shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

«ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ ӨМІР» АТТЫ ПАНЕЛЬДІК ПІКІРТАЛАС ӨТТІ

Бүгін университетімізде «Зорлық-зомбылықсыз өмір» атты панельдік пікірталас жиыны өтті.

Іс-шара «БҰҰ-әйелдер» құрлымының және Гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі Орталық Азия альянсының қолдауымен, сондай-ақ БҰҰ-ның «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» жаһандық акциясы шеңберінде ұйымдастырылды.

Жиын спикері ретінде оқу ордамыздың ректоры Жанар Темірбекова, Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы кеңсесінің басшысы м.а. Дина Амришева, PhD және тележүргізуші Молдияр Ергебеков, сондай-ақ кино және театр актері Азиз Бейшеналиев қатысты.

Сонымен қатар, шараға арнайы Түркістан облысының мәслихатының депутаты Инара Намазбаева, Түркістан облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Наталья Кожабекова, Түркістан облысы Ішкі саясат басқармасының, облыстық «Жастар рухы» ұйымының, зиялы қауым өкілдері, оқытушы-профессорлар және студенттер қатысты.

Панельдік пікірталаста зорлық-зомбылықтың зияны, отбасына тигізер кері әсері жайында салмақты ойлар айтылды.

Ректор Жанар Темірбекова: «Зорлық-зомбылық тек қана физикалық зорлық емес, ол адам жанына салынатын терең жара. Ал, отбасы – сол жараларды жазуға тиіс, ең қауіпсіз орта болуы керек. Сондықтан, әрбір отбасында зорлық-зомбылық болмауын қамтамасыз ету – барлығымыздың міндетіміз бен мақсатымыз»,-деді. Сондай-ақ, ректор отбасындағы мейірім мен қолдау, бір-біріне деген мызғымас сенім, ата-ананың балаға берер тәрбиесі туралы терең ойларымен бөлісті.

Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы кеңсесінің басшысы м.а. Дина Амришева маңызды кездесуді өткізуге ат салысқан университет басшылығына алғыс білдірді. 

Тек Қазақстанның ғана емес, әлемде, қоғамда дертке айналған – зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің маңызын тарқата баяндады.

Ал, актер Азиз Бейшеналиев, ең алдымен, түркі халықтарының рухани астанасы Түркістанға табан тірегеніне қуанышты екенін жеткізді. Сондай-ақ, отбасындағы ер адамның жауапкершілігі мен міндеттері жайлы өз ойымен бөлісті.

Сонымен қатар, университетіміздің қауымдастырылған профессоры Молдияр Ергебеков те отбасы құндылығы, зорлық-зомбылықсыз орта қалыптастыру жайлы тың ақпараттармен бөлісті. 

Адамдардың зорлық-зомбылық жасау себептері, оның әлеуметтік-мәдени-экономикалық себептері, жеке тұлға немесе қоғам болып қауіпсіз орта қалыптастырудың жолдарын жіктеп, көрсетті.

Іс-шараға қатысқан облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлсара Тоққұлова мен профессор Шәкір Ибраев өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға ақ баталарын берді.

Профессор Шәкір Ибраев: «Отбасында әйел адамға да, ер адамға да ең қажеттісі – өзара түсіністік. Ең алдымен, бір-бірімізге деген құрмет. Қоғамда әрбіріміздің өз міндетіміз бар. Соны адал атқаруды үйренген кезде, үйлесімдік болып, зорлық-зомбылық жойылады»,-деді.

«Ашу дұшпан, ақыл дос, ақылыңа ақыл қос деген сөз бар. Адам ақылды болып, эмоцияны тежей білу қажет. Міне, зорлық-зомбылыққа қарсы өткен бүгінгі жиында құнды ойлар айтылды. Бүгінгі шарадан тыңдаған дүниелеріңізді тек өздеріңіз тыңдап қана қоймай, орталарыңызбен бөлісіңіздер. 

Өздеріңіздің мықтылықтарыңызды тәлім-тәрбие өзгешелігімен ғана көрсетесіздер!»,-деді Гүлсара Тоққұлова.

Осылайша, ардагер ұстаздарымыз отбасындағы ер мен әйелдің рөлі, татулық пен ынтымақтастық туралы ойларын ортаға салды. Жастарды әлсізге күш көрсетуден сақ болуға, бақытты отбасын құруға шақырды.

Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарына тың жауаптар алды.