Хабарландырулар

shape
shape

Сараптама

ЖЫЛ ЖЕМІСТІ БОЛДЫ!

Жанар ТЕМІРБЕКОВА, ректор:
 

2024 жыл Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті үшін маңызды оқиғалар мен жарқын жетістіктерге толы жыл болды. Бұл маңызды қызметтің бәрі Ғылым және жоғары білім министрлігінің және Өкілетті кеңес мүшелерінің үздіксіз қолдауы арқасында жүзеге асты. Осы орайда Сіздермен жыл қорытындысын бөлісіп, биылғы табыстарымызды назарларыңызға ұсынамыз.
 
????АКАДЕМИЯЛЫҚ БАҒЫТ
• Оқу бағдарламалары халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, цифрлық технологиялар мен онлайн оқыту платформалары белсенді түрде енгізілді.
• Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің бастамасымен, оқу орнымыз бен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесе ұйымдастырған «Academic Leadership Institute: Deans' School» атты декандардың кәсіби дамуына арналған жаңа бағдарлама іске қосылды.
• Университетіміздің 4 оқытушысы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын, ал 3 оқытушысы Президенттік ғылыми стипендияларды, тағы 4 оқытушымыз «Болашақ» бағдарламасы стипендиясын жеңіп алды.
• Теология факультетінің 21 студенті Түркияға бір семестрге оқуға аттанды.
• 1200 студент оқу орнын сәтті аяқтап, үздік түлектер «Ақ жол, Ясауи түлегі – 2024» кешінде марапатталды.
 
????ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУЛЕР
• 2024 жылы университетімізде халықаралық, республикалық және университеттік деңгейде жалпы саны 220 ғылыми іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «TURKTIME!» бастамасы аясында университетімізде 2024 жылы ірі он халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылып, оған 30 елден 2500-нан астам ғалым қатысқанын атап өткеніміз жөн болар.
• Университетіміз ғалымдары дайындаған жалпы бюджеті 4 млрд теңгені құрайтын бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы барлық бағалау үдерістерінен сәтті өтіп, Ұлттық ғылыми кеңестің шешімімен жеңімпаздар тізіміне енді.
• Бұдан бөлек, ғалымдарымыздың ғылыми қаржыландыруға ие болған 36 жобасы сәтті іске асып жатыр.
• Жоғары импакт-факторлы журналдарда 241 мақала жарияланып, университетіміздің ғылыми әлеуеті артты.
• Ахмет Ясауи университетінің ғалымдары «STEM және креативтілік» оқу-зертханасында 3D-принтерлер мен басқа да жабдықтардың көмегімен телескоп жасап шығарды.
• «STEM және креативтілік» оқу зертханасы мен «Нанотехнологиялар және энергетикаға арналған жаңа материалдар» ғылыми зертханасы ашылды.
 
????РЕЙТИНГ ЖЕТІСТІКТЕРІ
• Университетіміз QS World University Rankings рейтингінде 801-850 орын аралығындағы позицияға орналасып, рейтинг агенттігінің арнайы естелік белгісі мен сертификатына ие болды.
• Университетіміз Times Higher Education Impact Rankings (THE) – 2024 рейтингі нәтижесі бойынша қазақстандық ТОП-5 университет қатарынан көрінді.
• Оқу орнымыз QS Sustainability рейтингісінің нәтижесі бойынша әлемдік университеттер арасында 1401-1450 позицияны иеленді.
 
????ЖАСТАР САЯСАТЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ШАРАЛАР
• 2024 жылы Жастар орталығының ұйытқы болуымен студенттер арасында әртүрлі бағыттағы 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар студенттердің жан-жақты дамуына, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне, шығармашылық қабілеттерін арттыруына және тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруына ықпал етті. «YASAWI ЖҰЛДЫЗЫ-2024», «CLUB FAIR – 2024», «Түркі Тарланы мен Бегім сұлуы» сияқты ауқымды шаралар ұйымдастырылды.
• Университет спортшылары Әлем және Азия чемпионаттарында 27, Халықаралық жарыстардарда – 33, Қазақстан біріншілігінде 131 медаль жеңіп алды.
• Түлектер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты ІІ Түлектер форумы өтті. Айтулы жиынға бүгінге дейін оқу ордамызда білім алған түлектер мен ардагер ұстаздар және студенттер, зиялы қауым өкілдері қатысты. Түлектер Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналды.
 
????МӘДЕНИЕТ БАҒЫТЫНДАҒЫ ИГІ ІСТЕР
• Оқу орнымыздың мәдени дамуы бағыты әрдайым басты назарда. Осы орайда 2024 жылы университетімізде 20-дан астам ірі мәдени іс-шаралар ұйымдастырғанын атап өтеміз.
• Университетіміздің студенттерінен құралған «Бисұлтан» би ансамблі республикалық «Халықтық» атағына ие болды.
• Университетіміз бен Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының бірлескен жобалары сәтті жүзеге асырылды.Оның бірі – «Спхна тілі» жазғы мектебі.
• Актерлік өнер мамандығының 3-курс студенттері және қоюшы режиссері – ҚР Мәдениет саласының үздігі Мақсат Айтжановтың жетекшілігімен «Ясауи жолы» спектаклі көпшілік назарына ұсынылды. Бұл қойылым көптің көңілінен шығып, жоғары бағаға ие болды, сондықтан да шығар бір жыл ішінде бірнеше рет сахналанды.
• Университетіміздің профессор-оқытушылары мен қызметкерлерінің балаларына арналған – «Ясауи лагері» жазғы мектебі өтті.Сондай-ақ, балалар күніне орай, Спорт және өнер факультетінің студенттері бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап, «Ертегілер әлеміне саяхат!» атты арнайы мерекелік концерт ұйымдастырды.
 
????ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАР
• Университетіміз 2024 жылы ішкі және сыртқы стратегиялық серіктестерімен 250-ге жуық меморандум түзді.
• Visisting Professor жобасы аясында АҚШ, Италия, Венгрия. Түркия және т.б. елдерден білікті профессорлар келді.
• Ясауи университетінің 40 студенті алдағы екі апта бойы Түркияның Анкара, Стамбул, Бурса, Чанаккале, Балыкесир, Билечик, Кония, Невшехир, Болу қалаларын аралап, семинарлар мен презентацияларға қатысып, аталған шаһарлардың тарихи, мәдени және әлеуметтік құрылымы туралы ақпарат алды.
• Оқу орнымызда «Ясауи Түркология жаз оқуы – 2024» жобасы аясында Солтүстік Кипр мен Түркия Республикасынан 20-ға жуық студент пен оларға жауапты қызметкер арнайы келді. Ал «Анадолы мектебі Қорқыт Ата ізімен» атты бағдарламасы аясында Түркия мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиылған 20 студент пен 8 қатысушыны оқу орда төрінде қонақ етіп, кездесу өткіздік.
• Оқу ордамыз бен «Манас» қырғыз-түрік университеті арасындағы академиялық ынтымақтастық келісім шарты жаңартылды.
 
????ҚОНАҚТАР
2024 жылы университетке құрметті қонақтар келді:
• Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы, профессор, доктор Нуман Куртулмуш, Түркияның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сейфуллаһ Хажымүфтүоғлу, Францияның Қазақстандағы Бас консулы Фабрис Неве, Малайзияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Мохд Адли Абдулла, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, сондай-ақ,Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің қызметкерлері, 
Оңтүстік Кореяның Вусонг университетінің өкілдері, ҚР Сенаты депутаттары және басқа да халықаралық делегациялар университеттің жұмысына оң баға берді.
 
????ШАРУАШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Шаруашылық және университет инфрақұрылымн реттеу және дамыту жұмыстары бір сәтке де тоқтаған емес. Жөндеу жұмыстарын жүйелі жүргізу басты назарда. Көрер көзге де университетімізде атқарылып жатқан істер байқалады деп ойлаймыз. Студенттік және жанұялық жатақханалар үздіксіз жөндеуден өтеді. Оның ішінде, биыл «Тұран» жатақханасына толық жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.Одан бөлек оқу аудиториялар, зертханалар мен дәріс залдарына, спорт залдарына көңіл бөліп жаңарттық. Студенттеріңізге және қызметкерлерімізге жүріп, серуендеуге ыңғайлы болсын деп университет ішіндегі жолдары, аллея көшелерін жаңарттық. Осы орайда кампус ішінде 6000 шаршыметрден асатын автожолды заманауи асфальтпен төсеп берген облыс әкімшілігіне алғысымыз ерекше. Сондай-ақ бірнеше деканат пен бөлімнің офистерін реттеп, жаңа жиһаздармен қамтамасыз еттік. Бұл игі шара тоқтамайды, жаңа жылға жақсы жоспарларымыз көп.
МАҢЫЗДЫ СҰРАҚТАРҒА АШЫҚ ЖАУАП АЛДЫҚ
Жанар ТЕМІРБЕКОВА, ректор:
 
 
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Ана тілі” газетіне маңызды мақаласы жарияланып,оны қоғам өкілдері, зиялы қауым, барша халық қызу талқылап жатыр. Президент еліміздің ішкі және сыртқы ахуалы туралы маңызды сұрақтарға ашық жауап берді.
Университет басшысы ретінде 2024 жылы студенттер шәкіртақысы және ғылымды қаржыландыру көлемі артқаны, халықаралық «Болашақ» стипендиясы мен жас ғалымдардың шетелдегі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуі сияқты игі жұмыстарды атап өтпесек болмайды. Жыл көлемінде атқарылған істерді тізбектей берсек, біразға баратынымыз анық. Сондықтан маңыздыларына тоқталып, Президентіміздің сұхбатында атап көрсеткен кейбір тұстарына тоқтала кетуді жөн көрдім.
 
