Тарих және жалпы ақпарат

«Мектепке дейінгі және бастауышта білім беру» кафедрасының тарихы
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қалыптасу тарихы 1991 жылғы 6 маусымда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Президенті Н. Ә. Назарбаевтың №329 «Ахмет Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университетін ашу туралы» Жарлығынан бастау алады. Аталған Жарлық негізінде Түркістан қаласында жоғары оқу орны құрылып, өңірде жоғары білім беру жүйесін дамытуға және білікті мамандар даярлауға мүмкіндік жасалды. Университеттің құрылуы педагогикалық білім беру саласының дамуына да негіз қалады.
«Мектепке дейінгі және бастауышта білім беру» кафедрасының қалыптасуы университеттегі педагогикалық мамандықтардың ашылуымен және олардың құрылымдық тұрғыдан жетілдірілуімен тығыз байланысты.
1999–2000 оқу жылында «Философия тарихы, педагогика және психология» кафедрасының базасында 5В010200 – «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы ашылып, алғашқы студенттер қабылданды. Осы кезеңде кафедраға философия ғылымдарының докторы, профессор А. Абуов басшылық етті. Бұл бастауыш білім беру саласы бойынша жоғары білікті педагог кадрларды даярлаудың алғашқы кезеңі болды.
2002–2003 оқу жылында университеттің құрылымдық өзгерістеріне сәйкес «Философия тарихы, педагогика және психология» кафедрасынан педагогикалық мамандықтарға қызмет көрсететін дербес «Педагогика» кафедрасы бөлініп шықты. 5В010200 – «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы осы кафедраның құрамына енгізілді. Кафедра меңгерушісі қызметін педагогика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Қ. Ыбраимжанов атқарды.
2003 жылы университетте «Педагогика» факультеті құрылып, оның деканы болып педагогика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Қ. Ыбраимжанов тағайындалды. Факультет құрамында «Бастауышта оқытудың педагогикасы», «Бастауышта оқытудың әдістемесі» және «Жалпы педагогика және психология» кафедралары жұмыс істеді. Аталған кафедраларға тиісінше педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Б. Құлахмет, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Е. Омар және педагогика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Ж. Бейсенбеков жетекшілік етті.
2004 жылғы 28 қазанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Сенатының №1 мәжілісінің шешімімен «Жалпы педагогика және психология» кафедрасы екі дербес құрылымға – «Жалпы психология» және «Жалпы педагогика және этнопедагогика» кафедраларына бөлінді. «Жалпы педагогика және этнопедагогика» кафедрасының меңгерушісі болып педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Б. Ортаев, ал «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі болып педагогика ғылымдарының докторы, профессор Е. Омар тағайындалды.
2003–2014 жылдар аралығында бастауыш және мектепке дейінгі білім беру бағыттары бойынша педагог кадрларды даярлауды жүзеге асырған кафедраларға бірқатар белгілі педагог-ғалымдар басшылық етті. Атап айтқанда, «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасын 2003–2007 жылдары педагогика ғылымдарының докторы, профессор Е. Омар, 2007–2010 жылдары педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент С. Қожагельдиева, 2010–2012 жылдары педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Б. Ортаев, 2012–2014 жылдары педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент міндетін атқарушы Г. Тоққұлова басқарды.
Ал «Жалпы педагогика және этнопедагогика» кафедрасына 2006–2007 оқу жылынан 2009 жылға дейін еліміздің көрнекті педагог-ғалымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Л. К. Керімов жетекшілік етті. 2009–2010 оқу жылында кафедра меңгерушісі қызметіне педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент міндетін атқарушы Г. Кайбульдаева, ал 2011–2012 оқу жылында педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент міндетін атқарушы А. Рысбекова тағайындалды.
Профессор Л. К. Керімов басшылық еткен кезеңде «Жалпы педагогика және этнопедагогика» кафедрасының базасында 5В010100 – «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығы ашылып, алғашқы білім алушылар қабылданды. Бұл университетте бастауыш білім берумен қатар мектепке дейінгі білім беру саласы бойынша педагог мамандар даярлау бағытының қалыптасуына негіз болды.
Кафедраның қайта құрылуы және білім беру бағыттарының біріктірілуі
2014–2015 оқу жылында университеттің ұйымдастырушылық құрылымына енгізілген өзгерістерге байланысты Тарих-педагогика факультеті Гуманитарлық ғылымдар факультеті болып қайта құрылды. Осы кезеңде мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бағыттары бір құрылымдық бөлімшеге біріктіріліп, Гуманитарлық ғылымдар факультетінің құрамында «Білім технологиялары» кафедрасы ұйымдастырылды.
Аталған қайта ұйымдастыру мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бағыттары бойынша мамандар даярлау үдерісін біріздендіруге, оқу-әдістемелік қызметті үйлестіруге және педагогикалық білім берудегі сабақтастықты қамтамасыз етуге бағытталды.
Кейінгі жылдары кафедра қызметі аясында 6В01202 – «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», 7М01202 – «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту педагогикасы», 6В01303 – «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» және 7М01303 – «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламалары жүзеге асырылды.
