shape
shape

Тарих және жалпы ақпарат

Тарих және Жалпы ақпарат

1987 жылдан бастап Кеңес өкіметінің барлық медициналық институттарында алғашқы санитарлы-медициналық көмекті жоғары дәрежеге көтеру мақсатында ішкі аурулар кафедрасы құрамынан бөлініп, емханалық терапия кафедралары ашылды. 1995/96 жылдары Қазақстан Республикасының білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің денсаулық сақтау комитетінің шешімі бойынша емханалық терапия кафедрасының міндетіне  отбасылық және жалпы тәжірибелі дәрігерлерді дайындау жүктелді. Осыған орай университеттің медицина факультетінде алғаш рет «Отбасылық медицина және емханалық терапия» кафедрасы ашылды (17.05.96 ж. Сенат шешімі, 14.08.96 ж. N1-458 ректордың бұйрығы).

Кафедраны м.ғ.д., профессор Н.Түзелбаев алғашқы күннен бастап ұйымдастырып  басқарған.Кафедрада практикалық тәжірибелері мол ғылым кандидаттары, доценттер, тәжірибелі дәрігерлер  қызмет  етті.  Олар:  м.ғ.к., доценттер Казбекова К., Биболова А,  Анарбаев А., Илашев А., Абуова Г. және  ассистенттер Бердалиева Ф., Жақсыбаев А.  (2006 жылға дейін), Баймұратова Б., Кайназарова У., Умешова Ш. (2004 жылға дейін) және т.б. 

2005-2006 о.ж. - 2007-2008 о.ж. аралығында  кафедрада терапиялық бағыттағы отбасылық медицина және емханалық  терапия, ішкі аурулар кафедралары біріктіріліп,  құрамына ішкі аурулар, емханалық терапия, эндокринология, клиникалық аллергология, физиотерапия, жедел жәрдем, әлеуметтік медицина, кәсіптік кеселдер, емдік тамақтану, дерматовенерология, менеджмент  пәндері кірді. Кафедра құрамына м.ғ.д., профессорлар Байдаулет И., м.ғ.к., доценттер Казбекова К., Биболова А., Бектұрғанов Р., м.ғ.к., доц.м.а.  Сартаева К., Искандирова Э., Шагиева Г., м.ғ.к. Бекенов Н.,  Сұлтанбекова Г. кірді. Кафедра  түлек шығарушы ұжым болып есептелді. Кафедрада жалпы тәжірибелі дәрігер, терапевт-дәрігер интерндер біліктілік талабына сай дайындалады. Түлектеріміз Түркияда, Ресейде және Қазақстан Республикасында да  медицинаның барлық саласында дәрігерлік қызметтер атқарып жүр. 

2012-2013 о.ж. кафедраның атауы «Жалпы дәрігерлік практика және жедел жәрдем» деп ауыстырылды, амбулаторлы-емханалық көмек, жедел және шұғыл медициналық көмек, жедел жәрдем,  жалпы дәрігерлік практика (ЖДП), ішкі аурулар (ЖДП), балалар аурулары (ЖДП) пәндерінен тәжірибелік  сабақ жүргізіледі. 
2013-2014 оқу жылында «Жедел жәрдем» пәнінің басқа кафедраға ауыстырылуына байланысты кафедраның  атауы «Жалпы дәрігерлік практика» болып өзгертілді. 

2015-2019 жыл аралығында кафедраны м.ғ.к. А.А.Сариева,  м.ғ.к. Б.Қ.Жунисов,  м.ғ.д. А.Ш.Садыкова басқарды. 2019-2020 оқу жылында кафедра меңгерушісі болып м.ғ.к. К.Қулаев тағайындалып  бүгінгі күнге дейін осы қызметті атқарып келеді. Бүгінгі таңда кафедрада 5В130100 -«Жалпы медицина» интернатурасы және 7R01114 -«Радиология» мамандықтары бойынша білім береді. Кафедрада 1 медицина ғылымының докторы, 9 медицина ғылымдарының кандидаты,  4 аға оқытушы, 11 оқытушы жұмыс атқарады.