????Мемлекет басшысы, ең бірінші, елімізде болған көктемгі су тасқынына назар аударды. Иә, расымен, бұл бәріміз үшін оңай кезең болмады. Нағыз бірлік мен татулығымызды көрсететін сын сағат туды. Сол бір қиын сәтте оқу орнымыздың ұжымы мен студенттер алыстағы ағайынға қол ұшын созуға асықтық. 500-ге жуық оқытушымыз мен қызметкеріміз бір күндік жалақысын қайырымдылыққа аударып, 4 млн теңгеден астам қаражат жиналды. 
Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек түркиялық бауырлардың атынан қосымша 3 млн теңге қаражат жіберді. Ал, оқу орнымыздың болашақ актер студенттері арнайы қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» атты қойылымды сахналады. Билет сатылымынан түскен қаржыны материалдық көмекке аударды. 
Осылайша, Х.Досмұхаммедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисовпен кеңесе отырып, Атырау облысына бөгет пен дамбы салуға қажетті құрылыс-шаруашылық заттарын жібердік. Табиғи апат кезінде “бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып”, аз да болса халық үшін пайдамыз тигеніне қуандық.
Әрине, су тасқыны еліміздің аймақтарына орасан зор залал алып келді. Десе де, мемлекет тарапынан зардап шеккендерге көмек көрсетілді, тиімді жұмыс атқарылды деп санаймыз. Бірақ, әлі де табиғат апаттарын еңсеріп, оған төтеп беру жұмысында ақсаңдап тұрмыз. Мұны Президент де мойындады. Осы тұста билік өкілдері сала ғалымдарымен, зерттеушілерімен тығыз байланыста болсын деген ниетпен Түркияның озық ғалымдарын университетімізге шақырып, отандық ғалымдармен және облыс басшыларымен кездестіріп, бірнеше маңызды жоба жоспарладық. (Түркиялық ғалымдардың репортажын сілтемеден көреаласыздар).
????Президенттің былтырғы ең керемет бастамаларының бірі — “Таза Қазақстан” акциясы болғаны анық. Президенттің сөзінше, бұл акция қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алған. Расымен, бұл идея сәтті болып, республика көлемінде қолдауға ие болды. Оқу орнымыздың ұжымы мен студенттері де бұл акцияны қолдап, қоршаған ортамызға, экологиямызға, тарихи қалалар мен ескерткіштерімізге қамқор болдық, тазаладық, екінші демін ашуға тырыстық. 
Табиғатқа қамқорлық халқымызға жат емес. Кішкентайымыздан “Бір тал кессең, он тал ек”, “Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын” - деген мақал-мәтелді естіп өстік. Бекер емес, сондықтан да “Таза Қазақстан” идеясы ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналуға тиіс”,- деген Президент идеясын қолдауымыз қажет.
???? Қ. Тоқаев: “Әділетті мемлекет дегеніміз – құқықтық мемлекет. Онда азаматтардың бәрі заң алдында тең болады, заңдарды, ережелерді және нормаларды қатаң сақтай отырып, жалпыға бірдей мүмкіндіктерді толық пайдалана алады”. Иә, әділетті ел құрамыз десек, ең бірінші сол елде өмір сүретін әрбір азаматтың құқығын қорғай алуымыз керек. Сонда ғана әділеттік орнайды. Бұл тек президентке жүктелген міндет емес, әділетті мемлекет орнату әрбіріміздің жауапкершілігіміздегі іс. 
Білім беру мекемесі ретінде біз өз жауапкершілігімізді түсінеміз және соған сай қызмет етуге тырысамыз. Сондықтан, Ахмет Ясауи университетінің негізгі құндылықтарына “Әділеттілік” қағидасына қосып қойдық. Бұл ұжымымыз бен студенттеріміздің негізгі ұстанымы болғанын қалаймыз. Осылайша, әрқайсысымыз өзімізден бастай отырып, әділетті қоғам орнатамыз.
???? Әділетті Қазақстан дегенде ойға бірден Заңдар түсетіні анық. Былтырғы ең басты қабылданған заң — әйелдердің құқығын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған заң болды. Негізі, бұл заң әлдеқайда ертерек қабылдануы қажет еді. Мүмкін сонда соңғы жылдары орын алған кейбір жағымсыз жағдайлардың алдын алар ма едік… Әйтсе де, дер кезінде ес жиып, әйелдер мен балаларға қатысты қандай да бір зорлық-зомбылықтың артында ауыр жаза қолданылатын күнге жеттік. Бұл, құқықтық әлеуетімізді арттырған тағы бір жетістік. Бұдан өзге де қаншама жақсы Заң жобалары бекітілді. Олардың әрбірі осы ел азаматы ретінде біз үшін маңызды.
????Мемлекет басшысы соңғы кездері әлемде кеңінен тарап жатқан — жасанды интеллектті дамыту жұмыстарына жеке тоқталды.
“Жастарға мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жасанды интеллект технологияларын қолдана білуді үйрету маңызды. Былтыр еліміздің 15 университетінде Google компаниясының жасанды интеллект жөніндегі курстары енгізілді. Осы саланың мамандарын даярлау үшін арнайы бағдарлама әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр (AI-Sana)”,- деп, әсіресе, білім беру орындарындағы жұмысты атап өтті. 
Цифрландыру дамыған заманда оның толқынына ілесе алуымыз тиіс. Университетіміз де мұны жақсы түсінеді және инженерлік бағыттағы білім беру бағдарламаларын дамытуға атсалысады. Ойымызда бірқатар өзекті жоспарларымыз бар.
????Президентіміз сұхбатында Қазақстанның халықаралық байланысы туралы сұрақтарға жауап берді. АҚШ, Қытай, Ресей сияқты әлем алпауыттармен және де бауырлас Түркі әлемімен жан-жақты қарым-қатынас тетіктерін бағамдады. Әрине, түркі жастарының басын қоқан халықаралық оқу орны болғандықтан, бізге Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы туралы ойы қызық болды. Білесіздер, Түркі мемлекеттері ұйымына Қазақстан төрағалық еткен кезде Мемлекет басшысы TURKTIME ұранын ұсынды. Президентіміздің бұл мәлімдемесін Ахмет Ясауи университетінің ұжымы үлкен ықыласпен жәнешабытпен қабылдады. Себебі оқу ордамыздың негізгі миссиясы — Түркі тілдес мемлекеттер мен түркі текті қауымдастық жастарына бір шаңырақ астында сапалы білім беру, инновациялық оқыту мен ғылыми зерттеулерде көшбасшы болу. Ал Президент ұсынған TURKTIME! бастамасы университетімізде түркітілдес елдер арасындағы ғылым, білім, мәдениет және спорт салаларында ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды іс-шаралардыұйымдастыруға ұйытқы болды. 2024 жылы осы идея асында көптеген ғылыми конференция ұйымдастырылып, оған 30 елден 2500-нан астам ғалым қатысқанын атап өткеніміз жөн болар.
Түркі елдерінің тарихы тереңге жайылған бауырластығын бекемдеуге бағытталған жұмысымыз университет құрылған күннен бастап тоқтамаған және тоқтамайды да.
????”Қазақ тілі” мәселесі. Сұхбаттағы өзекті тақырыптардың бірі болғаны анық. Әрине, қазір ана тіліміздің көкжиегі мен қолдану аясы кеңейіп келеді. Дегенмен, мұнымен тоқтап қалмауымыз қажет. Президент айтқандай: “Бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ғылым-білім саласындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, мектептер мен басқа да оқу орындарында қазақ тілін үйрету жүйесін жетілдіруге қоса оқытушылардың мәртебесін арттыру мәселесін де шешу қажет. Цифрлық технологияларды қолдануға баса мән берген жөн. Өйткені қазақ тілінің алдағы тағдыры, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеті көбіне осыған байланысты болады.
Шығармашыл жастар және креативті индустрия мемлекеттік тілді дамыту ісіне пайдасын тигізе алады”.
Иә, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыруға жоғары оқу орындарының, онда қызмет ететін ғалымдардың, студенттерге сабақ өтетін оқытушыларымыздың үлесі зор болмақ. Біз мұны жақсы түсінеміз, сондықтан былтыр ғалымдардың, зиялы қауым өкілдері мен тіл жанашырларының басын қосып, алғаш рет “Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация” республикалық симпозиумын өткіздік. Басқосуда сөз алған әрбір спикер мен ғалымдар түйткілді мәселелерді ашық айтып, қазақ тілінің келешегіне және оның ғылым тіліне айналуына қатысты өзекті ой-пікірін айтып, ашық талқы алаңын құрды. Симпозиум аясында арнайы резолюциясы да қабылданып, "Ана тілі" газетінде жарияланды, ол мақаланы осы посттың сілтемесінден оқиаласыздар.
????Сұхбат соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға үлкен үміт артатынын жасырмады. Әсіресе, жастарға айтқан мына ақыл-кеңесі ұнады — Президент: “Бір ғана тілегім, ақыл-кеңесім бар: жас азаматтарымыз дүниетанымы тұрғысынан жасампаз, ойлау қабілеті жағынан сындарлы болуға тиіс, олар жақсы мен жаманның аражігін ажырата білуі керек. Жастарымыз халқымыздың болмысына жат идеялардың жетегінде кетпесе, күйзеліске түспесе, нигилизмге бой алдырмаса екен деп тілеймін. Олардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын”.
Расында, өскелең ұрпаққа бәріміз сеніммен және үмітпен қараймыз. Себебі, ел тұтқасы жастардың қолында. “Мемлекеттің міндеті – жас мамандарға материалдық және моральдық жағынан көмектесу”, - деді Президент. Меніңше, бұл көмек жақсы деңгейде көрсетіліп келеді. Жастарымыз тек сол мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып, сапалы білім алып, сауатты маман болып, өз саласында біліктілік пен жетістік көрсете алса, еліміздің жан-жақты әлеуеті күшейетіні сөзсіз.
ПРЕЗИДЕНТТІҢ ОЙЫ МЫҒЫМ, ҰСТАНЫМЫ БЕРІК ЕКЕН
Бекжігіт СЕРДӘЛІ, профессор:
 
Біз зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан Қазақстанның кез келген азаматы бұқаралық ақпарат құралдарының біріне сұхбат беруге, ал сұхбатты оқып шыққан адамның пікір білдіруге құқы бар.
Президент те сіз бен біз сияқты ет пен сүйектен жаралған ел азаматы. Бұл жолы көптің көкейінде жүрген ойын, кесімді пікірін елдің назарына жеткізу үшін халыққа ең қолайлы әрі ең сенімді ақпарат көзі – баспасөзді, оның ішінде төл тілімізді алдаспанындай аманаттап жүрген ұлт үнжариясы – «Ана тілі» газетінің мінберін пайдаланыпты. Бір жағынан бұл ел Президентінің газетке деген құрметі болса, екінші жағынан «газет өліп барады» деп байбалам салатындарға ой салар жағдаят болды.
 
Әрине, Президенттің күн сайын сұхбат беруге уақыты жоқ. Тек толғағы жеткен мәселелер қордаланып қалғанда ғана мінбер сұрайды. Оның үстіне Ел басшысының бір ауыз пікірі біраз жайттың бетін ашып, талас тудырып жүрген мәселелерге нүкте қоятыны анық. Қалай десек те, ол конституциялық пәрмені бар маңызды тұлға әрі тәжірибелі мәмілегер. Сондықтан ол әр сөзін «жеті өлшеп, бір кеспей», жәй ғана айта салмайды.
Сұхбатта елдің көкейінде жүрген біраз мәселелер айтылды. Өткен жылдарға есеп беріліп, табиғат апатына, су тасқынына, ұшақ апатына, мәмілегерлік мәселелерге, Президент сайлауына, "Таза Қазақстан" акциясына, біріңғай уақыт белдеуіне, Министрлер кабинетінің жұмысына, ұлттық валюта бағамына, Әділетті Қазақстан реформаларына, заң мен тәртіпке, Талғар оқиғасына, парламенттік басқару жүйесіне, цифрландыру саясатына қатысты қадау-қадау ойлар айтылды. Әсіресе, бірінші Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасына қатысты пікірі елді елең еткізді. Біз саясаткер емеспіз, осы жолы айтылуы тиіс мәселе болған да шығар, кім білсін. Оған олай, не былай деп баға бере алмаймыз.
????«Ашығын айту керек, ол отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтін. Мұны да айта кеткен жөн. Үнемі Премьер-Министрді, Ұлттық банктің төрағасын, министрлерді, әкімдерді шақырып алып, жиналыс өткізетін. Бұған өз азаматтарымызды былай қойғанда, шетел басшылары мен дипломаттары да таңдана қарайтын. «Назарбаев қызметінен кеткен соң тіпті жоғарылады, енді Президент те оған бағынады» деген әзіл әңгіме де пайда болды. Ал, шын мәнінде, бұл әзілдейтін жағдай емес еді. Бұл жағдай қосарланған билік туралы алып қашпа әңгіменің өршуіне әкеп соқты. Шенеуніктер де кабинеттен кабинетке жүгіріп, кімнің тапсырмасын орындайтынын білмей дал болатын. Ол аз десеңіз, кейбір шенеуніктер «Елбасы институты Президент билігінен жоғары тұруға тиіс» деп, ақылға сыймайтын жағдайды заң жүзінде негіздемек болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, өзінің Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуін және бұрынғы президенттің сол жылы желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД елдерінің саммитіне қатысуын нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалар деуге болады» деген пікір айтылды.
Газет журналисі тарапынан: «Жақында тұңғыш Президенттің Мәскеуге барып, Владимир Путинмен кездесуін жұртшылық сан-саққа жүгіртті. Биліктен кеткеннен кейін бес жылдан соң бұлай жүздесудің ақылға сыймайтыны айтылды. Қазақстанда алдағы уақытта Президент сайлауы өтеді-міс деген болжамдар да пайда болды. Мұндай кездесу кімге және не үшін қажет, бұған кім бастамашы болды?» деген тосын сұрақ қойды.
????Президентіміз бұған былай деп салмақпен жауап берді: «Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің желтоқсандағы кездесуі өткен жылдағы екінші жүздесуі ғой деймін. Күз басындағы бірінші кездесу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған жоқ. Олар байырғы достар әрі әріптестер ретінде жүздесетін болса керек, ортақ әңгімелері де бар шығар. Мұндай кездесулер әдетте Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен өтеді. Ол үшін мұның маңызы зор».
Қаңтар дүрбелеңіне байланысты да ашық пікір айтылды.
????«Біз халықтың берекелі бірлігінің арқасында осы ауыр сынақтан сүрінбей өттік. Қаңтардағы оқиғадан бәріміздің зор сабақ алғанымыз сөзсіз. Біріншіден, елдегі билік жұдырықтай жұмыла білуге тиіс, қосарланған билікке ешқашан жол берілмеуі қажет. Екіншіден, Президент – «Құдайдың жердегі көлеңкесі» емес, мемлекетті басқару үшін белгілі бір мерзімге сайланған менеджер ғана. Үшіншіден, жоғары мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді, соның ішінде күштік құрылым басшыларын мұқият іріктеу керек. Олар Отанымызға, яғни Қазақстан Республикасына адал болуға тиіс» деді Президент.
Президент: «Ең бастысы, «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алып, ел бірлігін көздің қарашығындай сақтап, әділдік қағидатын барынша орнықтыру қажет» деді.
ҒЫЛЫМИ БАҒЫТТА ҚОЙЫЛҒАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ МІНДЕТТЕР АЗ ЕМЕС
Жанар ТЕМІРБЕКОВА, ректор:
 
Кез келген оқу орнының ғылым саласындағы қол жеткізген жетістіктері – сол университеттің шынайы әлеуетін көрсететін бірегей сала. Оқу орнымыздың өте маңызды әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін ғылыми бағытта атқарған жұмыстары аз емес.
 
Қазіргі ғалымдарға қойылатын ауқымды міндеттердің бірі – импакт-факторы нөлден кем емес халықаралық базадағы жоғары рейтингілі басылымдарға мақала жариялау. Соның бір көрсеткіші ретінде жалпы 2019-2024 жылдар аралығында Sсopus және Web of Sciense базаларында индекстелетін журналдарда 1000-нан астам мақала жарияланды. Оның ішінде 2024 жылы 250 шамасында мақала жаряланған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артты.
2021 жылдан бастап университетте импакт факторлы журналдарда жарияланған ғылыми мақала және патент авторларын марапаттау бойынша ынталандыру қаражаты 900 000 теңгеге дейін арттырды. Нәтижесінде 2020 жылы 1,5 млн тенге болған жарияланымдардың ынталандыру қаражат көрсеткіші, 2022 жылы 13 млн. тенгені, 2023 жылы 15 млн. теңге, ал, 2024 жылы 20 млн теңге шамасында қолдау ретінде берілді.
Ғылым департаменті қорғамаған докторанттар мәселесін жіті бақылауда ұстауда. Сол себепті, университет бойынша қорғамаған докторанттардың диссертацияларын қорғауға дайындау мақсатында әр докторантпен дербес жол картасы әзірленіп бекітілді. Докторанттардың диссерацияларын қорғауы бойынша арнайы бекітілген жол картасы нәтижесінде 2021 жылы 7 докторант, 2022 жылы 9 докторант, 2023 жылы 9 докторант, 2024 жылы 5 докторант жалпы 2021-2024 жж. арасында 30 докторант докторлық диссертацияларын сәтті қорғады. Ал 10-нан астам докторант алдын ала қорғаудан өтіп, қазіргі таңда диссертациялық кеңестерде қорғауда дайындалуда.
Университте ғылымдарға жасалған қолдаудың арқасында ғылыми-зерттеу жобалары қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Осы күнге дейін 3 бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру жобалары, 9 жас ғалымдарға арналған жоба, 31 гранттық жоба және 1 коммерцияландыру жоба жалпы 44 жоба университетке тартылып бұл жобалардың жалпы қаржыландыру сомасы 7,4 млрд тенгені құрады, ал 2021 жылдың басында жалпы бюджеті 394 млн теңгені құрайтын 7 жоба атқарылып жатқан еді. Яғни 4 жылда жоба саны 6 есе, қаражат көлемі 19 есе артты деген сөз.
Аталған жобалардың ішінде ең ауқымдысы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан тарихында тұңғыш рет жүзеге асырылатын Академиялық үстемдік орталығын құруға бағытталған. Бюджеті 4 млрд. теңгені құрайтын бұл жоба медицина, биотехнология және экология бойынша кешенді зерттеулер жүргізіп, 12 зерттеу зертханасы құрылатын болады.
Университеттің ғылыми әлеуетін арттыру мақсатында 2029 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарда көрсетілген міндеттерге жету үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Бұл өз кезегінде, Стратегиялық мақсатқа сәйкес университетті транформациялауға, аймақтың дамуына тың серпіліс береді деп сенеміз. Университетіміздің алдағы уақытта ғылыми бағытта қойылған стратегиялық міндеттердің әрқайсысының жүзеге асырылуы туралы кезең-кезеңімен есеп беретін боламыз.
БІЗДІҢ ПОДКАСТ
Yassawi Podcast-та — университет ректоры Жанар Темірбековамен “Ашық микрофон”!
????Жылдың соңғы қорытынды эпизодында:
▪️Университетіміздің 2024 жылғы маңызды жетістіктері ????
▪️2025 жылға арналған үлкен жоспарлар мен жаңа бастамалар ????
▪️Студенттердің ашық сұрақтарына ректордың нақты жауаптары бар.
????Бұл эпизод – университет өміріне қызығушылық танытатындар үшін таптырмас мүмкіндік!
⤵️Подкастың толық нұсқасын YouTube желісіндегі YASAWI TV арнасынан көре аласыздар!
ҒЫЛЫМ: АУҚЫМДЫ ІСТЕР БАРШЫЛЫҚ

Айнаш ОШЫБАЕВА, вице-ректор:

 
 
 
 
Рухани өмірдің ерекше саласы ғылым саласы екендігі әмбеге аян. Ғылым адамзат тарихының өн бойында дами отырып, қоғамдық сананың дербес формасына айналады. Өйткені, қоғамдағы барлық мәселелер көбінесе ғылымның араласуымен шешіледі. Сөйтіп, ғылым тәжірибе жүзінде анықталған нақты дәлелдемелер мен логикалық заңдарға сүйенетін қорытындылардың негізінде білім әлемін жасайды. Демек, білім мен ғылым бір-бірін толықтыра отырып, табиғат пен адамзат арасында байланыстырушы тізбек болып саналады.
 
 
 
 
 
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздігіміздің символы» атты Мәлімдемесіне орай Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» тақырыбында симпозиум өтті. Қазақ  тілінің ғылым тілі ретіндегі маңыздылығы оның әлемдік саяси, мәдени, ғылыми-техникалық және технологиялық үдерістер мен сабақтастығына қарай белгіленеді. Осыған сәйкес қазақ тілінің терминологиялық жүйесі, лингвистикалық мазмұны, ғылыми аппараты, тұғырламалы категориялы  тұжырымдамалы ұғымдары қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша да сұрыпталуы, жинақталуы, сараптамадан өтуі, жүйелі құрылымға айналуы тиіс. 
Кез келген оқу орнының ғылым саласындағы қол жеткізген жетістіктері  сол университеттің шынайы әлеуетін көрсетеді. Халықаралық қазақ-түрік университетінің өте маңызды әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін ғылыми бағытта атқарған жұмыстары аз емес.
ХҚТУ-да ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды және жүргізуді қамтамасыз ету негізінен мына мәселелерді қамтиды: іргелі, қолданбалы, іздестіру (бастамашыл) ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық, инновациялық жұмыстар, тапсырыс, түрлі ұйымдармен шарт бойынша ғылыми зерттеулер; оқытудың инновациялық технологияларын және ғылыми зерттеулер нәтижелерін оқу процесі мен өндіріске әзірлеу және енгізу, зерттеу қызметінің инновациялық инфрақұрылымын қалыптастыру, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру тетігін құру және енгізу, зерттеушілер мен әзірлеушілердің зияткерлік меншігі мен авторлық құқығын қорғау.
Қазақстан мен Түркияға ортақ университетте соңғы бес жылда ғылыми дәрежесі әртүрлі деңгейдегі түркиялық 160-қа жуық оқытушы-профессор  сабақ берген екен. Сондай-ақ, Өкілетті Кеңестің қаржыландыруымен Түркия Республикасында магистратура, докторантура бағдарламаларын ойдағыдай бітіріп келген жастарымыз да аз емес. Олардың саны қазір елуге жуық.
Қазіргі ғалымдарға қойылатын ауқымды міндеттердің бірі – импакт-факторы нөлден кем емес халықаралық базадағы жоғары рейтингілі басылымдарға мақала жариялау. 2021 жылдан бастап университетте импакт-факторлы журналдарда жарияланған ғылыми мақала және патент авторларын марапаттау бойынша ынталандыру қаражаты 900 000 теңгеге дейін көтерілді. Нәтижесінде 2020 жылы 1,5 млн. теңге болған жарияланымдардың ынталандыру қаражат көрсеткіші 2022 жылы 13 млн. теңге, 2023 жылы 15 млн. теңге, ал, 2024 жылы 20 млн. теңге болды.
Ғылым департаменті қорғамаған докторанттар мәселесін жіті бақылауда ұстауда. 2021-2022 оқу жылының басында университетте докторантурасын тәмамдаған, алайда, диссертациясын қорғамаған докторанттар саны 170-ке жуық. Сол себепті, университет бойынша қорғамаған докторанттардың диссертацияларын қорғауға дайындау мақсатында әрқайсысымен дербес жол картасы әзірленіп, бекітілді. Қазіргі таңда докторанттардың дер кезінде қорғауға шығуы бойынша профилактикалық іс-шаралар жолға қойылды. Нәтижесінде әрбір докторанттың диссертациялық зерттеуіне қатысты қатаң бақылау жүргізілуде. Сонымен бірге, докторантура және магистратура білім беру бағдарламалары бойынша «Ғылыми-зерттеу әдістері», «Академиялық жазба» секілді ғылыми-зерттеуге қатысты пәндерді оқыту бойынша жаңа тәсілдер енгізіліп, университеттің барлық докторантура және магистратура білім беру бағдарламалары жаңартылды. Аталған пәндерді оқытатын оқытушылар әр оқу жылының басында конкурс нәтижесінде қабылданады.
Университетте ғалымдарға жасалған қолдаудың нәтижесінде ғылыми-зерттеу жобалары қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Оның ішінде жас ғалымдардың да жобаларға қатысу белсенділігі артуда. Атап айтар болсақ, 2021-2024 жылдар аралығында университетіміздің жас ғалымдары гранттық қаржыландыруға арналған конкурстарға қатысып, 9 жоба жеңіп алды. Бұл гранттық жобалардың жалпы сомасы 568 324 975,11  теңгені құрады.
Аталған жобалардың ішінде ең ауқымдысы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан тарихында тұңғыш рет жүзеге асырылатын Академиялық ұтқырлық орталығын құруға бағытталған. Бюджеті 4 млрд. теңгені құрайтын бұл жоба медицина, биотехнология және экология салалары бойынша кешенді зерттеулер жүргізіп, 12 зертхана құрылатын болады.
Оқу орнының қабырғасы қаланған алғашқы жылдардан бастап дәстүрлі түрде студенттік конференциялар өткізіліп келеді. Былтыр  кезекті ХХХІІІ студенттік ғылыми-теориялық конференция сәтті өтті. 2024 жылдың 27 қарашасы мен 6 желтоқсан аралығында өткізілген бұл конференцияда 32 секция жұмыс істеп, 735-ке жуық баяндама тыңдалды. Секциялар бойынша үздік деп танылған баяндамалар марапатталып, ол университеттің «Жас ғалым» жинағында жарияланады.
2022-2023 оқу жылынан бастап, сараптама комиссиясының ұсынысы негізінде үздік баяндамашыларды ынталандыру мақсатында университет тарапынан арнайы марапаттар тағайындалды. Атап айтар болсақ, студенттік конференция секцияларында үздік деп танылған үш баяндамашыға 2023 және 2024 жылғы жаз айларында Түркияға жазғы оқуға баруға сертификаттар табысталды. Олар университетіміздің лингвистикалық орталығында 8 айлық тегін тіл үйрену курстарына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Осы жылы да білім алушылар арасында ғылымға деген қызығушылықты арттыру мақсатында секцияларда үздік деп танылған баяндамашылар арасында PechaKucha форматында конкурс ұйымдастырылып, университет тарапынан арнайы марапаттарға ұсынылды. 
Университеттің ғылыми әлеуетін арттыру мақсатында 2026 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында көрсетілген міндеттерге жету үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Бұл өз кезегінде, университетті трансформациялауға, аймақтың дамуына тың серпін береді деп үміттенеміз.
Ғылым туралы сөз еткенімізде, университетте шығатын ғылыми журналдарымыз жайлы да айтпай кете алмаймыз. 2024 жылдың маусым айында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің  білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын ғылыми басылымдардың тізбесіне енгізу үшін журналдарға қойылған талаптар жаңартылды. Аталмыш талаптар негізінде еліміздегі барлық ғылыми журналдарға мониторинг жүргізіліп, сараптама жасалды. Нәтижесінде  университетімізде 1996 жылдың желтоқсанынан бері қарай үздіксіз шығып келе жатқан «Ясауи университетінің хабаршысы» журналы үздіктер қатарынан көрініп, педагогика, филология бағыттары комитет ұсынатын ғылыми басылымдар тізбесінің 2-тізіміне енді.
Eurasian Research Journal (ERJ) Еуразия ғылыми-зерттеу институты тарапынан 2019 жылдан бері жылына 4 рет тұрақты жарық көреді. Басылым ағылшын тілінде шығады. 
Осы оқу жылында бірнеше жаңа басылымдарды жарыққа шығару мәселесі қолға алынды. Ғылыми жарияланымдардың көбеюі және оның ҚР ҒЖБМ-нің  Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің қатаң талаптарына жауап беруі – мұның бәрі де жалпы еліміздің ғылыми әлеуетінің өсіп келе жатқанын көрсетеді. 
ХҚТУ ұжымы алыс, жақын шетелдердегі жоғары оқу орындарымен екі жақты меморандумдарға қол қойып, білім алушылар және профессор-оқытушы құрамымен алмасу арқылы білім сапасын арттырудың ұтымды жолдарын қарастырып келеді. Осы мақсат аясында Өзбекстанның Ферғана политехникалық университетінің бір топ ғалымдары академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқу орнымызға келді. 
Профессор Х.Тұрсын, тарих және философия ғылымдарының кандидаттары, PhD, доценттер  А.Камилов, И.Тухтаров, Ш.Хонкулов, Г.Абдурахмоновпен бірге ғылыми басылымдар бөліміне арнайы ат басын бұрып, «Ясауи университетінің хабаршысы», «Turkology», «Turkic historical studies», «Hikmet» журналдарына алдағы уақытта мақала беру, ғылыми мақалаларға сараптама жасау бойынша ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін жеткізді.
Ғылыми басылымдарымыздың алдағы уақытта да комитет талаптары тұрғысынан табылып, жоғары деңгейден көрінуіне күш салатынымыз анық. Біздің барлық жұмысымыз зиялы қауымның ғылыми жетістіктерінің нәтижелерін көрсетуге бағытталып отырғанын баса айтқымыз келеді.
 
