shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

«Жанға тыныштық сыйла» тақырыбында ертегі терапиясы өткізілді

Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультеті, Педагогика және психология кафедрасының ұйымдастыруымен дуалды оқыту аясында Ж. Тәшенов атындағы №23 IT мектеп-лицейінің психологиялық кеңес беру бөлмесінде «Жанға тыныштық сыйла» тақырыбында ертегі терапиясына арналған семинар сабағы өткізілді. Іс-шараны оқытушы Өтепова К. ұйымдастырды. Семинардың негізгі мақсаты – студенттердің психологиялық саулығын нығайту, эмоционалдық көңіл күйін жақсарту, ішкі жан дүниесін тереңірек түсінуге көмектесу, өзін-өзі тану қабілетін дамыту және жағымды эмоцияларын қалыптастыру. Сонымен қатар, студенттердің психологиялық мәдениетін арттыру, өз сезімдерін дұрыс түсініп, басқара білуіне ықпал ету көзделді.

Семинар барысында студенттер ертегі терапиясы әдісімен танысып, оның психологиялық маңызы мен тәрбиелік мүмкіндіктері туралы түсініктерін кеңейтті. Ертегілердің адамның ішкі сезімдерін түсінуге, күйзелісті жеңілдетуге, жағымды ой қалыптастыруға және өмірлік жағдайларға оң көзқараспен қарауға ықпал ететіні талқыланды. Іс-шараның практикалық бөлімінде студенттер ертегі терапиясына негізделген түрлі тапсырмалар мен шығармашылық жұмыстар орындады. Олар ертегі кейіпкерлерінің іс-әрекеттерін талдап, олардың мінез-құлқы мен сезімдеріне баға берді. Сонымен қатар, ертегілердің мазмұны арқылы адамгершілік құндылықтар, мейірімділік, достық, өзара түсіністік, сенім және сабырлылық туралы ой бөлісті. Бұл жұмыстар студенттердің қиялын дамытып, өз пікірін еркін жеткізуіне және эмоцияларын тануына мүмкіндік берді.

Семинар барысында дуалды оқыту жүйесінің ерекшеліктеріне сәйкес теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға ерекше назар аударылды. Студенттер ертегі терапиясын мектеп жағдайында қолдану жолдарын қарастырып, оқушылардың эмоционалдық жай-күйін қолдауда, жағымды қарым-қатынас орнатуда, өзара сыйластықты қалыптастыруда және сыныптағы психологиялық ахуалды жақсартуда осы әдістің тиімділігін талқылады. Сондай-ақ ертегі терапиясын оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ұйымдастыру және оны тәрбие жұмыстарына енгізу жолдары қарастырылды.

Оқытушы Өтепова К. студенттерге бағыт-бағдар беріп, олардың белсенді қатысуына, өз ойларын ашық айтуына және шығармашылық қабілеттерін көрсетуіне жағдай жасады. Семинар барысында студенттер бір-бірінің пікірін тыңдап, өзара тәжірибе алмасып, психологиялық әдістерді тәжірибе жүзінде қолданудың маңыздылығын түсінді.

Қорытындылай келе, «Жанға тыныштық сыйла» тақырыбындағы ертегі терапиясы семинары студенттердің қызығушылығын арттырып, эмоционалдық сауаттылығын дамытуға және психологиялық әдістерді тәжірибе жүзінде меңгеруіне ықпал етті. Іс-шара болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге, балалардың жан дүниесін түсінуге және олардың психологиялық саулығын қолдауға қажетті білім мен дағдыларды қалыптастыруға бағытталды.

Осындай мазмұнды семинарлар студенттердің кәсіби дамуына, шығармашылық әлеуетінің артуына және болашақ педагогикалық қызметінде тиімді психологиялық әдістерді қолдануына негіз болады.