БІЛІМ КҮНІ АТАП ӨТІЛДІ
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – білім-ғылым кеңістігінде өзіндік орны бар оқу орны. Қазақстандағы тұңғыш Халықаралық университеттің құрылғанына ағымдағы жылы 35 жыл толды. Қазіргі таңда іргелі оқу орны қара шаңырақ университеттердің қатарында білім беріп, талантты шәкірттерді шартарапқа қанат қақтыруда.
Халықаралық университетіміз жаңа 2026-2027 оқу жылын дәстүрге сай соны серпінмен бастады. 1 қыркүйек – Білім күніне арналған алқалы жиындар әрбір топта ұйымдастырылды. Әсіресе, бірінші курс студенттеріне арналған бағдарлық жиындар өткізілді.
Университет деңгейіндегі үдеріс Өнер, медиа және дизайн факультетінде жемісті жалғасты. «Журналистика» кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы өз шәкірттерін құшақ жая қарсы алып, танысу жиынын өткізді.
Айта кетерлігі, биылғы жылды «Журналистика» кафедрасы тың өзгерістермен бастады. Биылғы жылы І курс қатарына қабылданған студент саны 56 шәкіртке жетіп отыр. Бұл – елеулі көрсеткіш. Сонымен қатар, ОПҚ құрамы да толығып, тәжірибелі практик мамандар мен жас оқытушылар қатарға қосылды.
Бірінші курс студенттеріне арналған жиналысты кафедраның ардагер оқытушысы, профессор Бекжігіт Сердәлі кіріспе сөзбен ашып, шәкірттерге табыс тіледі. Университет табалдырығын аттаған студенттердің ерекше таңдау жасағандарын атап өтті.
Бекжігіт Сердәлі өз сөзінде ағымдағы оқу жылында қабылданған студенттер саны елеулі деңгейде жоғары екенін мәлімдеді. Студенттер сандық бағыт пен дәстүрлі бағытта білім алатынын жеткізді. Соған сәйкес, студенттер үш топқа бөлінгенін атап өтті. Жиналыс барысында үш топтың старостасы сайланатынын хабарлады.
Келесі сөз кезегін PhD, аға оқытушы Мырзахан Байболов алып, жаңа оқу жылымен құттықтады. Бекжігіт Кенжебекұлының сөзін жалғап, шәкірттерге табыс тіледі. Үш топқа бөлінген студенттердің кураторларын атап өтті. Сандық бағыттағы топқа Бекжігіт Сердәлі куратор болатын болса, жалпы топтарға өзі кураторлық ететінін баяндады.
Жиын барысында бірінші курс студенттеріне бағыт-бағдар берілді. Халықаралық оқу орнымыздың миссиясы мен мақсаты түсіндірілді. Студенттердің құқықтары мен міндеттері баяндалды.
Үш топтың старостасын сайлау мәселесі шешімін тапты. Өзін-өзі ұсынған үміткерлер арасынан таңдау жасалды. Көпшілік дауыс беру нәтижесінде сандық бағыттағы топ старосталығына Мұхаммедәлі Бекболат сайланды. Журналистика бағытындағы екі топтың біріншісіне – Зере Есболат сайланса, екінші топ старостасы – Іңкәр Әбдірахман болды.
Оқытушылар жаңа сайланған старосталардың міндеттерін түсіндіріп, жұмыстарына табыс тіледі.
Мәжіліс қорытындысына Өнер, медиа және дизайн факультетінің деканы Дархан Ельжанов пен декан орынбасары Меңдіғани Жүсіпбаев және «Журналистика» кафедрасының меңгерушісі Балзия Баешова қатысты.
Факультет деканы шәкірттерді Білім күні мерекесімен құттықтады. Сапалы білім мен саналы тәрбие алу үшін университетімізде барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
Дархан Нұржанұлы Білім күнінің маңызына тоқталды. Мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды тілге тиек етті. Наурыз айындағы референдум нәтижесінде Жаңа Конституциямыз қабылданғанын жеткізді. Жаңа Ата заң – жаңару мен жаңғырудың кепілі болатынын атап өтті.
Жиын қорытындысында бірінші курс студенттеріне университет әлемімен танысу үшін тиісті бағыт-бағдар берілді.
Сабақ кестесі
"Журналистпен Жүздесу" 