shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

«Түркістан» энциклопедиясының тұсаукесері өтті

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, «Ғылым» баспасы әзірлеген екі томдық «Түркістан» энциклопедиясының тұсаукесері өтті. Салтанатты шара барысында  университет ректоры Жанар Темірбекова және   Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультетінің деканы Э.У. Зулпыхарова екі томдық энциклопедияның тұсауын Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловпен бірге кесті.

«Түркістан» энциклопедиясы — өңірдің сан ғасырлық тарихын, тарихи-мәдени мұрасын, рухани құндылықтары мен өркениеттік маңызын кең көлемде қамтитын іргелі ғылыми еңбек. 880 беттен тұратын екі томдық басылымда Түркістан ұғымы тек қазіргі қала мен облыс тарихымен шектелмей, тұтас тарихи-мәдени және өркениеттік кеңістік ретінде қарастырылған.

Айтулы ғылыми жобаның жетекшісі әрі энциклопедияның бас редакторы — Өкілетті Кеңес мүшесі, академик Дархан Қыдырәлі. Ауқымды жоба 2021–2025 жылдар аралығында жүзеге асырылды. Энциклопедияны әзірлеуге 300-ден астам ғалым атсалысты. Зерттеу жұмыстары барысында 4000-нан астам атау мен ұғым қайта зерделеніп, тарихи тұлғалар, маңызды оқиғалар, жер-су атаулары және бұған дейін энциклопедиялық айналымда кеңінен қамтылмаған деректерге қатысты жаңа мақалалар әзірленді.

Басылымда археология, сәулет, этнография, әдебиет пен фольклор, рухани мұра және тарихи тұлғаларға қатысты материалдар алфавиттік жүйе бойынша жүйеленген. Мақалалар тарихи және географиялық карталармен, фотосуреттермен, портреттермен, миниатюралармен және жаңғыртпа сызбалармен толықтырылған.

Энциклопедия 2 мың дана таралыммен жарық көрді. Әр томы 1 мың данадан басылған. Алғашқы кезеңде басылым Түркістан облысының кітапханаларына, кейін Қазақстанның өзге өңірлеріне таратылады. Сонымен қатар алдағы уақытта энциклопедияны ағылшын, түрік, орыс, өзбек және басқа да тілдерге аудару жоспарланып отыр. Екі томдық еңбек ең алдымен тарихшыларға, түркологтарға, археологтар мен этнографтарға, әдебиеттанушыларға, оқытушылар мен білім алушыларға арналған. Сондай-ақ Түркістан тарихы мен Түркі әлемінің мәдени мұрасына қызығушылық танытатын қалың оқырман үшін де құнды дереккөз болмақ.

Тұсаукесер рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркия Республикасының Түркістан қаласындағы Бас консулы Левент Гүржан, энциклопедияның жауапты редакторы, әдебиеттанушы ғалым Тұрдықұл Шаңбай, Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев, университет ректоры Жанар Темірбекова, университет ұжымы және Түркістанның зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шара барысында сөз алған қонақтар энциклопедияның ғылыми және тарихи маңызына тоқталып, Түркістанның бай мұрасын жүйелі түрде зерттеп, оны кейінгі ұрпаққа жеткізудегі мұндай іргелі еңбектердің маңызын атап өтті.

Екі томдық «Түркістан» энциклопедиясы — өңірдің өткені мен бүгінін сабақтастыра отырып, тарихи деректерді бір арнаға тоғыстырған ғылыми-танымдық еңбек. Басылым Түркістан тарихын тереңірек зерттеуге, тарихи сананы қалыптастыруға және Түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға маңызды үлес қосады.