shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

ТАРИХИ ЖАДЫ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ БАЙЛАНЫС: ИТАЛИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУШІ РОБЕРТО БОЛТРИМЕН КЕЗДЕСУ

2026 жылғы 15 қазанда Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультетінің Тарих кафедрасында италиялық зерттеуші-ғалым, жазушы және саяхатшы Роберто Болтримен (Roberto Boltri) кездесу өтті. Іс-шараға кафедраның профессор-оқытушылар құрамы, докторанттары мен студенттері қатысып, Орталық Азияның тарихи-мәдени мұрасы, тарихи жады және халықаралық ғылыми ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты.  Кездесу барысында Роберто Болтри өзінің екі кітабын таныстырып, олардың мазмұны мен негізгі идеяларына тоқталды. Атап айтқанда, автордың «Итальянец – „esubero“ в Центральной Азии» және «Ұмытылған қасірет. Una tragedia dimenticata» атты еңбектері таныстырылды.

2021 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Итальянец – „esubero“ в Центральной Азии» кітабында автордың өмір жолы, Орталық Азия елдеріне жасаған сапарлары, өңірдің тарихи-мәдени ерекшеліктері және жергілікті халықтармен қарым-қатынасы баяндалады. Еңбекте Ұлы Жібек жолының тарихы, Орталық Азияның геосаяси өткені, мәдени байланыстары мен экологиялық мәселелеріне де назар аударылған. Автор бұл кітабы арқылы өңірдің тарихи мұрасы мен мәдени алуандығын оқырманға таныстырады. Кездесудің маңызды бөлігі «Ұмытылған қасірет. Una tragedia dimenticata» атты еңбектің таныстырылымына арналды. Алматы қаласындағы «Үш Қиян» баспасынан жарық көрген бұл кітап ГУЛАГ, Карлаг және АЛЖИР секілді репрессиялық лагерьлерге жер аударылған италиялықтар мен қазақтардың, сондай-ақ тоталитарлық жүйенің басқа да құрбандарының тағдырына арналған. Автор еңбегінде Қырым италиялықтарының тарихын, Карлагтағы «Маяк» гуманитарлық жобасын және өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін оқиғаларын тарихи тұрғыдан зерделеудің маңызын қарастырады.

Роберто Болтри тарихи оқиғаларды зерттеу мен тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығына тоқталып, өткеннің қасіретті сабақтарын кейінгі ұрпаққа жеткізудің және оларды халықаралық деңгейде танытудың өзектілігін атап өтті. Оның еңбектері әртүрлі халықтардың тарихи тәжірибесін салыстыра қарастыруға, репрессия құрбандарының тағдырын зерделеуге және тарихи мұраға құрметпен қарауға мүмкіндік береді. Кездесу барысында студенттер мен докторанттар авторға сұрақтар қойып, сталиндік репрессия кезеңіне қатысты тарихи деректер, архивтік зерттеулер, Орталық Азияның мәдени мұрасы және халықаралық ғылыми жобалар жөнінде мазмұнды пікір алмасты. Сонымен қатар шетелдік зерттеушілердің еңбектерін оқу үдерісінде пайдалану, тарихи деректерді ғылыми тұрғыдан талдау және Қазақстан тарихын халықаралық ғылыми кеңістікте таныту мәселелері талқыланды.

Кездесу аясында «Тарих» кафедрасы профессорының м.а. Қ. Базарбаев құрметті қонақ Роберто Болтриге өзінің ғылыми еңбегін тарту етті. Бұл ізгі қадам ғылыми тәжірибе мен рухани құндылықтар алмасуының, сондай-ақ отандық және шетелдік зерттеушілер арасындағы академиялық байланысты нығайтудың көрінісі болды.

Аталған кездесу білім алушылардың тарихи дүниетанымын кеңейтіп, ғылыми ізденіске қызығушылығын арттыруға, тарихи оқиғаларға сыни көзқараспен қарау дағдыларын дамытуға ықпал ететін маңызды академиялық іс-шара болды. Сондай-ақ мұндай кездесулер отандық және шетелдік зерттеушілер арасындағы ғылыми-мәдени байланысты нығайтуға, тарихи жадыны сақтау мен ортақ мұраны зерделеу бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға жол ашады.

Іс-шара соңында қатысушылар Роберто Болтриге мазмұнды кездесуі, кітаптарының таныстырылымы және тарихи шындықты зерделеу мен тарихи жадыны сақтау мәселелеріне қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.