“Оңтүстік Қазақстан” газеті.
13.01.2025
УНИВЕРСИТЕТ ТҮЛЕКТЕРІ ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДА БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ

Ақерке БЕРЕКЕШОВА, 4-курс студенті

Еңбек нарығындағы бәсекелестік заманауи университеттерге жаңа талаптар қояды. Білім беру жүйесі жұмыс берушілердің сұранысына сай түлектер даярлауға қаншалықты дайын? Бұл мақалада біз университет түлектерінің жұмысқа орналасу мәселесін, оның негізгі себептерін және шешу жолдарын қарастырып, үш түрлі тұлғамен – студент, сарапшы және жұмыс берушімен сұхбаттасамыз. Сонымен қатар, қосымша ретінде кәсіби бағдар берумен айналысатын маманның пікірін ұсынамыз.

 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 200 мыңға жуық түлек жоғары оқу орындарын тәмамдайды. Алайда олардың тек 68%-ы бірінші жылда тұрақты жұмысқа орналасады, ал 20%-ы еңбек нарығына мүлдем кіре алмайды екен. Сұхбаттасымыз Айжан Ерланқызы, ІТ саласының 4-курс студенті, университетте алған білімі мен жұмысқа орналасу арасындағы байланысты сараптай отырып, өз тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, университетте алған теориялық білім жеткілікті болғанымен, практикалық дағдылардың жетіспеуі айқын сезіледі. Айжан бағдарламалау бойынша оқып жүргенімен, университеттегі ескірген зертханалар мен құрал-жабдықтар жұмыс берушілердің талаптарына сай келмейді. Ол жаңа технологияларды меңгеру үшін қосымша курстарға жазылып, тәжірибе жинақтауға тырысуда.

Айжанның сөзінше, ол жақында тәжірибеден өту үшін компания іздегенде, жұмыс берушілер нақты жобаларда жұмыс істеуді талап еткен, бірақ университетте мұндай тәжірибе меңгеріп шығу мүмкіндігі болмаған. Бұл жағдайдан ол өзінің жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болатынын түсінді.Кейіпкеріміз оқу бағдарламасын жақсарту үшін практикалық жобалар мен өндірістік тәжірибелерді көбейту қажет деп санайды. 

Оның пікірінше, студенттерді нақты компанияларға жіберіп, сол жерде тәжірибе жинауға мүмкіндік беру оқудың сапасын арттырып, болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыратын болады. Білім беру саласындағы сарапшылар университеттердің еңбек нарығындағы рөлін қайта қарау қажеттігін жиі айтады.

  Педагогика ғылымдарының докторы, білім беру сарапшысы Жанат Мұратбекұлы еңбек нарығында түлектердің бәсекеге қабілеттілігі мәселесін терең түсіндіре отырып, бұл сұрақта екі жақты жауапкершіліктің бар екенін атап өтті. Біріншіден, университеттер теория мен практиканы ұштастыруға тырысуы керек, ал екіншіден, студенттердің де білім алуға белсенділік танытуы қажеттігін айтты. Қазіргі еңбек нарығында тек диплом жеткіліксіз, жұмыс берушілер нақты дағдылар мен қабілеттерді талап етеді.

 

Жанат Мұратбекұлы оқу бағдарламаларының өзгерістерін де қарастырып, университеттердің жұмыс берушілермен серіктестік орнатып, оқу бағдарламаларын нарық сұранысына сәйкес бейімдеуі қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол дуалды білім беру жүйесін енгізу өте маңызды деп санайды. Бұл жүйе студенттерге теориялық біліммен қатар нақты жұмыс тәжірибесін де жинақтауға мүмкіндік береді. Түлектерге қосымша курстарға жазылып, тәжірибе жинақтап, жеке дағдыларын дамытуға көңіл бөлу қажеттігін айтты. Заманауи мамандар үшін soft skills және digital skills дағдылары міндетті екені де оның маңызды кеңесі болды.

Шымкент қаласындағы халықаралық компанияның HR менеджері Айнұр Қайырбекқызы өз кезегінде университет түлектерінің кәсіби дайындық деңгейін сынға алып, олардың практикалық дағдыларының жетіспейтінін атап өтті. Оның айтуынша, жас мамандардан ең алдымен өз саласын жақсы меңгерген, жауапкершілігі жоғары және командада жұмыс істей алатын мамандар талап етіледі. Сонымен қатар, ІТ саласындағы нақты дағдылар, мысалы бағдарламалау, аналитика, жобаларды басқару өте маңызды болып табылады. 

Айнұр Қайырбекқызы жұмыс тәжірибесі жоқ түлектерді үйрету үшін қосымша уақыт пен ресурстар жұмсау қажеттігін алға тартты.Бұл әрине кез келген компания үшін тиімсіздеу. Оның пікірінше, түлектердің қарым-қатынас жасау және өзін-өзі ұйымдастыру қабілеттері де әлсіздеу болады. Осы орайда, жұмысқа қабылдаудың басты критерийі дипломнан гөрі нақты тәжірибе, жобалар және шетелдік курстарды аяқтау маңызды екендігіне тоқталды. Тіпті шағын стартаптарда жұмыс істеген тәжірибе де бағаланады. Жалпы, университет түлектерінің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі – білім беру жүйесінің ғана емес, тұтастай қоғамның ортақ мәселесі болып табылады. Бұл бағытта университеттер, жұмыс берушілер және студенттер арасындағы тығыз байланыс үлкен рөл атқарады.

 

 

 

 

   «Атамекен RANKING» ұлттық кәсіпкерлік палатасының 2023 жылғы білім беру бағдарламаларының рейтінгісі бойынша жүргізілген статистикалық деректер түлектердің еңбек нарығына бейімделуінің күрделілігін айқын көрсетеді. Орташа есеппен алғанда, диплом алғаннан кейін жұмыс іздеуге 97 күн кетеді. Егер бұл көрсеткішті пайыздық өлшеммен бағалар болсақ, жұмыс іздеуді бірінші айда бастайтын түлектердің саны небәрі 1%-ды құрайды. Ал 39% түлек алғашқы үш айда, 58% үш айдан алты айға дейін жұмыс табуды күтеді. Өкінішке орай, 2% түлектің жұмыспен қамтылуы 6 айдан да ұзаққа созылуы мүмкін. Бұл жағдай еліміздегі еңбек нарығында түлектердің бәсекеге қабілеттілігінің артқанымен, жұмыс берушілердің талаптары мен білім беру бағдарламаларының арасында әлі де біршама алшақтық бар екенін көрсетеді. Сондай-ақ, қызық та маңызды статистикаға назар аударсақ, түлектердің көбі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Мәселен, денсаулық сақтау саласы бойынша білім алған түлектердің 69%-ы, педагогика саласындағы мамандардың 59,5%-ы, қала құрылысы саласындағы 30,6%-ы және ауыл шаруашылығы саласындағы 19,4%-ы ғана дипломдары бойынша еңбек етуде. Бұл сала түлектерінің қалған бөлігі өз мамандықтары бойынша жұмыс істемей, басқа салаларда қызмет етеді немесе тіпті жұмыссыз қалады.

Бұл деректер еліміздегі білім беру мен еңбек нарығы арасындағы сабақтастықтың әлсіздігін және түлектердің өз салалары бойынша жұмысқа орналасуда кездесетін қиындықтарын айқын көрсетеді. Осы мәселені шешу үшін жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары жаңартылып, жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатылуы тиіс. Сонымен қатар, студенттерге практикалық білім мен дағдыларды дамытуға мүмкіндік беретін тәжірибелік жұмыстарды көбейту керек. Сонда ғана еліміздің түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие, өз мамандықтары бойынша бәсекеге қабілетті мамандарға айналады.

Алайда, бұл мәселенің шешімін табу тек білім беру жүйесінің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Студенттердің білімін жұмыс нарығына сай бейімдеп, жұмыс берушілердің нақты талаптарын ескеретін жүйе құру қажет. Мүмкін, бұл өзгерістер түлектердің тек еңбек нарығына емес, өздеріне де деген сенімін нығайтып, болашақта ел экономикасының өркендеуіне ықпал етер.

 

 

Еліміздің өңірлер бойынша түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштеріне қарай жүргізілген талдау да айтарлықтай қызық әрі маңызды нәтижелерге алып келеді. Батыс Қазақстан облысы түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі ең жоғары көрсеткішке ие болып, 86 пайызды құраған. Екінші орында Алматы облысының түлектері 85 пайызды көрсетті, ал үшінші орынды Атырау облысының түлектері 84 пайызбен иеленді. Бұл өңірлерде жұмысқа орналасудың жоғары деңгейі, жалпы алғанда, жергілікті экономика мен кәсіпорындардың дамуын көрсететін индикатор болуы мүмкін. Алайда, ең төмен жұмысқа орналасу деңгейі Қызылорда және Түркістан облыстарында анықталды. Осы өңірлердегі түлектердің тек 73 пайызы ғана еңбек нарығында өз орнын тапқан, бұл жергілікті білім беру жүйесі мен еңбек нарығының арасындағы  бірқатар мәселелерді көрсетуі мүмкін. Мүмкін, бұл облыстарда еңбек ресурстарының тапшылығы немесе жастардың білім алған мамандығы бойынша жұмыс табудағы қиындығы себеп болуы ықтимал.

