24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулез күніне орай түсіндіру жұмыстары жүргізілді
24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулез күніне орай “АИ” дәрігерлік амбулаториясының медицина қызметкерлері студенттер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – жастар арасында Туберкулез ауруының алдын алу, оның белгілері мен таралу жолдары туралы түсіндіру және денсаулыққа жауапкершілікпен қарауды насихаттау.
Кездесу барысында медицина мамандары туберкулездің жұғу жолдары, алғашқы белгілері, алдын алу шаралары және ауруды ерте анықтаудың маңыздылығы туралы жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ студенттерге ұзақ уақытқа созылған жөтел, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, тәбеттің төмендеуі сияқты белгілер байқалған жағдайда уақыт оздырмай медициналық мекемеге жүгіну қажеттігі түсіндірілді.
Мамандардың айтуынша, туберкулез – дер кезінде анықталып, толық ем қабылданған жағдайда жазылатын аурулардың бірі. Сондықтан профилактикалық тексерулерден уақытында өту, жеке бас гигиенасын сақтау, дұрыс тамақтану және салауатты өмір салтын ұстану – аурудың алдын алудың негізгі жолдары болып табылады.