shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АЯСЫНДАҒЫ ТАҒЫЛЫМДЫ ДӘРІС

Университетіміздің Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультеті, «Тарих» кафедрасына Ферғана Мемлекеттік техникалық университетінен тарихшы ғалымдар Хонқұлов Шавкатжан, Тишабаева Ирадахон, Рахимов Илхомжон, Акбарова Нигорахон және Тажибаев Умиджан арнайы келді.

Шетелдік қонақтар тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жораева Гүлжамал Төлегенқызының 1-курс ГТХ-611 тобына өткізген «Қазақстанның ежелгі тарихы» пәні бойынша дәріс сабағына қатысты.

Дәріс барысында Қазақстан мен Өзбекстан аумағындағы ежелгі дәуір тарихының ортақ қырлары қарастырылып, студенттер Өзбекстанның көне тарихына қатысты құнды мәліметтермен танысты. Әсіресе, Тешік-Таш үңгірінен табылған неандертал баланың сүйегі, ескерткіштің ғылыми маңызы және Орталық Азиядағы алғашқы адамдардың өмірі туралы мазмұнды ақпарат берілді. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстанның тарихи-мәдени байланыстары, қазіргі дипломатиялық қарым-қатынасының дамуы, бауырлас екі халықтың ортақ мұрасы мен рухани сабақтастығы жөнінде пікір алмасылды. Қонақ ғалымдар студенттермен өз ойларын бөлісіп, олардың сұрақтарына жауап берді.

Тағылымды кездесу білім алушылардың ежелгі тарих туралы танымын кеңейтіп, халықаралық ғылыми және академиялық байланыстың маңызын тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді. Осындай мазмұнды дәрістер мен ғылыми кездесулер бауырлас мемлекеттер арасындағы білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, жас ұрпақтың тарихқа деген қызығушылығын арттыра беретіні сөзсіз.