shape
shape
Іс-шаралар
Blog Image

ИНКЛЮЗИВТІ СПОРТ: ЕУРОПАЛЫК ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МОДЕЛЬ

Оқу ордамызда «Орхун» академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Түркия Республикасының Кырыккале университеті Спорт ғылымдары факультеті деканының орынбасары, профессор Пелин Аксеннің «Инклюзивті спорт тәжірибелері: Еуропалық тәжірибеден Қазақстан үшін тұжырымдар» тақырыбында ғылыми семинары өтті.

Семинар барысында инклюзивті спортты дамытудың заманауи бағыттары, ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастардың дене белсенділігі мен спортқа қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, Еуропа елдеріндегі озық тәжірибелерді Қазақстан жағдайында тиімді қолдану мәселелері жан-жақты талқыланды.

Профессор Пелин Аксен халықаралық тәжірибелер мен ғылыми зерттеулер нәтижелеріне сүйене отырып, инклюзивті спорттық ортаны қалыптастырудың тиімді тетіктеріне тоқталды. Сондай-ақ қатысушылармен пікір алмасып, инклюзивті білім беру мен спорт саласындағы өзекті мәселелер жөнінде ғылыми көзқарастарын ортаға салды.

Кездесу аясында Қазақстан мен Түркиядағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастардың дене белсенділігі мен спортқа қатысуын зерттеуге бағытталған ортақ ғылыми жоба әзірлеу мүмкіндігі қарастырылды. Бұл бастама екі ел ғалымдары арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтып, инклюзивті спорт саласында бірлескен зерттеулер жүргізуге негіз болмақ.

Шара соңында профессор Пелин Аксенге университет ректоры Жанар Темірбекованың алғыс хаты табысталып, естелік сыйлық ретінде Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановқа арналған өлеңдердің Ержан Артынбаев жасаған түрік тіліндегі аудармалары жинақталған кітап сыйға берілді.

Ғылыми семинар инклюзивті спорт саласындағы халықаралық тәжірибе алмасуға, жаңа ғылыми байланыстар орнатуға және Қазақстан мен Түркия арасындағы академиялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.