Физикадан жоғары жетістік – Бірінші орын біздің студенттерде!
2025 жылдың 22 сәуірінде Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «6В053 - Физика» білім беру бағдарламалары бойынша оқитын студенттер арасында өткізілген XVII Республикалық пәндік олимпиадада білім алушыларымыз жекелей және командалық сында бірінші орынды жеңіп алды.
Қазақстанның бірнеше жоғары оқу орындарының студенттері қатысқан білім сайысында 2 курс студенті Сулейменов Алишер күрделі физикалық есептерді шеберлікпен шешіп 1-орынды иеленсе, 3 курс студенті Абдужаппаров Шукур 2-орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, 3 курс студенті Патчаханов Дияр нағыз алғырлық пен кәсіби даярлықтың үлгісін көрсетіп, жалпы командалық есепте де біздің студенттеріміз топ жарды.
Ғылыми жетекшілік жасаған физика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Раманкулов Шерзод бастаған командадағы әр студент өз жауапкершілігін сезіне отырып, команданың ортақ мақсатына жету жолында белсенділік танытты.
Бұл жеңістің нәтижесінде келесі физика пәні бойынша олимпиаданы біздің университетіміздің қабырғасында өткізу мүмкіндігі беріледі. Алдағы олимпиаданы ұйымдастыру – біз үшін студенттер арасындағы ғылым мен білімді дәріптеу жолындағы маңызды қадамдарымыздың бірі болады деп сенеміз.
Бірлік пен білімнің арқасында алда да биік белестерді бірге бағындырамыз!