shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

РЕСПУБЛИКА КҮНІ – ЕЛДІК ПЕН ЕГЕМЕНДІКТІҢ АЙШЫҚТЫ МЕРЕКЕСІ

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультетінде 25 қазан – Республика күніне орай «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасының 4-курс білімгерлерінің ұйымдастыруымен тағылымды тәрбие сағаты өтті.

Тәрбие сағатына факультеттің тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары, кафедраның профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ 2 және 3-курс білімгерлері қатысты.

Іс-шара барысында білімгерлерге Қазақстан Республикасының тарихы, мемлекеттік егемендіктің маңызы, еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы маңызды тарихи кезеңдері туралы мазмұнды мәліметтер ұсынылды. Республика күнінің ел тарихындағы орны мен маңызына ерекше назар аударылып, егемендік – халқымыздың басты құндылықтарының бірі екені атап өтілді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба және Әнұран туралы танымдық ақпараттар беріліп, оларды құрметтеу әрбір азаматтың Отанға деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімінің көрінісі екені айтылды. Білімгерлер еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, ұлттық құндылықтар, ел бірлігі мен Қазақстанның жарқын болашағы туралы өз ойларын ортаға салды.

Тәрбие сағатының негізгі мақсаты – білімгерлердің бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, ел тарихын қастерлеуге және Қазақстанның болашағына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу.

Тағылымы мол тәрбие сағаты көтеріңкі көңіл күйде өтіп, білімгерлерге ерекше патриоттық рух сыйлады. Осындай тәрбиелік іс-шаралар жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін қалыптастырып, елдік құндылықтарды дәріптеуге және Отанға деген құрметін арттыруға ықпал етеді.

Республика күні – еліміздің егемендігін айшықтайтын, ұлттық бірлік пен тәуелсіздік құндылықтарын дәріптейтін маңызды мереке.

Республика күні құтты болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміздің бірлігі бекем болып, Қазақстанымыз өркендей берсін! Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін!