Хабарландырулар

shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

СТАМБҰЛДА ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЛЕБІ ЕСТІ

 

БҰҰ-ның 15 желтоқсанды Түркі тілдерінің дүниежүзілік күні деп жариялауына және Қазақстан Тәуелсіздігінің 34 жылдығына орай Kam-Us баспасы Стамбұл қаласында бірқатар іс-шаралар өткізді. Рами кітапханасының ұйымдастыруымен өткен бағдарламада қазақ әдебиетінен панельдік отырыс, сұхбат, қазақ халық музыкасының концерті және фильм көрсетілімі арқылы қатысушыларға таныстырылды.

Ашылу рәсімінде Kam-Us баспасының бас редакторы, университетіміздің түлегі Айдемир Гүлтекин сөз сөйлеп былай деді:
«Қазақ әдебиеті – тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі дүниесінің мәдени қазынасы. Бұл әдебиет Мұхтар мен Абайдан, одан бұрын Ахмет Ясауиден, одан да ертерек Тоныкөктен бастау алатын, ғасырлар бойы ауызша дәстүрден жазба мәдениетке ұласқан терең мұраны қамтиды. Сондықтан біз бұл әдебиет пен өнердің Түркияда көбірек танылып, кеңінен таралуына күш салып келеміз. Мұндай ауқымды шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Осы және осыған ұқсас бағдарламалар арқылы түрік жастарының қазақ әдебиетін жақыннан тануын қаладық. Бұл мұраның танылуы мен талқылануы екі ел арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі нығайта түседі»-деді.
Іс-шара иесі ретінде Рами кітапханасының директоры Али Челик сөз алып: «Рами кітапханасы тек оқу орны ғана емес, түркі дүниесінің ортақ тілі, ортақ жады мен мәдени мұрасының тоғысатын орталығы» екенін атап өтті. Ол қазақ әдебиетінің түркі дүниесі әдебиеттері ішіндегі берік әрі айрықша орнына назар аударып, мұндай іс-шаралардың ортақ мәдени байланыстарды нығайтарына сенім білдірді..

Бағдарламаға Қазақстан атынан қатысқан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Әлия Іңкәрбек пен академик Динара Қожабаева Алматыдағы Мұхтар Әуезов кітапханасының директоры Мейрам Бектембаевтың осы шараға арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып, Қазақстаннан арнайы әкелінген сыйлықтарын табыс етті.

Бағдарлама аясында ұйымдастырылған панельдік отырыста қазақ ғалымы, PhD доктор Ораз Сапашев пен Қазақстанның «Еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегері, аудармашы доктор Ашур Өздемир баяндама жасады. 

«Қазақ әдебиетінің өткені, бүгіні, ертеңі» атты панельде әсіресе Алаш әдебиетіне ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар көрнекті қазақ жазушысы, марқұм Дулат Исабековтің шығармалары жөнінде де сөз қозғалды. Панельден кейін домбыра шебері университетіміздің түлегі Седат Солакоғлу мен оның әріптестерінің орындауында Қазақ халық музыкасының концерті өтті.

Қазақ әдебиеті күні бағдарламасының құрметті қонағы ретінде көрнекті жазушы Дулат Исабековтің ұлы Естияр Исабеков те қатысты. Сондай-ақ жазушының «Тіршілік» атты кітабының лентасы қонақтардың қатысуымен салтанатты түрде қиылды. Лента қию рәсімінен кейін «Әкем, ұстазым – Дулат Исабеков» атты сұхбат өтті. Естияр Исабеков Дулат Исабеков сынды әкеге ие болғанын зор мақтаныш санайтынын және атақты адамның баласы болудың ешқашан қиындық тудырмағанын атап өтті.

Іс-шара аясында Kam-Us баспасы тарапынан жарық көрген қазақ әдебиетіне қатысты басылымдар мен дәстүрлі бұйымдар қойылған көрме ұйымдастырылып, келушілер назарына ұсынылды. Көрмеде қазақ әдебиеті мен мәдениетіне арналған кітаптар, журналдар және дәстүрлі нақыштағы заттар қойылып, қатысушылар қазақ мәдениетімен жақыннан танысу мүмкіндігіне ие болды.

Бағдарламаға Kazak Eli журналының бас редакторы Ертоқұл Гайнетулла, Қазақ түріктері білім беру және зерттеу қауымдастығының (KATEAD) бас хатшысы Байрам Атач, Томирис Хатун халықаралық Түркі дүниесі мәдениет, өнер және білім беру қауымдастығының төрайымы Анара Байжанова, Bir Şey Yap қауымдастығынан Фунда Е. Өзқара, Еюпсултан муниципалитетінің мәдениет және әлеуметтік істер басқармасының басшысы Сема Інжі, шетелде тұратын қазақ диаспорасының белгілі өкілдерінің бірі Бешір Жаналтей, Қазақстанның Стамбұлдағы тұңғыш бас консулы Ержан Уяис, Martı Film компаниясының режиссері А. Айкут Яйла, көптеген шақырылған қонақтар мен Стамбұлда тұратын қазақ текті азаматтар қатысты.

Бағдарлама соңында Дулат Исабековтің шығармасы бойынша түсірілген «Балуан Шолақ» фильмі көрсетіліп, қатысушыларға Kam-Us баспасынан шыққан «Тіршілік» кітабы сыйға тартылды.