EMBA БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ 21 ТҮЛЕГІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛДЫ
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру факультетінің «Денсаулық сақтаудағы бизнес әкімшілендіру» (EMBA) білім беру бағдарламасының алғашқы түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Бағдарламаны табысты аяқтаған 21 түлек «Іскерлік әкімшілендіру магистрі» дәрежесін алды.
Салтанатты шараға университет ректоры Жанар Темірбекова, ректор өкілі Пейами Баттал, Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру факультетінің деканы Жанар Жағыпарова, профессор-оқытушылар құрамы және түлектер қатысты.
Университет ректоры Жанар Темірбекова алғашқы түлектерді құттықтап, EMBA бағдарламасының денсаулық сақтау саласындағы басқарушы кадрларды даярлаудағы маңызын атап өтті. Өз сөзінде кәсіби медициналық білім мен тәжірибенің тиімді басшылық жасау үшін жеткіліксіз екенін, заманауи басшыға стратегиялық ойлау, ұйымды басқару және адамдармен жұмыс істеу дағдылары қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар, EMBA бағдарламасында алған білімдерін Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағыттауға тілек білдірді.
Ректор өкілі Пейами Баттал да түлектерге ізгі тілегін арнап, кәсіби дамуда үздіксіз білім алудың және басқарушылық құзыреттерді жетілдірудің маңыздылығына тоқталды. Ол өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, қосымша басқарушылық білімнің жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
2025–2026 оқу жылында қабылданған алғашқы EMBA тыңдаушыларының қатарында университетімізде медициналық білім алып, бакалавриат пен резидентураны тәмамдаған түлектердің де болуы ерекше мәнге ие. Бұл университетте медициналық білім беруден бастап денсаулық сақтау саласындағы басқарушылық құзыреттерді дамытуға дейінгі үздіксіз кәсіби білім алу мүмкіндігінің қалыптасқанын көрсетеді.
«Денсаулық сақтаудағы бизнес әкімшілендіру» EMBA бағдарламасы денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары мен басқарушылық қызметке ұмтылатын мамандардың стратегиялық менеджмент, көшбасшылық, қаржылық және ұйымдастырушылық басқару бағыттарындағы құзыреттерін дамытуға бағытталған.
Салтанатты рәсім барысында түлектерге дипломдар табысталып, алғашқы оқу кезеңін сәтті аяқтаған қатысушылар университет басшылығы мен факультет ұжымына алғыстарын білдірді. Қазақы дәстүрге сай құрмет көрсетіліп, шапан жабылып, гүл шоқтары табысталды.
EMBA бағдарламасының алғашқы түлектерінің диплом алуы – факультет үшін маңызды белес және денсаулық сақтау саласына заманауи басқарушылық білімі бар мамандар даярлау бағытындағы жұмыстың алғашқы нәтижесі.
Диплом тапсыру салтанатына шақырамыз
ҚАЗАҚСТАН МЕЙІРГЕР ІСІ МАМАНДАРЫНЫҢ IV СЪЕЗІНІҢ МАТЕРИАЛДАРЫ «БІЛІМГЕ ИНВЕСТИЦИЯ – МЕЙІРГЕР ІСІНІҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫ»
2024-2029 жж Даму бағдарламасы бойынша 2026 жарты жылдық есебі 