shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

«ТҮРКІ ӘЛЕМІ ЖӘНЕ ТҮРКІСТАН ПІРІ: ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ» АТТЫ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ВОРКШОП БАСТАЛДЫ

Бүгін университетімізде «Түркі әлемі және Түркістан пірі: Қожа Ахмет Ясауи» атты ғылыми-практикалық воркшоп басталды. Іс-шараны оқу ордамыз бен Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (ТИКА), Анкара Хажы Байрам Вели университеті ұйымдастырды.

Жиынды ашып беру үшін алғы сөзді алған Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек ZOOM желісі арқылы онлайн байланысқа шықты.

«Құрметті ғалымдар мен қадірменді қонақтар, сіздерді бүгінгі маңызды жиында университетімізде көргенімізге қуаныштымыз!

Түркия мен Қазақстанның бауырмалдығы мен ынтымақтастығы негізінде құрылған Ясауи университеті бүгінгі таңда –  40-қа жуық түркі тілдес мемлекеттен келген білімгерлері, 10 мыңнан астам студенті, 11 факультеті, түркі дүниесінде маңызды қызмет атқарып жүрген 100 мыңға жуық түлегі бар білім  шаңырағына айналды.

Әсіресе, соңғы уақыттары оқу ордамыз Қожа Ахмет Ясауи есімін дүниежүзіне таныту мақсатында көптеген симпозиумдар мен іс-шаралар өткізгенін атап өткен жөн. Университет – Ясауиді жан-жақты танып, өмірі мен еңбектерін жақсы білетін ғалымдарды түлеткен жер. Бүгін ортамызда осы жолда маңызды ғылыми еңбектер дайындап жүрген оқытушыларымыз бен профессорларымыз да отыр.

Ахмет Ясауиге байланысты бүгінге дейін қаншама ғалым зерттеулер жүргізіп, жұмыстар атқарды. Бүгін де жиынның басты тақырыбына айналған Ясауиді, оның мәдениет саласындағы еңбектерін әрмен қарай танытуға атсалысамыз деп сенеміз!»,-деді Мұхиттин Шимшек.

Келесі құттықтау сөзді алған Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Илкер Пак:

«Түркістан – ғылым мен рахиният мекені. Қасиетті топырағынан ерекше леп есіп, байланысын сезесің. Атажұртқа айналған осы жерде бүгінгідей маңызды іс-шараның ұйымдастырылғанына қуаныштымын. Алдағы істеріңізге сәттілік тілеймін!»,-деді.

Ал, университет ректоры Жанар Темірбекова айтулы жиынның маңызын саралады. 

«Ардақты ғалымдар, сіздерді түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде көру – біздер үшін үлкен бақыт! 

Төрағамыз өз сөзінде Ясауи бабамыздың саналы ғұмыры, оның мирасы мен руханиятының Түркістан қаласынан шығып, Анадолыдан Еуропаға дейін қалай жеткенін атап өтті. Түркі әлемі мен Түркістанның пірі атанған Ясауи есімінің жыл өткен сайын қайта жаңғырып жатқаны рас.

Ясауи мұрасын зерттеу мен насихаттау, оны келешек ұрпаққа жеткізу үлкен міндет. Оны жақсы түсінген университетіміздің ғалымдары Ясауи бабамызға байланысты көптеген маңызды деректерді тауып, ғылыми айналымға енгізуде. Осы бойынша өздерінің көлемді еңбектерін жарыққа шығарып келеді. Жыл сайын Қожа Ахмет Ясауиге байланысты тәрбиелік және ғылыми іс-шаралар өткізеді»,- деді Жанар Темірбекова.

Сондай-ақ, басқосу барысында университетіміздің ректор өкілі Нажи Генч, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (ТИКА) төрағасы Серкан Каялар мен Анкара Хажы Байрам Вели университеті ректорының орынбасары Метин Орбай, осы оқу орнының профессоры Садуллах Гюлтен де құттықтау тілектерін жеткізді. 

Ашылу салтанаты воркшоп секциялық отырыстарымен жалғасты. 

Айта кетейік, келелі жиын әлеуметтік-мәдени бағдарлама бойынша 11-қыркүйекке дейін жалғасады. Жиылған қонақтар Арыстан баб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенелері мен өзге де қасиетті мекендерге зиярат етеді.