shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

ТАРИХ ПЕДАГОГТАРЫН ДАЯРЛАУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ДОКТОРАНТТАРЫНА ҒЫЛЫМИ ДӘРІС ӨТТІ

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультеті Тарих кафедрасында «Тарих педагогтарын даярлау» білім беру бағдарламасының докторанттарына арналған ғылыми дәріс өтті. Ғылыми кездесуге Тарих кафедрасының профессоры Тұрсын Хазірет және «Орхун» академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Әзербайжан тілдер университетінен келген профессор Тэране Гулузаде қатысты.

Дәріс барысында тарих ғылымының өзекті мәселелері, тарихи зерттеулердің заманауи бағыттары, тарихты оқыту әдістемесінің ерекшеліктері және Әзербайжан тарихының маңызды кезеңдері мен мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, қатысушылар тарих ғылымы мен білім беру саласындағы заманауи ғылыми тәсілдер, зерттеу әдістері және халықаралық тәжірибе жөнінде өзара пікір алмасты.

Профессор Тэране Гулузаде Әзербайжан тарихына қатысты ғылыми көзқарастар мен зерттеу бағыттарына тоқталып, тарихты оқытуда ұлттық тарихи мұраны заманауи әдістемелік тәсілдермен ұштастырудың маңыздылығын атап өтті. Ал профессор Тұрсын Хазірет тарих ғылымы мен тарих педагогикасының өзара сабақтастығы, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және болашақ тарих мамандарын даярлаудың өзекті мәселелері жөнінде ой бөлісті.

Ғылыми дәріс барысында докторанттар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ғалымдармен пікір алмасты. Еркін форматтағы ғылыми талқылау докторанттардың зерттеу тақырыптарын тереңірек зерделеуіне, ғылыми ізденістерін жетілдіруіне және жаңа зерттеу бағыттарын айқындауына мүмкіндік берді.

Аталған ғылыми кездесу докторанттардың ғылыми-зерттеу құзыреттілігін арттыруға, тарих ғылымы мен оны оқыту әдістемесі бойынша кәсіби білімдерін тереңдетуге, сондай-ақ халықаралық академиялық тәжірибемен танысуына маңызды мүмкіндік берді.

Іс-шара «Орхун» академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, шетелдік ғалымдармен ғылыми байланыстарды нығайтуға және білім алушылардың академиялық әлеуетін арттыруға бағытталды.

Ғылыми дәріс соңында қатысушылар мазмұнды пікір алмасудың маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта да бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын, академиялық кездесулер мен тәжірибе алмасу іс-шараларын жалғастыруға ниет білдірді.