shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

Клиникалық кеңестің кеңейтілген ІІ мәжілісі өтті

2026 жылғы 15 қазанда Шымкент қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру факультетінде Клиникалық кеңесінің кеңейтілген ІІ мәжілісі өтті. Мәжілісті факультет деканы, м.ғ.к. Жагипарова Жанар Амангельдиновна, факультеттің ғылым және стратегиялық даму бойынша декан орынбасары Идаят Малика Ғалымжановна, Инновациялық білім беру жобалық офисі бас маманы Досмаилова Айгул Мусульманбековна және  Клиникалық кеңес төрайымы, м.ғ.к. Бахыт Қалбергеновна Аманбаева жүргізді.

Жиынға факультеттің профессор-оқытушылар құрамы, клиникалық базалардың өкілдері, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Түркістан облысының практикалық денсаулық сақтау саласының бас және бейінді мамандары қатысты.

Кездесу барысында факультет пен денсаулық сақтау ұйымдарының өзара ықпалдастығын дамыту, клиникалық тәлімгерлікті жетілдіру, практикалық денсаулық сақтау мамандарын білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және тәуелсіз емтихан қабылдауға тарту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар клиникалық базалармен бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеу, профессор-оқытушылар құрамының клиникалық қызметін үйлестіру және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық хаттамаларын әзірлеуге қатысу бағыттары қаралды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша резолюция қабылданды. Құжатта клиникалық базалардың емдеу-диагностикалық қызметіне жүйелі талдау жүргізу, медициналық көмектің сапасы мен нәтижелілігін бағалау, заманауи медициналық технологиялар мен клиникалық хаттамаларды енгізу, сондай-ақ клиникалық практиканы білім беру және ғылыми қызметпен ықпалдастыру міндеттері белгіленді.

Қабылданған шешімдерді іске асыру үшін 2026–2027 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді. Онда нақты іс-шаралар, орындау мерзімдері, жауапты тұлғалар және күтілетін нәтижелер айқындалған. Жол картасын іске асыру факультеттің клиникалық қызметінің тиімділігін арттыруға, медициналық білім сапасын жақсартуға және практикалық денсаулық сақтау ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.