shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

«Қазақстан – академиялық білім беру аумағы»

УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ AI-JAN ЖОБАСЫ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

Астана қаласында өткен «Қазақстан – академиялық білім беру аумағы» стратегиялық серіктестер форумы аясында ұйымдастырылған AI-Sana Ceremony іс-шарасында оқу орнымыздың AI-Jan жобасы «Қоғам игілігі үшін: жылдың әлеуметтік бастамасы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

AI-Sana бағдарламасы – бұл Мемлекет Басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан, білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу және цифрлық құзыреттерді дамытуға бағытталған ұлттық жоба.
 

Іс-шара қатысушыларын Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев және ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтап, AI-Sana бастамасының жаңа буынның зияткерлік әлеуетін арттырудағы стратегиялық рөлін атап өтті.

Форум жұмысына университет атынан Стратегиялық даму және ғылым жөніндегі вице-ректор Айнаш Ошибаева қатысып, марапатты қабылдап алды.

AI-Jan жобасы университеттің Коммерцияландыру офисі жүзеге асырып отырған YASAWI STARTUP бағдарламасы аясында әзірленген. Бұл жүйе мектеп оқушылары мен студенттерге эмоционалдық күйзеліс кезінде көмек беріп, буллингтің алдын алуға көмектеседі.

Аталған марапат – жасанды интеллектті қоғам игілігіне пайдалану бағытындағы университет жастарының инновациялық ізденісіне берілген жоғары баға деп санаймыз.

Университетіміз алдағы уақытта да жасанды интеллект, білім мен инновацияны біріктіретін стартаптарды дамыту, экожүйені күшейту және жастардың бастамаларын қолдау бағытындағы жұмысын жалғастыра береді.