Жалақы деңгейі де бұл статистикада айқын айырмашылықтарды көрсетеді. Алматы облысының түлектерінің медиандық жалақысы алғашқы жылдары 196 769 теңгені құрап, ең жоғары жалақы деңгейіне жеткен. Бұл көрсеткіш Алматы облысының экономикалық белсенділігі мен жұмыс орындарының сапасын білдіреді, өйткені өңірдің дамуы мен жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес мамандарға жоғары жалақы ұсынылуда.Ал Шымкент қаласы түлектерінің жалақысы салыстырмалы түрде төмен болып шықты – тек 124 895 теңге. Бұл, мүмкін, өңірдегі еңбек нарығындағы бәсекелестіктің жоғары болмауы немесе белгілі бір саладағы мамандарға деген сұраныстың төмендігімен байланысты болуы мүмкін.

Жалпы, өңірлер бойынша жұмысқа орналасу және жалақы көрсеткіштеріндегі айырмашылықтар еліміздің түрлі аймақтарындағы экономикалық жағдайдың, білім беру жүйесінің және жұмыс орындарының әртүрлі деңгейде дамығанын айқын көрсетеді. Осылайша, еңбек нарығында теңгерімсіздіктің алдын алу үшін өңірлердегі жұмыс орындарын ашу, білім беру бағдарламаларын нарыққа сай жаңарту және аймақтар арасындағы кәсіпкерлік белсенділікті арттыру қажеттігі туындайды.

      Қорытындылай келе, университет түлектерінің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін білім беру жүйесін нарық сұранысына сәйкес бейімдеп, практикалық дағдыларды дамытуға көңіл бөлу қажет. Бұл үшін университеттер мен жұмыс берушілер арасындағы тығыз ынтымақтастық, сондай-ақ студенттерге нақты жұмыс тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік беру маңызды. Сондай-ақ, өңірлер бойынша жұмысқа орналасу деңгейіндегі айырмашылықтарды жою үшін жергілікті экономиканың дамуына назар аударып, білім беру бағдарламаларын жаңарту қажет.

К.Жетібаев: «САУРАН ҚАЛАШЫҒЫНДА АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ МҰРАЖАЙ ЖАСАУ НИЕТІМІЗ БАР»

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология ғылыми зерттеу институты – еліміздің археология ғылымы саласындағы маңызды ғылыми орталықтардың бірі. Институт Түркістан өңіріндегі археологиялық зерттеулерді жүргізіп, бай тарихымызды қалпына келтіру мен ұрпақтарға жеткізу жолында ауқымды жұмыстар атқарып келеді.

Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі, мәдени мұраларды сақтаудағы маңызды жұмыстар төңірегінде, ғылыми зерттеулер мен алдағы жоспарлар жөнінде Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Жетібаев Көпжасар Мұстафаұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.

Көпжасар Мұстафаұлы, сіздер зерттеп жүрген археологиялық зерттеулерде қандай салаларға ерекше назар аударылады?

– Қазіргі таңда бізде ерекше назар аударылатын салалар: ежелгі түркі мәдениеті, ерте және орта ғасырлардағы қалалар және обалар. Себебі, ол жердегі көне жәдігерлерді табу және оларды ғылыми ізденіске салу біздің құзіретімізде. Сонымен қатар, археолог ретінде ашық аспан астында мұражай жасау және тағы да сол сияқты жұмыстарды өз қызметімізбен ұштастырамыз.

  • Соңғы жылдары қай археологиялық объектілерде қазба жұмыстарын жүргіздіңіздер? Қандай жаңалықтар ашылды?

– Соңғы жылдары Сығанақ жерінде қазба жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Себебі, Сығанақ қалашығын 2003 жылдан бері біздің Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ университетінің практикалық-базасы ретінде қолдана бастағанбыз. Одан беріде,  2014 жылдан бастап мемлекет тарапынан гранттық қаржылар ұтып алып, қазба жұмыстарын жүргіздік. Тағы да басқа Қаратау бөктерінде, Сауысқандық жерлерінде петроглиф, яғни тау-тасқа салынған кескіндер мен суреттерде табу, ол жердегі обаларды қазу, зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар, Келес өзененінің бойындағы жерлерде көне қалаларды қазу және Сарыағаш  өңіріндегі 600-ден астан обаның шамамен он данасын зерттеп, табылған жәдігерлерді, адам сүйектерінің ДНК сараптамаларын ғылыми зерттеу айналымына салып жатырмыз.

– Шетелдік ғылыми зерттеу институттарымен қандай ынтымақтастық бар? Олармен серіктестікте халықаралық жобаларға қатысып жатырсыздар ма?

– Біздің Археология ҒЗИ Түркия Республикасымен тығыз байланыста жұмыс істейді.  TUBITAK, Yunus Emre сияқты үлкен зертханаларды пайдалану мақсатында келісімшартқа отырғанбыз. Сол келісімшарт негізінде ғылыми ізденісте жүрген заттай айғақтарды талдаудан өткізіп, нәтижелері бойынша ғылыми  журналдарға  мақалалар жариялап отырамыз. Халықаралық жобалар бойынша университет тарапынан 4 млн теңге қаржат бөлінген болатын. Осы жоба  бойынша түркиялық  Юнус Шенёрт есімді археолог, профессор бізбен бірге қазба жұмыстарын жүргізді. Халықаралық деңгейдегі тағы бір жұмысымыз, ЮНЕСКО-ға тіркелген Өзбекстан Республикасындағы МИЦАЙ халықаралық зерттеу ұйымымен бірлесе Сығанақ қалашығында қазба жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде табылған жәдігерлерді Қызылорда қаласындағы мемлекеттік мұражайға тапсырғанымызды айта кету парыз.

– Институттың ғылыми зерттеу материалдарының жарық көруіне тоқталып өтсеңіз.

– Бізде мақалалар да, монографиялар да өте көп жарияланды. Ғылыми мақалаларымыз Америкада, Югословияда, Ресейде халықаралық  Scopus  базасында да мақалаларымыз шықты. Монографиялық еңбектер саны  соңғы есебімізде 20-ға жуықтады. Соңғы 2 жылда 5 монографиямыз жарық көрді. Атап айтар болсақ, профессорымыз Мұхтар Қожаның «Абылайхан», Мұзафар Гүрсой мен Бақдаулет Сыздықовтың «Көне Қаңлы дәуіріндегі жерлеу дәстүрі» және «Сығанақ жәдігерлері» атты төрт автордың, оның ішінде өзім де бармын,  тағы да басқа осы сияқты бірнеше монографияны жарыққа шығардық. Мақалаларымызда ғылыми тұрғыдан бәрін айқындап, зертханалық талдаудаларды көрсетіп және иллюстрациялық суреттерді қоса жариялап отырмыз. Сондықтан бұл еңбектердің маңызы зор және оны археология ғылымы үшін сүбелі еңбектер деп атауға әбден болады.

Ал енді аға, сізге тағы бір сауалым:  университет студенттері институттың зерттеу жұмыстарына   қатысуы жайында еді.  Оларға қандай мүмкіндіктер ұсынылады?

– Бізде студенттер, болашақ тарихшылар, географтар  2003 жылдан бері практикалық-сабақтарға, археологиялық қазба жұмыстарға жылда қатысатын. Бірақ, соңғы жылдарда улы кене жәндігінің шығуына байланысты «Дала практикасын» тоқтаттық. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде қарастырсақ, тарихшы-студенттердің саны азаюына байланысты бірнеше ғана студент өз еркімен атсалысып келіп жүр. Бұрынғыдай жастардың қарқыны жоқ. Сонда да Сарыағаш өңіріндегі археологиялық қазба жұмыстарына екі студентіміз қатысты, Сығанақтағы жұмысымызға бір магистрант, бір студентіміз қатысты. Осы сияқты бірен-саран ғана студенттер ынта білдіреді. Қазіргі практикалық сабақтарды университетіміздегі Мәдениет орталығының мұражайына тапсырылған жәдігерлерімізді таныстырумен өткізіп жүрміз. Бірақ та, болашақ тарихшылар үшін «Дала практикасының» маңызы зор еді.  

  • Институт қазіргі тәжірибелік жұмыстар барысында қандай заманауи технологияларды қолдануда?

– Біз осыдан үш жыл бұрын Ғылым Қорының бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (ПЦФ- програмно-целевой финансирование) бағдарламасы аясында грант ұтып алдық. Нәтижесінде 34 000 000 теңгеге арнайы құрал-жабдықтарға қол жеткіздік. Оның ішінде тахометр, геосканер, дрондар тағы да басқа заманауи технологиялар бар. Дәл қазіргі таңда осы және осы сияқты дүниелерді өз қазба жұмыстарымызды жүргізуге  пайдаланып келеміз.

– Алдағы уақытта қандай археологиялық жобалар мен зерттеулер жоспарлануда? Жаңа ғылыми бағыттар мен бастамалар туралы не айтасыз?

– Алдағы уақыттағы негізгі мақсатымыз – Сығанақ, Келес, Қаратау оның ішіндегі Өгізтау деген жерде өте қолайлы ерте дәуір және орта ғасырлық кезеңдерге жататын көне қала бар. Сол нысанды  қазып бастасақ деген ниетіміз бар. Сонымен қатар, арнайы гранттық қаржыландыру жобасына Сауран қалашығын ұсынсақ деп отырмыз. Сауран – орта ғасырларда Ақ Орданың орталығы болған, Мұхамед Хайдар Дулатидің "Тарих-и Рашиди"  кітабында да әкімшілік және сауда орталығының қайнаған көзі болған деген деректер бар. Осы болжамдар негізінде әлі де зерттелмей жатқан жерлеріне қазба жұмыстарын жүргізіп, ашық аспан астында мұражай жасау ниетіміз бар. Зерттеуге қызығуымыздың тағы бір басты себебі Түркістаннан небәрі 40 шақырым жерде орналасқан. Осы жәдігер шаһар  Сауран қалашығын біздің университеттің зерттеу базасына айналдырсақ деген жоспарымыз бар. Сондықтан да  Сауран қалашығына толыққанды зерттеу жұмыстарын жүргізу  біз үшін үлкен жетістік, мәртебе болар еді.

– Көпжасар аға, сұхбатыңыз үшін көп-көп рақмет.  Алдағы зерттеу, қазба жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, тарихымыздың ашылар сыры көп болсын!

            Сұхбаттасқан: Бекболат ЕСЕНТАЙҰЛЫ, 4 курс студенті

БІЛІМ – ЖЕМІС БЕРЕТІН МӘУЕЛІ АҒАШ

Әтіргүл ТӘШІМ, Журналистика кафедрасының аға оқытушысы

Университетттің басты миссиясы  – білім беру. Әлбетте,  оқу ордамызда академиялық қызмет, оқу үдерісі, жалпы академиялық бағыттың мән-маңызы да, салмағы зор екені сөзсіз. Осы ретте,  университеттің  академиялық мәселелер вице-ректоры, Идрисова Эльмира Қайсарбайқызына  сауалдарымызды қойған едік.

– Эльмира Қайсарбайқызы,  университетімізде  академиялық тарапта соңғы жылдары  қандай өзгерістер мен жаңалықтар болып  жатыр?

– Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті соңғы жылдары бірқатар маңызды академиялық өзгерістерді жүзеге асырды. Университет 2024-2029 жылдарға арналған Даму бағдарламасын қабылдап, білім сапасын арттыруға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және халықаралық рейтингтерде жоғары орындарға жетуге бағытталған стратегиялық қадамдарды жүзеге асыруда.

