«Қожа Ахмет Ясауи: кемелдік моделі» тақырыбында ғылыми семинар өтті
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультетінде, «Қожа Ахмет Ясауи: кемелдік моделі» атты ғылыми-танымдық семинар болып өтті.
Айтулы жиынды Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD Бауыржан Сайфунов кіріспе сөзбен ашып, ғылыми семинардың негізгі мақсат-міндеттері мен рухани-ағартушылық маңызына кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде Ясауи мұрасын жаңаша көзқараспен зерделеудің бүгінгі қоғам үшін өзектілігін атап өтті.
Семинардың басты баяндамашысы – ясауитану саласының майталманы, отандық әрі халықаралық ғылыми ортаға танымал ғалым, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Тұрсынбайұлы Кенжетай Ясауи ілімінің қыр-сырлары мен мәдениет қабаттары төңірегінде терең ой толғады.
Әсіресе, профессор Досай Кенжетай өз баяндамасында Ясауи мұрасының эпистемологиялық (танымдық) қырына ерекше екпін түсірді. Ғалым бүгінгі қоғамда түрлі таным мен түсініктердің жиі соқтығысатынын айта келе, «Ғылыми танымның өзегі мен іргетасы – эпистемологияда» деген фундаменталды идеяны алға тартты. Ол Ясауи ілімінің тек сопылық немесе мифтік шеңберде қалып қоймай, шынайы білім, саналы сенім мен интеллектуалды кемелдікке бастайтын жүйелі ғылыми-танымдық негізін талдап берді.
Профессор Досай Тұрсынбайұлы Адам, Дін, Мәдениет және Мемлекет ұғымдарының арақатынасын зерделей келе, Ясауи мұрасындағы діни таным, дәстүр, тіл, этика, эстетика, музыка және ұлттық құндылықтардың мәдениет қабаттарындағы орнын, өзара сабақтастығын ғылыми негізде саралады. Бұл байыпты пайымдаулар мен соны пікірлер білім алушылар мен жас зерттеушілердің ғылыми көзқарасын кеңейтіп, оларға ерекше интеллектуалды серпін берді.
Семинарға университет ғылыми қызметкерлері, оқытушылар, магистранттар мен жоғары курс студенттері және Ясауи мұрасына ықылас танытқан ізденуші азаматтар қатысты. Баяндама соңында қатысушылар Ясауи ілімінің құндылықтық жақтары төңірегінде көкейкесті сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты.
Ясауитану ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған бұл алқалы жиын жас ғалымдар мен студенттерге үлкен рухани азық сыйлап, Ясауи мұрасын тереңірек түсінуге жол ашқан мазмұнды кездесу болды.
Сабақ кестесі
Жаңа студенттік декан сайлауы!
ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ОТЫРАР ҚАЛАШЫҒЫ
Ұлттық кітап күні
Қазіргі заман трендтермен мотивация
Ғылыми жобаны орындау барысында пәнаралық зеттеулердің маңыздылығы: Култөбе қалашығы негізінде
Таза Қазақстан жасыл болашаққа қадам 