shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

YASAWI WINTER SCHOOL: СТРАТЕГИЯ АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ

Бүгін оқу ордамызда ұйымдастырылған Қысқы мектеп аясында Стратегия апталығы бастау алды. 

Стратегиялық даму, рейтинг және сапа орталығы ұйымдастырған апталықтың алғашқы күні –  стратегиялық сессия отырысына арналды.

Апталықтың басты мақсаты – университеттің 2024-2029 жылдарға арналған даму бағдарламасының стратегиялық міндеттерін іске асыру шеңберінде 2024 жылғы есептік кезең бойынша қызмет нәтижелері мен 2025-2026 жылдарға арналған жоспарларды талқылау.

Жиынға вице-ректорлар мен департамент директорлары, құрылымдық бөлім басшылары, факультет декандары, ҒЗИ директорлары және кафедра меңгерушілері қатысты.

Ең алдымен, университет ректоры Жанар Темірбекова Стратегиялық сессияның маңызы туралы кеңінен баяндап, апталықтың сәтті өтуін тіледі.

Сессияны Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры Айнаш Ошибаева бастады.

Айнаш Ошибаева қатысушыларға 2024-2029 жылдарға арналған Даму бағдарламасының стратегиялық мақсаттарын іске асыру барысы (қол жеткен және қол жеткізілмеген көрсеткіштер, дәлелдемелік база және ұсынымдарды қоса алғанда) туралы 2024 жылға арналған қорытынды есебін ұсынды. Сонымен қатар, қызмет бағыты бойынша 2025 жылға арналған Action Plan жоспарын қарастырып, негізгі іс-шараларды атады.

Келесі кезекте, Ғылым департаментінің директоры Хайрулла Масадиков, Коммерцияландыру офисінің директоры Азат Исаков пен өзге де спикерлер стратегиялық даму бағыттары бойынша жоғарыда аталған бөлімдерді жіктеп, есеп пен ұсыныстарын баяндады.

Ал академиялық даму вице-ректоры Эльмира Идрисова өзі жетекшілік ететін бағыттар бойынша индикаторлар нәтижесін ұсынып, артық-кем тұстарын нақтылап, алдағы жоспар мен жұмыс қарқыны туралы айтты.

Стратегиялық даму, рейтинг және сапа орталығының басшысы Салтанат Кырыкбаева соңғы айларда ұжыммен жүргізілген ауқымды жұмысты атап өтті. Ол университет даму бағдарламасына сай әрекет етуі үшін әрбір факультет пен бөлім экшн-жоспар әзірлеп, соның негізінде жұмыс істеуі керек екенін айрықша тілге тиек етті.

Сессия қатысушылары есептерді тыңдап, сұрақтарына тың жауаптар алды. Сондай-ақ, өз ұсыныстарын ортаға салып, пікір алмасты.

Айта кетейік, стратегиялық сессия 22-қаңтарға дейін жалғасады.