ТАРИХИ МҰРА – ҰРПАҚҚА АМАНАТ
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультетінің кітап қоры тағы бір құнды тарихи еңбекпен толықты. Әбдіқадыр Жүргенов 1949-1975 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінде, сондай-ақ Талас және Қордай аудандарында партия-кеңес қызметтерін атқарған. 1975-1998 жылдары Жамбыл гидромелиорациялық институтында тарих пәнінен дәріс беріп, өңір тарихын зерттеуге елеулі үлес қосты.
Ғалым-зерттеушінің Қазақстан тарихына, соның ішінде Сырдария облысы құрамындағы Әулиеата уезінің және қазіргі Жамбыл облысының тарихына арналған көптеген ғылыми-танымдық мақалалары жарық көрген. Сонымен қатар автор 1946-1998 жылдар аралығындағы Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығының жай-күйі мен даму мәселелерін жан-жақты зерттеген.
Зерттеушінің әр жылдары жазылған тарихи мақалалары мен еңбектері жинақталып, «Әулиеата уезі - Жамбыл облысы тарихынан» атты кітап болып жарық көрді. Аталған құнды еңбекті автордың ұлы Нұржан Әбдіқадыр Жүргенов Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультетіне сыйға тартты. Кітаптың бір данасы университет кітапханасына, екінші данасы факультет қорына табысталды.
Кітапта қазақ халқының жоңғар басқыншыларымен болған үш ғасырға жуық күресі, Әулиеата уезінде Кеңес өкіметінің орнауы, большевик-революционерлердің қызметі, өңірдегі ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жамбылдықтардың Жеңіске қосқан үлесі туралы тарихи деректер, естеліктер, эсселер мен мақалалар қамтылған.
Тарихи-танымдық еңбек факультет деканы Э.У. Зулпыхарованың қатысуымен табысталып, факультетімізде Сейітхали Мадуанұлына арналған кабинет кітапханасының қорына орналастырылды.
«Әулиеата уезі - Жамбыл облысы тарихынан» кітабы - туған өлкенің өткенін зерделеп, тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған құнды еңбек. Кітап білім алушылар мен жас зерттеушілерге өңір тарихын тереңірек танып-білуге, тарихи деректермен жұмыс істеуге және ғылыми ізденістерін толықтыруға үлкен көмек береді.
Жаңа студенттік декан сайлауы!
Емтихан кестесі
ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ОТЫРАР ҚАЛАШЫҒЫ
Ұлттық кітап күні
Қазіргі заман трендтермен мотивация
Ғылыми жобаны орындау барысында пәнаралық зеттеулердің маңыздылығы: Култөбе қалашығы негізінде
Таза Қазақстан жасыл болашаққа қадам 