Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің (ХҚТУ) Зерттеулер бойынша этикалық комиссиясы (Комиссия) биомедициналық зерттеулерге қатысушылардың қауіпсіздігін және құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында биомедициналық зерттеулер жүргізумен байланысты құжаттарға оларды жоспарлау кезеңінде, орындалу барысында және аяқталғаннан кейін биоэтикалық сараптама жүргізетін тәуелсіз сараптама органы болып табылады. Сонымен қатар, Комиссия зертханалық жануарларды биомедициналық тәжірибелерде пайдалану ережелерін, оларға адамгершілікпен қарау принциптерін, сондай-ақ зерттеу материалдарына этикалық және моральдық-құқықтық баға беруді атқарады.
Комиссия өз қызметінде келесі құжаттарды басшылыққа алады: Қазақстан Республикасының Конституциясы, ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі, «Жақсы клиникалық тәжірибе», «Тиісті зертханалық тәжірибе» ҚР Мемлекеттік стандарты, Дүниежүзілік медициналық ұйымның Хельсинки декларациясы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының биомедициналық зерттеулерге сараптама жүргізетін этика комитеттерінің жұмысына арналған нұсқаулық, эксперименттік және басқа да ғылыми мақсаттарға арналған омыртқалы жануарлардың құқықтарын қорғау жөніндегі Еуропалық конвенция, ҚР клиникалық зерттеулерді реттеу саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілер, зерттеу этикасы саласындағы халықаралық декларациялар мен нұсқаулар және Биоэтика жөніндегі жергілікті комиссия туралы ереже.
Комиссия жергілікті деңгейде ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде гуманизмнің, моральдың және биомедициналық этиканың жалпы принциптерін сақтауға қатысты барлық мәселелерді қарайды.
Комиссия ХҚТУ құрылымдық бөлімшесі болып табылады және 2022 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істейді.