ЖУРНАЛИСТИКА АБЫЗЫ СЕЙДУЛЛА САДЫҚОВТЫҢ 75 ЖАС МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТТІ
Оқу ордамызда белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері, университетіміздегі «Журналистика» кафедрасының негізін қалаушы Сейдулла Садықовтың 75 жасқа толған мерейтойына орай «Ғалым. Журналист. Ұстаз» атты дөңгелек үстел өтті.
Жиынның басты мақсаты — Сейдулла Садықовтың отандық журналистика саласындағы кәсіби және шығармашылық жолын, ғылыми-зерттеу еңбектерін, жоғары білім берудегі ұстаздық қызметі мен білікті мамандарды даярлауға қосқан зор үлесін саралау. Ғалым-ұстаздың өнегелі мектебін кейінгі буынға таныту.
Айтулы шараға облыстың зиялы қауым өкілдері мен ардагерлері, мерейтой иесінің әріптестері, университет ұжымы мен шәкірттері қатысты.
Дөңгелек үстелді Өнер, медиа және дизайн факультеті ұйымдастырды. Басқосуды Сейдулла Садықовтың шәкірті, медиасарапшы Молдияр Ергебеков жүргізді.
Жиында алғашқы болып сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің құттықтауын оқып берді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген «Құрмет» орденін мерейтой иесіне табыстап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.
Сондай-ақ шара барысында Қазақстан Республикасы Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Мәлік Жұмағалиұлы ағайымызға «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісін салтанатты түрде табыс етті.
Университет ректоры Жанар Темірбекова мерейтой иесін құттықтап, оның оқу ордамыздағы журналистика саласының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін атап өтті.
«Құрметті Сейдулла аға! Бүгін сіздің мерейтойыңызға арналған дөңгелек үстелге жиналып отырмыз. Студенттер сізді ерекше жақсы көреді. Себебі сіз – «Адам бол» деген ұстанымды олардың бойына сіңіре білген ұлт жанашырысыз. Біліміңіз бен қайратыңызды білікті мамандар тәрбиелеуге арнадыңыз. 1994 жылы өзге оқу орындарынан түскен шақыртуларға қарамастан, біздің университетті таңдап, журналистика бөлімінің негізін қаладыңыз. Журналистика саласына сүбелі үлес қосып, өңір журналистикасының абызына айналдыңыз. Сізге алғысымыз шексіз. 75 жас мерейтойыңыз құтты болсын!» – деді Жанар Темірбекова.
Ректор өкілі Пейами Баттал өз сөзінде: «Бүгін біз Қазақстан журналистиканың темірқазығына айналған тұлғаның өнегелі жолы мен еңбегіне жөнінде сөз етеміз. Сіз Түркі әлемінің өзекті мәселелерін жіті зерттеп, Ахмет Ясауи университетінің стратегиялық маңызын айшықтаған ғалымсыз. Ұлттық патриотизмді дәріптеп жүрген 120-дан астам ғылыми еңбегіңіз – қоғамымыздың рухани қазынасы. Ал сіз тәрбиелеген мыңдаған шәкірт – ұстаздық еңбегіңіздің жемісі. Сізге мықты денсаулық тілейміз. Ел игілігі мен түркі әлемінің бірлігі жолындағы еңбегіңіз жемісті болсын!» – деді Пейами Баттал.
Басқосу барысында Сейдулла Садықовтың өмір жолы, журналистік қызметі, ғылыми-педагогикалық еңбегі және шәкірттерінің естеліктері арқау болған «Өнегелі өмір. Өшпес із» атты бейнеролик көрсетілді.
Дөңгелек үстелге жиналған қонақтар журналистика абызының азаматтық болмысы, кәсіби жолы мен ұстаздық қасиеті туралы естеліктерін бөлісті.
Баяндамашылар қатарында Сейдулла Садықовтың курстасы, жазушы Қуандық Түменбай, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ғалымның шәкірті Ғалымжан Елшібай және «Қазақстанның Құрметті журналисі», университет оқытушысы Бекжігіт Сердәлі болды.
Олар «Сейдулла Садықовтың журналистика мектебі және шәкірттері», «Сейдулла Садықовтың Түркістан ақпарат кеңістігін қалыптастырудағы тұлғалық қолтаңбасы», «Сейдулла Садықовтың ғылыми-зерттеу мұрасы: журналистика ғылымына қосылған үлес» тақырыптарында баяндама жасады.
Жиын соңында еркін пікір алмасу өтіп, әріптестері, шәкірттері, журналистер мен зиялы қауым өкілдері Сейдулла Садықов туралы жүрекжарды естеліктері мен ізгі лебіздерін білдірді.
Сабақ кестесі
"Журналистпен Жүздесу" 