесінің нәтижесі екені хақ.
Еліміздің абыройын асқақтатқан тағы бір нәрсе – Ашылу салтанатының жоғары дәрежеде ұйымдастырылуы.
Ұйымдастырушылар керемет композицияларды құрастырып, көрермендердің көзіне қуаныш, ал отандастарымыздың кеудесіне мақтаныш сезімін ұялатты. Сахнада өнерпаздар жаһанның, жердің жаралуын көрсете отырып, көшпелі халықтардың өркениетке қосқан үлесін суреттеді. Ежелгі Сақ пен Ғұн империясынан бастап, бертін келе Алтын Орданы, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі аралықты көркем жеткізе білді. Әр бөлімдегі өнерпаздардың киімі де шебер жасалған.
Ал, өзіме ең ұнаған тұсы – табиғатты аялауды, Жер-Ананы қастерлеуді насихаттаған сәт. Жалпы, салттанатты жиын ән-биден құралған думанды кеш қана емес, мағынасы мен тұспалды ойлары жағынан ғажап дүние болды.
Одан да кереметі бар. Ол не дейсіз бе? Жұрт аузында жүрген, әлеуметтік желілерде трендке айналған, 3000 әртісті бір ортаға жинаған Ашылу салтанатыны толықтай – отандық режиссерлердің еңбегі. Ұшқыр қиял, креатив, әрбір детальді ашып көрсете білу, туындылардың өзара байланысы, бәрі, бәрі де кәсіби түрде ойластырылған. Осы сәтте, режиссерлер Ринат Гайсин, Arman Nurmakhamatuly , Саян Мырза, Қуаныш Төлегенге және олармен бұл керемет кешті дайындаған барша хореографтарға, композиторларға, жазушылар мен ақындарымызға, сценографтарға, сценаристерге, костюмерлер пен суретшілерге, декораторларға, реквизиторларға және каскадёрларға
Қазақстан азаматы ретінде шынайы алғысымды білдіргім келеді. Жауапкершілігі жоғары шараны абыроймен атқарып шықтыңыздар.
Әдетте, мұндай халықаралық маңызы зор шараға шетелден білікті мамандарды шақыру тәжірибесі қолданылады ғой. Бірақ, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қазақстандық мамандардың да бәсі биік екенін көрсетіп берді.
Дарынды режиссерлер құрамындағы Арман Нұрмахаматұлы – Ахмет Ясауи университетінің түлегі екенін атап өтпеске болмас. Түлегіміздің осындай үлкен дәрежедегі іс-шараның авторлары қатарында болуы – біз үшін мақтаныш!
Айта кетерлігі, түлегіміз Арман Нұрмахаматұлы мен Қуаныш Төлеген 2021 жылы қасиетті Түркістанның топырағында өткен XI жазғы Универсиаданың да ашылу салтанатын ұйымдастырған еді. Сол кезде де олардың шеберлігіне тәнті болғанбыз.
Сондай-ақ, әлемнің 90-ға жуық елінен қатысып жатқан 2500-ден астам спортшының арасында оқу орнымыздың студенттері де ел намысын қорғап жатқанын айта кетейін. Күні кеше студентіміз Жұмажан Қожамбеков пен түлегіміз Айжан Жылқыбаева қазақ күресінен өткен тартысты бәсекеде бозкілемде қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Осылайша, Қазақстан қоржынына қос алтынды салды. Жеңімпаздарымыздың жүлдесі баршамызға құтты болсын!
Десе де, бұл жеңістің соңы емес, шәкірттерімізден әлі де жүлде күтеміз! Жарыс жолындағы спортшыларға сәттілік тілейміз!