shape
shape

Іс-шаралар

Blog Image

ТОҒЫЗДЫҚТАР ТОҒЫСҚАН КҮН

    9 қыркүйек - Дүниежүзілік тоғызқұмалақ күніне орай жаңадан ашылған саябақта спорттық-танымдық шара өтті. Осылайша, тоғыздықтар тоғысқан сәт ұлттық зияткерлік ойынымыз – тоғызқұмалақпен ерекше үндестік тапты.

    Іс-шараға ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Пейами Баттал бастаған вице-ректорлар, декандар, оқытушылар мен студенттер, сондай-ақ түркі халықтарының жастары қатысты.

    Шараның басты мақсаты – түркі халықтарына ортақ зияткерлік ойын – тоғызқұмалақты жастар арасында кеңінен насихаттау және дәріптеу, ұлттық ойындар мен ұлттық киім арқылы төл құндылықтарымызды ұлықтау.

   Шара барысында ұйымдастырушылар қатысушыларға тоғызқұмалақ ойынының қыр-сырын түсіндіріп, тәжірибелі ойыншылар студенттер мен оқытушыларға ойын тәсілдерін үйретті.

    Түркі халықтарының жастары мен оқытушылар тоғызқұмалақ ойнап, логикалық ойлау, стратегиялық шешім қабылдау, қорғаныс пен шабуылды үйлестіру дағдыларын жетілдірді. Бұл өз кезегінде ортақ түркілік мұраны дәріптеп, жастар арасындағы мәдени және рухани байланысты нығайтуға ықпал етті.

    Саябақта өткен спорттық-танымдық шара қатысушыларға мазмұнды зияткерлік демалыс сыйлады. Олар күнделікті қарбаластан бір сәт сергіп, логикалық ойлау қабілеттерін шыңдап, ұлттық зияткерлік ойын – тоғызқұмалаққа деген қызығушылықтарын арттырды.

    Осылайша, 9-айдың 9-күні, сағат 09:00-де тоғыздықтар тоғысқан ерекше сәтте университет ұжымы ұлттық мұрамызды ұлықтап, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ күнін атап өтті.