Университеттің академиялық құрылымында 10 факультет, 45 кафедра және Дайындық орталығы жұмыс істейді. Студенттер контингенті жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, 2023 жылы білімалушылар саны 10 000 болса, 2024 жылы 10 343-ке жетті. Бұл университеттің білім беру қызметіне деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.Соңғы жылдары университет академиялық процесті жетілдіру мақсатында оқу жүктемелерін оңтайландырды. Оқытушылардың жылдық сағат жүктемелері ғылыми атақтарына байланысты қайта қаралды. Сонымен қатар, аудиториялық қор кеңейтіліп, 2023 жылы 496 аудитория болса, 2024 жылы олардың саны 583-ке жетті.

QS World University Rankings халықаралық рейтингінде университет 801-850 орынға тұрақтап, өзінің беделін арттыруда. Сондай-ақ, университет «Arts & Humanities» бағыты бойынша 451-500 орын, «Modern Languages» бағытында 201-250 орын, ал «Education & Training» бағытында 251-300 орынға ие болды. Бұл университеттің академиялық көшбасшылыққа ұмтылу жолындағы жетістіктерінің дәлелі.

 

Білім беру бағдарламаларының жаңартылуы және аккредиттелуі, қосдипломды және біріккен білім беру, жалпы  БББ сапасын арттыру бойынша қандай жұмыстар жүргізілді?

– Қазіргі таңда университетте 9 сала бойынша бакалавриат, магистратура, докторантура және резидентура деңгейлерінде 169 білім беру бағдарламасы (БББ) жүзеге асырылуда. БББ жаңарту және сапасын арттыру тұрақты түрде жүргізіледі.

2022-2023 оқу жылында университет институционалдық аккредиттеуден өтіп, барлық БББ мамандандырылған аккредиттеуге ие болды. Жыл сайын 40-80 білім беру бағдарламасы жаңа аккредиттеуден өтеді немесе жаңартылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің талаптарына сәйкес БББ ҚР Реестрінде тіркеліп, олардың тиімділігі тұрақты түрде бағаланады.

Қос дипломды және біріккен білім беру бағдарламаларын дамыту мақсатында университет Түркия, Финляндия және басқа да елдердің жоғары оқу орындарымен серіктестікте жұмыс істейді. Финляндияның Хяме қолданбалы ғылымдар университетімен бірге педагогикалық білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша бірлескен жоба жүзеге асырылуда.

– Оқу әдістеме бағытын жетілдіру:  оқу процесіне жаңа инновациялық және білім беру технологияларын енгізу бағытында қандай жұмыстар атқарылды және олардың нәтижелері туралы айтып берсеңіз.

        Университет оқу процесіне жаңа білім беру технологияларын енгізіп, студенттердің білімін заманауи әдістер арқылы жетілдіруде. Атап айтар болсақ, қазіргі уақытта келесі инновациялық әдістер кеңінен қолданылады:

  • Case-study әдісі – студенттердің нақты жағдайларды талдау арқылы практикалық білім алуына көмектеседі.
  • Проблемалық оқыту (Problem-based learning) – студенттерді мәселелерді өздігінен шешуге бағыттайды.
  • Gamification – ойын элементтерін оқу процесіне енгізу арқылы мотивацияны арттыру.
  • Жобалық оқыту (Project-based learning) – студенттердің зерттеу және шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
  • Цифрлық білім беру технологиялары – Moodle, Zoom, Microsoft Teams және басқа да онлайн платформалар арқылы аралас оқыту (blended learning) ұйымдастырылады.

2024 жылы университет оқытушылары жаңа педагогикалық технологияларды меңгеру үшін арнайы тренингтерден өтті. Олардың ішінде 187 оқытушы Финляндияның Хяме университетінің бағдарламасы аясында кәсіби біліктілігін арттырып, арнайы сертификаттар алды.

– Ұстаздардың біліктілігін арттыру бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– Университет оқытушыларының кәсіби деңгейін жетілдіру мақсатында жыл сайын түрлі курстар мен тренингтер ұйымдастырылады. YASAWI WINTER SCHOOL қысқы мектебі дәстүрге айналып келеді. Оның аясында профессор-оқытушылар құрамы халықаралық деңгейдегі педагогикалық әдістемелерді меңгеріп, заманауи білім беру тенденцияларымен танысады.

2025 жылы 6-22 қаңтар аралығында III YASAWI WINTER SCHOOL – Қысқы мектебі өткізілді. Бұл семинар-практикумдар профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға, оқу процесін жетілдіруге және заманауи білім беру технологияларын енгізуге бағытталған.

Қысқы мектеп аясында «Силлабустардың құрылымын жетілдіру» тақырыбында кең ауқымды семинар-практикумдар ұйымдастырылды. Университеттің барлық оқытушыларына арналған бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – оқу жоспарларын жаңарту, студенттердің білім сапасын арттыру және оқу процесінің тиімділігін күшейту.

Оқытушылардың тәжірибелік дағдыларын жетілдіру мақсатында Кентау, Түркістан кампустарында тренингтер ұйымдастырылды.

Қысқы мектеп аясында оқытушылар инновациялық оқыту әдістерін енгізу бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Сонымен қатар, университеттің халықаралық серіктестерімен бірлескен тренингтер ұйымдастырылып, оқытушылар халықаралық тәжірибемен бөлісуде.

III YASAWI WINTER SCHOOL – университет оқытушылары үшін үлкен тәжірибе алмасу алаңы болды. Бұл шара университеттің білім беру сапасын арттыруға және профессор-оқытушылар құрамының кәсіби деңгейін жоғарылатуға оң ықпалын тигізді деп толыққанды айта аламын.

Дуальды білім беру, жұмыс берушілермен байланыс және түлектердің жұмысқа орналасуы туралы айтп өтсеңіз. 

– Дуальды білім беру жүйесі бойынша университет түрлі кәсіпорындармен және ұйымдармен серіктестік орнатқан. 2024 жылы 23 педагогикалық бағдарлама, 15 өндірістік орын және 21 аудиториялық база дуальды білім беру аясында жұмыс істейді.

Университет студенттерінің кәсіби практикадан өтуін қамтамасыз ету мақсатында 900-ден астам мекемемен келісім-шарт жасалған. Педагогикалық практика кезінде студенттер жетекші мұғалімдермен бірге жұмыс істеп, нақты тәжірибе жинақтайды.

Түлектердің жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету үшін университет бірқатар шараларды жүзеге асырады. Яғни, жұмыс берушілермен тығыз байланыс – университетте жұмыс берушілермен кездесулер, дөңгелек үстелдер, форумдар ұйымдастырылады.

«Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі – түлектер мен жұмыс берушілер арасындағы тікелей байланыс алаңы екені мәлім. Ал Enbek.kz платформасымен ынтымақтастық – түлектерге жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді. Біз осы мүмкіндіктің бәрін қарастырамыз.Соңғы жылдары  көптеген студенттер практика өткен мекемелерінде тұрақты жұмысқа қалуда.

2023 жылғы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 83,7% болса, 2024 жылғы түлектердің 6-ай ішінде жұмысқа орналасу көрсеткіші 70%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер университет түлектерінің еңбек нарығындағы сұранысқа ие екенін дәлелдейді.

Ахмет Ясауи университеті академиялық процесті жетілдіру, білім беру бағдарламаларын жаңарту, оқыту әдістемелерін жетілдіру және жұмыс берушілермен байланыс орнату арқылы студенттерге сапалы білім беруді қамтамасыз етуде. 

Университеттің басты мақсаты – халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау.

 

СОҢҒЫ ҮШ ЖЫЛДА ҒЫЛЫМДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ 20 ЕСЕГЕ ӨСТІ

Әтіргүл ТӘШІМ, Журналистика кафедрасының аға оқытушысы

Түркістандағы Ахмет Ясауи университеті еліміздегі ғылым-білімді дамытуға  өз үлесін қосып,  білікті кадрлар даярлауда  орныққан бірегей білім мекемесі. 2024 жыл  университет үшін жемісті, жағымды жаңалықтарға толы жыл ретінде есте қалды. Осы ретте университет ректоры Жанар Амангелдіқызына сауалдарымызды қойған едік. 

Биылғы оқу жылы университет жаһандық зерттеулерге негізделген Quacquarelli Symonds (QS): Asia University Rankings компаниясы әзірлеген рейтингте  ТОП-200 оқу орны қатарына енді. Қуаныштымыз.  Десек те, оқырмандарға түсінікті болсын, рейтинг көрсеткіші қандай критерийлермен анықталады?

– Иә, университетіміз жаһандық зерттеулерге негізделген Азия мемлекеттері университеттерінің Quacquarelli Symonds (QS): Asia University Rankings компаниясы әзірлеген рейтингте ТОП-200 оқу орны қатарына кірді. Бұдан да басқа бірнеше беделді рейтинг агенттіктері бар. Солардың арасында QS бізге көбірек танымал. Өйткені алғашқылардың бірі болып біздің елдің ЖОО-лары аталған агенттік рейтингіне қатысып, өзінің орнын белгілей бастады. Біздің университетіміз де 2021 жылдан бастап дайындық жұмысын жүргізіп қатысты, 2023-2024, 2024-2025 оқу жылының нәтижелерін көріп отырмыз. Біз алғаш кірген жылдан-ақ үздік 800-дікке ендік, өңірлік ЖОО-лардың басым көпшілігі 1000-дықтан кейінгі орындарда болды. Бұл рейтингте бірнеше критерийлер бар. Солардың ең негізгілерінің бірі – академиялық бедел. Академиялық бедел көрсеткіші  басқа(шетелдік) университеттердің профессор, ғалымдарының осы оқу орнына берген бағасымен анықталады. Өзге университет ғалымдарының біздің профессорларымен бірлесіп ғылыми жоба жүргізуі, яки, біздің профессорларымыздың отандық, шетелдік университтерге барып  дәріс оқып келгенде сол жақта қалдырған әсерінен  де акадамиялық бедел артуы мүмкін. Халықаралық студенттер, халықаралық профессура, академиялық ұтқырлықпен тәжірибе алмасу да әсер етеді. Одан бөлек студентпен оқытушы-профессор құрамының ара қатынасы. Бір оқытушыға қанша студенттен келеді деген мәселе бар. Осылардың барлығы есептеледі. Ол көрсеткіштердің әрқайсысының белгілі бір деңгейде салмағы бар. Ең салмақтысы әлгі айтқан академиялық бедел критерийі. Ғылыми-зерттеулер көрсеткіштері бойынша да жұмысымыз сарапқа салынады. Осыдан 2-3 жыл бұрын жалпы Қазақстан бойынша бұл критерийлер көрсеткіштері төмен болатын, қазір өсіп келеді. Бірақ әр рейтингтің бағалау көрсеткіші әр қалай. Бір рейтингте ТОП-700-де болсаңыз, бірінде 1000-дықтан орын алуыңыз мүмкін. Ал енді еліміздің ЖОО-лары арасында рейтингте алғашқы ондыққа кіреміз. Ал, Азия көлеміндегі университеттер арасында алғашқы ТОП-200-ге кіру жақсы көрсеткіш. Мұның барлығы бір күнде болатын шаруа, жететін жетістік емес, әрине. Өткен жылы TURKTİME жобасы бойынша 10 үлкен халықаралық конференция өткізіп, соған 30 елден 2500 ғалым келіп қатысты. Олар университет жайында оң пікірлерін қалдырады деп ойлаймын. QS-те Rankings by Subject деген маңызды дүние бар. Яғни,мұнда пәндерге мән беріледі.  Осы бойынша біздің университетте оқыталатын 3 пән: педагогика 251-300, өнер 451-500, заманауи тілдер бойынша алғашқы 201-250-лікке еніп отырмыз. 

  Академиялық тараптарда өзіңіз келгелі қандай өзгерістер бар:  қанша  Білім беру бағдарламалары бар, БББ-лардың жаңартылуы және аккредиттелуі, қосдипломды білім беру,  жалпы БББ сапасын арттыру бойынша қандай жұмыстар жүргізілді?

