АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ – ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ АЛАҢЫ
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде 2026–2027 оқу жылына арналған ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында мазмұнды дәрістер мен семинар сабақтары өткізілуде.
Бағдарлама бойынша М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің оқытушылары – филология ғылымдарының кандидаттары, доценттер Танабаева Гүлзира Өміртайқызы, Шойбекова Ақбота Абайқызы және магистр, аға оқытушы Сариева Толқын Қуанышқызы университетіміздің 6В03239 – Журналистика білім беру бағдарламасының студенттеріне арнайы дәріс оқып, семинар сабақтарын өткізді.
Дәрістер барысында журналистика саласындағы заманауи үрдістер, кәсіби шеберлік, ақпараттық материал әзірлеудің ерекшеліктері мен медианың қоғамдағы рөлі талқыланды. Студенттер тәжірибелі мамандардан кәсіби кеңес алып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Сабақтар өзара пікір алмасу, шығармашылық ізденіс және тәжірибелік тапсырмалармен ұштасып, білім алушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Сапар барысында келген қонақтар университеттің Медиа студиясын, мультимедиялық оқу сыныптарын және радиостудиясын аралап, олардың материалдық-техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Заманауи аудио-бейне құрылғылармен жабдықталған студияларда студенттердің телерадио бағдарламаларын әзірлеуіне, бейнематериал түсіруіне, дыбыс жазуына және монтаж жұмыстарын орындауына жасалған жағдайлар көрсетілді. Қонақтар журналист мамандарын тәжірибеге бағыттап даярлауда мұндай шығармашылық алаңдардың маңызы зор екенін атап өтті.
2026 жылғы 19–30 қазан аралығына жоспарланған академиялық ұтқырлық бағдарламасы екі жоғары оқу орны арасындағы ғылыми-педагогикалық байланысты нығайтып, оқытушылардың тәжірибе алмасуына және студенттердің кәсіби білімін тереңдетуіне мүмкіндік береді.
Осындай ынтымақтастық білім беру сапасын арттырып қана қоймай, болашақ журналистердің кәсіби дүниетанымын кеңейтуге, шығармашылық қабілетін дамытуға және жаңа тәжірибе жинақтауына жол ашады.
Сабақ кестесі
"Журналистпен Жүздесу" 