2014–2023 жылдар аралығында «Білім технологиялары» кафедрасының меңгерушісі қызметін әр кезеңде педагогика ғылымдарының докторы, профессор Б. Ортаев, PhD, доцент А. А. Куралбаева, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент міндетін атқарушы А. Рысбекова, PhD, доцент міндетін атқарушы Б. Ауезов және педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент А. А. Жумадуллаева атқарды.
2024–2025 және 2025–2026 оқу жылдарында кафедра меңгерушісі қызметін педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент міндетін атқарушы А. Рысбекова атқарды.
Осы кезеңдерде мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік жұмыстар жүргізіліп, білім беру бағдарламаларын жетілдіру мен педагогтердің кәсіби даярлығын дамытуға басымдық берілді.
Кафедраның қазіргі даму кезеңі
Университеттің құрылымдық жаңару үдерісі аясында кафедра қызметі «Мектепке дейінгі және бастауышта білім беру» атауымен жалғастырылды. Қазіргі таңда кафедра Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультеті құрамында қызмет атқарады.
Кафедраның негізгі қызметі мектепке дейінгі және бастауыш білім беру салалары бойынша жоғары білікті, кәсіби құзыретті педагог кадрларды даярлауға, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және ғылыми-педагогикалық зерттеулерді жүзеге асыруға бағытталған.
Кафедрада білім алушылардың теориялық даярлығын практикалық қызметпен ұштастыруға ерекше мән беріледі. Осы мақсатта білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық орнатылып, педагогикалық практика мен дуалды оқыту жүйесін ұйымдастыру бойынша келісімшарттар жасалған.
Атап айтқанда, 6В01202 – «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» білім беру бағдарламасы аясында «Алия» және «Балдырған» бөбекжай-балабақшаларымен, ал 6В01303 – «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламасы бойынша №23 IT-лицейімен және М. Әбенова атындағы жалпы орта мектеппен дуалды оқыту жүйесі жүзеге асырылады. Бұл серіктестік білім алушылардың кәсіби тәжірибе жинақтауына, педагогикалық қызметтің практикалық ерекшеліктерін меңгеруіне және болашақ мамандығына бейімделуіне мүмкіндік береді.
2024–2025 оқу жылынан бастап «Педагогикалық білім беру әлеуетін күшейту» жобасы аясында кафедрада 6В01222 – «Мектепке дейінгі білім беру (IP)» және 6В01323 – «Бастауыш білім беру (IP)» білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларды қабылдау басталды.
Аталған білім беру бағдарламалары болашақ педагогтердің кәсіби даярлығын жаңғыртуға, заманауи педагогикалық тәсілдерді меңгеруіне және оқыту мен тәрбиелеу үдерісінде инновациялық технологияларды тиімді пайдалану дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Кафедраның ғылыми-зерттеу жұмыстары бекітілген ғылыми бағыттар мен тақырыптарға сәйкес жүргізіледі. Профессор-оқытушылар құрамы мектепке дейінгі және бастауыш білім беру салаларының өзекті мәселелерін зерттеумен, оқу-әдістемелік материалдар әзірлеумен және білім беру мазмұнын жетілдірумен айналысады.
2025–2026 оқу жылында білім беру бағдарламаларының оқу жоспарларына сәйкес оқу үдерісін кадрлық қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылып, жекелеген пәндерді жүргізу үшін тиісті еңбек шарттары жасалды. Осы кезеңдегі мәліметтер бойынша кафедрада 4 ғылым кандидаты, 5 PhD докторы және тәжірибелі оқытушылар қызмет атқарды.
2026–2027 оқу жылынан бастап «Мектепке дейінгі және бастауышта білім беру» кафедрасының меңгерушісі қызметіне PhD докторы, аға оқытушы Сұлтанбек Мәлік Жұпанбекұлы тағайындалды.
Бүгінде кафедра көпжылдық ғылыми-педагогикалық тәжірибесі мен қалыптасқан академиялық дәстүрлерін сақтай отырып, білім беру сапасын арттыру, педагог кадрларды даярлаудың мазмұнын жаңарту, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту және білім беру ұйымдарымен кәсіби ынтымақтастықты нығайту бағытында жұмысын жалғастыруда.
«Мектепке дейінгі және бастауышта білім беру» кафедрасы өзінің қалыптасу кезеңінен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және бастауыш білім беру салалары үшін мамандар даярлау ісінде жинақталған тәжірибесін дамытып, заманауи педагогикалық білім беру жүйесінің талаптарына сәйкес кәсіби білікті, шығармашыл және жауапкершілігі жоғары педагогтерді даярлауды басты міндеттерінің бірі ретінде ұстанады.
Сабақ кестесі
Ашық сабаққа шақырамыз!
Таза Қазақстан – біздің болашағымыз
Білім беру бағдарламасын даярлау сапасын арттыру мақсатында жұмыс берушілермен өтетін дөңгелек үстелге шақырамыз!
Түркі халықтарының этнографиясы (Әзірбайжан)
Рухани мұра және жастар білгірлер бәйгесі
Жаңа студенттік декан сайлауы!
ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ОТЫРАР ҚАЛАШЫҒЫ
Ұлттық кітап күні
Қазіргі заман трендтермен мотивация
Ғылыми жобаны орындау барысында пәнаралық зеттеулердің маңыздылығы: Култөбе қалашығы негізінде
Таза Қазақстан жасыл болашаққа қадам 