shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

Факультет ғалымдары Кэмбриджде

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымдары Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің құрамындағы Англияның Кембридж қаласына ғылыми іссапармен барды. Ғылыми іссапардың негізгі мақсаты – Кембридж университетінің кітапханалары мен Британ музейі кітапханасының қорларындағы Қазақстан мен Орталық Азияға ислам дінінің енуі мен таралу тарихына қатысты жазба деректерді, қолжазбаларды және архивтік материалдарды анықтау, бұрын ғылыми айналымға толық енгізілмеген дереккөздерді ғылыми тұрғыдан зерделеу, олардың зерттеу жобасының ғылыми міндеттерін шешудегі маңызын айқындау, сондай-ақ халықаралық ғылыми байланыстарды дамыту болды.

Іссапар барысында Кембридж университетінің King’s College базасында 2026 жылғы 29 қыркүйекте өткізілген «Archaeological Approaches to Urbanism and Urban Sustainability in Medieval Central Asia» атты халықаралық ғылыми конференцияға қатысу жүзеге асырылды. Конференция аясында Қазақстанның ортағасырлық археологиясы, қалалық мәдениеттің қалыптасуы, ислам дінінің таралуы және археологиялық нысандарды пәнаралық зерттеу бағыттары бойынша жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері халықаралық ғылыми қауымдастық назарына ұсынылып, ғылыми пікірталас барысында талқыланды. Ғылыми жоба жетекшісі, т.ғ.д., профессор М.Б. Қожа «The Discovery of Mihrabs in the Dwellings of Otrar’s Rabad and Questions of the Initial Stage of the Spread of Islam in Southern Kazakhstan» тақырыбында баяндама жасап, Отырар қаласының рабад аумағындағы тұрғын жайлардан анықталған михрабтардың археологиялық ерекшеліктерін және олардың Қазақстанның оңтүстігінде ислам дінінің таралуының бастапқы кезеңдерін зерттеудегі ғылыми маңызын таныстырды. Баяндамада 2025 жылы Отырар қаласында жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижелері ғылыми тұрғыдан сараланып, жаңа археологиялық деректердің тарихи-мәдени үдерістерді қайта пайымдаудағы мүмкіндіктері қарастырылды. Сонымен қатар М.Б. Қожа көпжылдық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері негізінде «Абылай ханның қабірінің зерттелуі» тақырыбында ғылыми баяндама жасап, жүргізілген зерттеулердің негізгі нәтижелерін ғылыми қауымдастыққа ұсынды.

Б.С. Сиздиков «The Formation of Urban Culture in the Keles Valley: Based on Interdisciplinary Research Conducted at the Kultobe Settlement» тақырыбында баяндама жасап, Келес аңғарындағы қалалық мәдениеттің қалыптасу ерекшеліктерін, Күлтөбе қалашығында жүргізілген археологиялық және пәнаралық зерттеулердің нәтижелерін ұсынды. Ш. Алмазұлы «Archaeological Research at the Kultobe Settlement» тақырыбындағы баяндамасында Күлтөбе қалашығында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттары мен нәтижелерін таныстырып, ескерткіштің тарихи-мәдени маңызын және оның Оңтүстік Қазақстандағы ортағасырлық урбанизация үдерістерін зерттеудегі орнын көрсетті.

Ғылыми іссапар аясында ғалымдар Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлібек Әсетұлы Бақаевпен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ғылыми байланыстарды дамыту, археология және тарих салаларындағы халықаралық зерттеу жобаларын жүзеге асыру, ғылыми деректермен алмасу және академиялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Іссапардың маңызды нәтижелерінің бірі – Кембридж университетінің King’s College және McDonald Institute for Archaeological Research ғалымдарымен ғылыми кездесулер мен пікір алмасулардың ұйымдастырылуы болды. Кездесулер барысында археологиялық зерттеулердің заманауи әдістері, пәнаралық зерттеу тәсілдері, археологиялық және жазба деректерді кешенді талдау, ғылыми нәтижелерді халықаралық басылымдарда жариялау мәселелері бойынша тәжірибе алмасу жүзеге асырылды. Сонымен қатар болашақта бірлескен халықаралық ғылыми жобаларды әзірлеу және іске асыру перспективалары талқыланды.