– Университетте 169 білім беру бағдарламасы бар. Яғни: 85 бакалавриат, 39 магистратура, 13 докторантура, 32 резидентура бағдарламасы бойынша білім беріледі. Олардың 80-90 пайызы дерлік жаңартылды. Бірқатар пәндер алынып, орнына жаңа пәндер енгізілді. Қосдипломды білім беруді туризм және медицина мамандықтары бойынша жұмысты бастадық. «Орта білім беруді жаңғырту» жобасының аясында университетімізде инновациялық 18 білім беру бағдарламасы енгізілді және 3 білім беру бағдарламасының мазмұны жаңартылды. Сондай-ақ, 7 педагогикалық даярлау бағыты бойынша «Педагогтік қайта даярлау» 6 айлық курстары ашылды.

Әлемнің озық университеттерінің профессорларынан дәріс алып, заманауи әдістермен танысып,  біліктіліктерін арттыру мақсатында ОПҚ үшін BMG Upskill компаниясымен келісім шарт жасалып, Coursera платформасындағы дәрістерге 152 лицензия сатылып алынды. Платформаға тіркелгендер - 250, кемінде бір курсты сәтті аяқтаған  -  136 оқытушы, жалпы университет бойынша 340 сертификат алынған. Иә, Түркістан облысында алғашқы «Turkistan EdTech Lab» Сoursera орталығы ашылып, оны министр С.Нұрбек пен облыс әкімі орынбасары Б.Тәжібаев келіп лентасын қиған сәт те өткен жылдың айшықты оқиғаларының бірі ретінде тарихқа енді. Білім беру бағдарламаларының аккредиттелуі, жалпы  БББ сапасын арттыру бойынша ұдайы үздіксіз жұмыс жүргізілуде. Өйткені, білім сапасын анықтайтын көрсеткіштердің негізгі бағыттарының бірі осы академиялық саясатпен ұштасады. 

Ғылыми жұмыстар бағытындағы жетістіктерге тоқталсаңыз: ғылыми-зерттеулер, ғылыми жобалар, жас ғалымдарға қамқорлық пен оларды ғылыми жұмыстарға тарту, ашылып жатқан зертханалар және олардың білім деңгейін көтеруге ықпалы  туралы таратып айтсаңыз.

– Қуатты эканомиканы құрып, әлемдік аренада бәсекелестік көрсете алуымыз үшін ғылым мен инновацияны дамытудың маңызы зор. Бұл туралы ел Президенті Қ.Тоқаев:  «Қай заманды алып қарасақ та, дамудың басты кілті бұл – ғылым. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан, мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын», -деген болатын. 

  Университетте ғылыми жұмыстар бағытына айрықша мән беріледі.  Таратып айтар болсақ: Университеттің ғылыми жарияланымдарының сапасы мен санын арттыру мақсатында Clarivate Analytics (Web of Science), Scopus базалар бойынша жыл бойы 25 оқыту-түсіндірме іс-шаралары мен семинарлар ұйымдастырылды. Яғни, оқытушы-профессор құамын халықаралық журналдарда мақала жариялаудың әдістемесін үйреттік. Өткен жылы «Қысқы мектеп» аясында ҚР ҒЖБМ 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалары бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурстың құжаттамасы туралы семинар ұйымдастырылып, ғалымдарымызға ғылыми жоба конкурстарында жеңіске жетудің оңтайлы жолдары түсіндірілді. (YASAWI WINTER SCHOOL атты қысқы мектеп биыл да жалғасуда). Тәжірибелі, жиі грант ұтып жүрген ғалымдар өз тәжірибелерімен бөлісті. Осылайша ғылыми жобалар конкурсына дайындалдық. 52 ғылыми жоба ұсынылды. Оның ішінде 5 ғылыми жоба жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру бойынша, 4 ғылыми жоба гранттық қаржыландыру бойынша мақұлданды, бұл жобалардың жалпы қаражаты 722 204 091,8 теңгені  құрады. 

2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурсқа 1 ғылыми жоба ұсынылып, 449 694 557,00 тг мөлшерінде жеңіп алды. Ал, 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурсқа 1 ғылыми жоба ұсынылып, 3 999 983 630,00 тг мөлшерінде жеңіп алдық.

2024-2026 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру саны – 4, жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру саны – 5 болса, 1 жоба бағдарламалы-нысаналы қаржыландыруға қол жеткізді.

Қорыта айтқанда, кейінгі 4 жылда ғылымды қаржыландыру 20 есеге өсті. 2021 жылы бұл қаржы 395 млн. теңге болса, биыл гранттық қаржыландырудың жалпы көлемі 8 миллиард теңгеге жетті. Университет ғалымдары ғылыми жобаларға қатысып, үстеме жалақы алып, жағдайларын жақсартуда. 

Қоғамға пайдалы болу миссиясына көп мән бересіз, осы ретте  университет  Түркістан облысы тұрғындары үшін қандай пайдалы жобалар жасап немесе бастамашы болып жүр?

– Жалпы, университеттің 3 миссиясы болады: білім беру, ғылыми зерттеу жүргізу, қоғамға пайдалу болу. Біздің университет халықаралық болуы себепті қоғам ұғымының ауқымы кеңірек: Түркістан қаласы не облысы, ел деңгейінде, Түркі әлемінде деп қарастырар болсақ біз осы үш шеңберде де қоғамға пайдалы болуды көздейміз. Түркістандықтар үшін  әдемі жобамыз бар. Әлеуметтік  жағынан осал топ балалары үшін жыл сайын 100 баланы клиникамызда сүндетке отырғызып, оларға той жасап береміз.  «Ана жұрттан ата жұртқа – денсаулық көпірі» жобасы аясында  біздің дәрігерлер Түркия Республикасының жетекші медициналық мекемелерінен тағлымдамадан өтіп келіп жатыр. Бұл жоба  үшінші жыл жұмысы жалғасуда. Жоба аясында түркиялық білікті  дәрігерлер университеттің Клиника-диагностикалық орталығында бірнеше рет бірлескен ота жасады, бірнеше рет  пациенттерді ақысыз қабылдап, диагноз қойып, ем шараларын тағайындады. Бұл да жергілікті тұрғындарға пайдалы болды. Неврология, нейрохирургия, салаларының мамандары үшін түркиялық профессорлар дәріс орқып  семинарлар өткізді. Облыстық көлемде Бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру жобасы «Оңтүстік Қазақстан өңірінде  тұрақты дамуды қамтамасыз ету» ауқымды ғылыми жобамыз бар. Оны біз  3 негізге бөліп қараймыз: денсаулық сақтау, екінші бағыт – биотехнология, ол бойынша инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы ботаникалық бақтың құнды гендік қорын сақтау, қалдықсыз өнім өндіру (бұл жүзеге асты), үшінші бағыт – экология.  Өңір үшін маңызды үш бағытта  жұмыс жасалуда. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының қолдауымен іске асырылып отырған коммерцияландыру жобасы аясында ашылған жемістерді қайта өңдейтін цех жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Өндірістік цехте 13 түрлі өнім өндіріліп, алдағы уақытта басқа да өнімдер мен жаңа дәмдерді нарыққа шығару жоспарлануда. Өнімдер сұранысқа ие, таза табиғи өнім болғандықтан сұраныс жоғары. Университет эколог-ғалымдарының  өңірдің дамуы үшін тағы да жақсы жобалары бар. 

Жанар Амангелдіқызы, мұны ұрпақтар сабақтастығы десек те, алдыңғы буынды ардақтау деуге де келетіндей университетте былтырғы жылы өмірден озған ғалымдарға құрмет көрсету үрдісі байқалуда...

– Иә,  оқу ордамызда елеулі еңбек еткен, универсиеттің іргесін қаласып бекуінде еңбегі ерен ардақты ұстаздардың есімі ескеріліп, құрмет көрсетілді. ҚР ҰҒА академигі, қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы Лесбек Тәшімов атындағы дәрісхана ашылды. Спорт және өнер факультетінің ғимаратында ҚР Халық артисті, профессор Райымбек Сейтметов атындағы сахна залының, ҚР Халық артисті, профессор Қажыбек Бекбосынов пен ҚР Халық артисті, профессор Рахима Жұбатұрова атындағы қос аудиторияның ашылу салтанаты өтті. Жақында ғана, Филология факультетінің ғимаратында  белгілі академик, ғалым, профессор Рахманқұл Бердібай атындағы конференция залы ашылды. Бұл үрдісті дәстүр тағлымы, алдыңғы толқын аға буынға құрмет деп санаймыз және осындай лайықты тұлғаларды құрметтеу жалғасатын болады.

ҒЫЛЫМҒА СЕРПІН БЕРГЕН ҒЗИ

Әтіргүл ТӘШІМ, Журналистика кафедрасының аға оқытушысы

Ахмет Ясауи унниверситеті құрамында бүгінде 9 ҒЗИ бар. Солардың арасында құрылғанына көп бола қоймаса да ғылымда жаңашылдығымен танылып, тың басталармен жұртшылықтың назарына іліге бастаған құрылым – «Жаратылыстану ғылымдары, нанотехнологиялар және жаңа материалдар» ғылыми-зерттеу институты. 2024 жылы тамыз айындағы Өкілетті Кеңестің шешімімен институт қайта құрылып, қызметкерлерінің штаты бекітіліп лабораториялары жабдықталып жаңа оқу жылынан бастап жүйелі жұмыс істеуде.

Институт энергетика, өнеркәсіп, медицина және ақпараттық технологиялар сияқты негізгі салаларда қолданылатын инновациялық технологиялар мен материалдарды жасауға баса назар аударады. Институттың зерттеулері экологиялық тұрақтылық, ресурстарды үнемдеу және төмен көміртекті экономикаға көшу сияқты жаһандық сын-қатерлерді шешуге бағытталған. Яғни, жаратылыстану ғылымдары, нанотехнологиялар және баламалы энергетикаға арналған жаңа материалдарды әзірлеуге және зерттеуге бағытталған жетекші ғылыми институт.

Институттың стратегиялық мақсаты – математика, физика,химия, биология ғылымдары, жаңартылатын энергия көздері, энергия үнемдеу және баламалы энергия көздері саласындағы өзекті және қолданбалы мәселелерді шешу, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыру, сондай-ақ нанотехнология саласында оқу іс-әрекетін ұйымдастыру.

Ғылыми ұжым отандық және түркиялық институттары мен халықаралық ұйымдар арасында байланыстар орнату, ғылыми ынтымақтастықты дамыту және тәжірибе алмасу үшін жағдай жасауды жолға қойып келеді. Өзара ғылыми байланыс  және кәсіби қолдауды кеңейту мақсатында ғылыми-зерттеу қызметтерін, сараптама мен ғылыми консультацияларды ұйымдастыруды өз міндетінің бірі есебінде қарайды. Сонымен қатар, нститутқа қосымша ресурстарды тарту мақсатында мемлекеттік және халықаралық ұйымдар жариялаған ғылыми гранттар конкурстарына қатысып, жобаларды ұтып жүзеге асыруда. Университеттің докторанттары мен магистранттарын осы жобаларға қатысуға ынталандыру, олардың диссертация тақырыптарын институттың ғылыми-зерттеу бағыттарына бағыттау және де осылайша білікті кадрларды даярлауға үлес қосуды ұжым маңызды міндеттердің біріне санайды. 

Бүгінде институт жүргізіп отырған ғылыми бағыттарға тоқталар болсақ: 

  • Жоғары беріктігі бар, коррозияға мен тозуға төзімді жабындар әзірлеу 
  • Балама және сутегі энергетикасында қолдану үшін жоғары сіңіру қасиетіне ие жаңа материалдарды әзірлеу;
  • Энергетика және электроникаға арналған наноқұрылымды және функционалдық жұқа жабындарды әзірлеу;
  • Жартылай өткізгіш материалдардың функционалдық және өнімділік сипаттамаларын жақсарту үшін жабындарды әзірлеу болмақ. 

