shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

«Шәкәрім Құдайбердіұлының ар іліміне негізделген “кемел адам” концепциясы

06.02.2026 ж. «Философия» кафедрасының ТФД-311 тобы мен топ тәлімгері Н. Жаныкуловтың ұйымдастыруымен «Шәкәрім Құдайбердіұлының ар іліміне негізделген “кемел адам” концепциясы» тақырыбында танымдық-шығармашылық интерактивті тәрбие сағаты өтті.
Іс-шараның мақсаты – Шәкәрімнің ар ілімі арқылы кемел адам тұжырымын таныту, білімгерлердің рухани-адамгершілік дүниетанымын кеңейтіп, философиялық ойлау мәдениетін дамыту. Кіріспе сөзінде Н. Жаныкулов Шәкәрімнің рухани мұрасын, ар ұғымының этикалық-метафизикалық мәнін және ардың адам мен Хақ арасындағы рухани байланысты айқындайтын негізгі өлшем екенін атап өтті. Арлы өмір сүру – кемелдікке жетудің басты шарты екендігі түсіндірілді.
Білімгерлер А. Козтаева мен С. Жалымбетқызы ар ілімінің діни, философиялық және моральдық қырларын, кемел адамның негізгі белгілерін ғылыми тұрғыда талдап, пікір алмасу ұйымдастырылды. Сонымен қатар М. Кеңесбек «Шәкәрімнің ар ілімінің қайта жаңғыруы» атты авторлық философиялық монологын оқып, ақыл, жүрек, ғылым мен дін үндестігін, ар соты мен нәпсімен күрес мәселелерін көркем түрде жеткізді.
Интерактивті бөлімде студенттер 3 командаға бөлініп, философиялық ойындар арқылы білімдерін шығармашылық тұрғыда көрсетті. Бұл кезең теориялық білімді практикалық ой қорыту деңгейіне көтеріп, тәрбие сағатының негізгі идеяларын бекітті.
Нәтижесінде іс-шара жоғары деңгейде өтіп, білімгерлер кемел адам концепциясы туралы терең түсінік қалыптастырып, рухани-адамгершілік құндылықтар жөнінде ой түйді. Тәрбие сағаты олардың философиялық ойлауын, шығармашылық белсенділігін арттыруға ықпал етті.