 Институттың материалдық-техникалық базасы 6 зертхана бар. Олар: Эксперименттік жұмыстар зертханасы, үлгіні дайындау зертханасы, физика-механикалық және коррозиялық сынау зертханасы, Металлографиялық рентгендік талдау зертханасы, нанотехнологиялар және баламалы энергия үшін жаңа материалдар зертханасы, STEM білімі және физикалық эксперименттер зертханасымен жабдықталған. Институттың жүргізген зерттеу нәтижелерін Thomson Reuters, Web of Science, Scopus және басқа да деректер қорларына енгізілген ғылыми басылымдарда ғылыми мақалалар  жариялау және жаңа материалдар мен технологияларға қатысты ғылыми жобаларға қатысу жоспарланған. 

Институт бүгінде 3 ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Біріншісі: Мақта тазалау машиналарының ара дискілері үшін наноқұрылымдық қорғаныш жабынды алудың тиімді технологияларын әзірлеу тақырыбындағы жоба. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қаржыландырған №АP22787358 гранты. 2024-2026 жылдарға қаржыландыру көлемі – 86 661 076 т.

Жоба мақта тазалау машиналарының ара дискілерінің тозуына қарсы ZrCN жабынын қолдану өндірістің үзіліссіз жұмысын қамтамасыз етеді және жөндеу шығындарын азайтады. Жаңа жабындар өндірістік шығындарды төмендетіп, техникалық қызмет көрсету мен жөндеуге арналған шығындарды қысқартады. Жоба нәтижесі  материалтану ғылымында жаңа жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жоба халықаралық нарықтағы трендтермен үйлесімді, жоғары сапалы өнімдер ұсынуға көмектеседі. Жаңа жабындардың экологиялық тиімділігі өндірістік қалдықтарды азайтып, ресурстарды тиімді пайдалануға ықпал етеді. Жобамыз сәтті жүзеге асып, зерттеу деңгейлері нәтижелерін өңірде мақта талшықтарын өңдеумен айналысатын өндіріс орындарына ұсынуға болады. Мақта талшықтарын өңдеу барысында дискілерге тастар т.б. қатты заттарға тиіп тез сынып қалып жатады. Бізге өндіріс орындарының қолданыстағы ара дискілерін алып келсе, біз оларды жаңа жабындылармен жабдықтап өңдеп береміз. Нәтижеде біздің өндіріс орындарындағы мақта тазалау машиналарының ара дискілерінің дені бір реттік, бір маусымдық болып келсе, біздің жаңа жабындармен жасалған дискілер бірнеше маусымдық болады. Яғни олардың беріктігі мен қолдану мерзімін ұзарта аламыз. Біз бұл процесті зертханада эксперимент жасап сынақтан өткіздік. Жобаның жетекшісі: Шектибаев Н., жауапты орындаушы: Ш.Курбанбеков. Екінші жобамыз: «Ядролық өнеркәсіпте қолданылатын цирконий қорытпасын гидрленуден және жоғары температурадан қорғауға арналған композициялық металл-керамикалық жабын жасау» деген тақырыптағы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қаржыландырған №AP19579179 гранты. 2023-2025 жылдарға арналған. Қаржы көлемі – 74 128 392 теңге. Жоба ядролық өнеркәсіпте қолданылатын жоғары температуралы тотығудан және цирконий қорытпасын сутектендіруден қорғау үшін кеуектілігі төмен және жоғары адгезиялық беріктігі мен коррозияға төзімділігі жоғары Cr3C2 -NiCr композициялық металл керамикалық жабындысын алу мақсатында жоғары жылдамдықты оттегі-отын бүрку (HVOF) технологиясын жетілдіруге бағытталған. Э110 цирконий қорытпасының жоғары температуралы тотығуынан және су тасқынынан қорғау үшін төмен кеуектілігі және жоғары адгезиялық беріктігі бар Cr3C2 -NiCr композициялық металл керамикалық жабынының жоғары жылдамтықты оттегі-отын әдісін әзірлеу. Мұны қарапайым түсіндірсек: мысалы қара темірдің нарықтағы бағасы арзан,  ал түсті металл қымбат. Өйткені түсті металдардың көптеген қасиеттері болады, сондықтан да бағалы. Біз зерттеуімізде қарапайым қара металды алып, асты-үстіне(тысқы қабаттарына) жабын қойып әзірлесек ол дүние төзімді, беріктігі мықты болады. Ал, тұтас түсті металдан жасалса ол кезде шығыны көп болады да қымбатқа түседі. Біздің жабындарымыз өндіріске, металл өндірісінде, өндірістегі құрал-жабдықтардың тиімділігін арттыруға бағыталған.  Біз жобаларымызды аяқтағанда министрлікке есеп береміз, нәтижелер бойынша ғылыми басылымдарға мақала әзірлеп ұсынамыз. Жоба нәтижесін министрлік те танытып, ұсынуы мүмкін. Біздің осы нәтижелерімізге кәсіпкерлер, өндіріс жетекшілері қызығушылық танытып жатса, әрине бұларды  өндіріске ендіруге (серіктестер табылып жатса) дайынбыз.

Үшінші жобамыз, бұл бірнеше ЖОО-ы біріккен  ауқымды, ірі жоба. Шығыс Қазақстан облысының тау-кен металлургия саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін бәсекеге қабілетті ғылыми-негізделген технологияларды енгізу және әзірлеу.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қаржыландырған №BR24992925 гранты, консорциум негізінде 2024-2026 жылдарға арналған , қаржы көлемі 75 000 000 тенге. Бұл ғылыми жоба Жоғары энтропиялық қорытпалар сутегі энергиясымен байланысты көптеген мәселелерді шеше алатын бірегей қасиеттерге ие сутегі сақтау саласындағы революциялық қадам болуымен ерекшеленеді. Бұл материалдар сутегі энергиясының болашағында шешуші рөл атқара алады,таза энергия көздеріне көшуді қамтамасыз етеді және адамзаттың көміртегі зиянды іздерін азайтады. Сондай-ақ көп компонентті қорытпалар жоғары қаттылық, тозуға төзімділік, жоғары температураға төзімділік, коррозияға төзімділік, төмен температурада жақсы икемділік сияқты тартымды қасиеттерге ие. Жобаның мақсаты – жаңа материал алу. Біздің зерттеулеріміз қолданбалы физика саласында, металтану саласында өзектілігімен ерекшеленді. Жалпы бұл мега жобаға 5 университет, 2 ЖШС қатысады. Олардың арасында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Қарағанды техникалық университеттері секілді жетекші ұйымдар бар, сол жобаның белгілі бір бөлігін біздің институт орындайтын болады, – дейді институт директоры, PhD., доцент Шерзод Құрбанбеков.

Елімізде отандық ғалымдар қоршаған ортаға зиян келтірмей, энергия өндірудің баламалы жолдарын ойлап табуға барынша үлес қосуда. Ал, алдымызда жасыл энергетиканың үлесін 2025 жылы – 6 пайызға, 2030 жылы – 15 пайызға, 2050 жылы – 50 пайызға, ал, 2060 жылы 80 пайызға көтеру міндеті тұр. Бұл межеге жетуіміз үшін мемлекет тарапынан нақты қадамдар жасалып та жатыр. Аталған институт бұл бағытта да өзінің нәтижелі жұмыстарын жүзеге асырып, кампустағы бір екі ғимарат күн көзінен алынатын электр энергиясы арқылы жарықтандырылуда.

өзінің болашақтағы бағытын – технологиялық инновациялар негізінде жаһандық проблемаларды шешетін, ғылыми жетістіктерді өндірісте кеңінен қолданатын және әлемдік ғылыми қауымдастықта көшбасшылық орын ғылыми орта ретінде қалыптасуымен айқындайды.

ҒАЛЫМДАРЫМЫЗ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫН ІСКЕ ҚОСТЫ

Шерзод РАМАНҚҰЛОВ,  Физика кафедрасының қауымдастырылған профессоры

Бүгінгі таңда елімізде баламалы энергия көздерін қолдануға мейлінше көңіл бөлінуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз қуат көздеріне бай  болғандықтан, болашақта жаңа энергетикадағы жетекші орнын сақтап қалудың маңыздылығын айтқан болатын. Расыда , жаңартылатын қуат көздері жобаларындағы қазақстандық өнімнің үлесі өте аз.  Еліміз бойынша жасыл энергетиканың үлесін 2030 жылға қарай  – 15 пайызға жеткізу межесі белгіленген. Осы ретте біздің «Физика» кафедрасы ұстаздары Қурбанбеков Бақыжан, Полатұлы Серік, Паттаев Амин және «Электр инженериясы» кафедрасының профессоры Нажи Генч мырза, сондай-ақ, зерттеу тобындағы басқа да жас ғалымдар ғылыми жоба аясында жұмыс жасап оқу орнымыз кампусында жасыл энергетиканы дамыту мақсатында жалпы қуаты 30 кВт болатын күн электр станциясын іске қосты. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті тарапынан қаржыландырылды. 

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетімен 09.09.2024ж. күнгі №:223/ГФ24-26 келісім-шарты бойынша AP23488947 «Күн энергетикасы саласында STEM жобаларды іске асыру негізінде студенттердің зерттеушілік және инженерлік іс-әрекеттерін дамыту» атты гранттық жоба аясында университет қалашығындағы автотұрақта қуаттылығы 30кВт күн электр станциясы іске қосылды.

Бұл жоба зерттеуінің мақсаты – күн энергетикасы саласында инженерия және жаратылыстану ғылымдары студенттерінің зерттеушілік және инженерлік іс-әрекеттерін дамытудың әдістемелік жүйесін жасау, күн энергетикасын пайдалануға арналған STEM модулін, өнімдерін жобалау және әзірлеу, сондай-ақ, күн электр қондырғыларын әзірлеу және егін алқаптарында қолдану арқылы студенттердің өндірістік практика орнын жасақтау, әдістемелік жүйенің тиімділігін педагогикалық экспериментте тексеру.

Негізінен жобаның күнтізбелік жоспарына сәйкес, қуаттылығы 10кВт болатын күн электр станциясын құру қарастырылған болатын. Университет басшылығының қосымша қаржыландыруы арқылы білім беру мен ғылым саласын ұштастыру бағытында көрсеткен қолдауының арқасында  қуаттылығы 30кВт күн электр станциясы құрылды. Қазақстандағы күн панельдерін өндіруші отандық компанияның бірі Miami Solar өнімдері қолданылды. Күн панельдерін пайдаланудың тиімділігі неде деген мәселеек келсек. Күн энергетикасы саласындағы жобаларды іске асыруда отандық өнімдерді қолдану экономикалық тиімділікті арттырып, логистикалық және техникалық қызмет көрсетуді жеңілдетеді. Инновациялық даму мен технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ете отырып, еңбек нарығын дамытады және жергілікті өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді.

Бұл жобаның практикалық маңыздылығы өте жоғары. Инженерлік-техникалық салаларда болашақ мамандарды даярлау үдерісіне интеграциялау арқылы күн электр станцияларын зерттеу бірнеше негізгі бағыттарды қамтиды. Білім алушылар күн панельдерінің өнімділігін өлшеу, инсоляция бұрышының әсерін зерттеу, жылу және шаңданудың ықпалы сияқты энергетикалық тиімділігі бойынша оқу-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, білім алушыларға панельдердің орналасуын оңтайландыру, тиімді түрлендіргіштерді қолдану, аккумуляция жүйелерін интеграциялау, күн энергетикасын физика, инженерия және экология сабақтарына енгізу арықылы студенттердің жобалық және зертханалық жұмыстарын ұйымдастыру, экономикалық және экологиялық талдау мен цифрлық басқару жүйелерінде жұмыс жасау мүмкіндігі туды.

Сонымен қатар, білім алушылар SolarMan SMART платформасын инвертордың жұмыс көрсеткіштерін қадағалау және басқару үшін қолдана алады. Бұл жүйе арқылы жас зерттеушілер онлайн мониторинг, деректерді талдау, ақауларды анықтау және қашықтан басқару мүмкіндіктеріне қол жеткізеді. SolarMan SMART сервері арқылы инвертордың нақты уақыттағы өнімділігіне, өндірілген және тұтынылған энергия көлеміне, жүйенің тиімділігіне қатысты толық ақпарат алуға болады. Сондай-ақ, мобильді қосымша қолданушыларға инвертордың көрсеткіштерін смартфон немесе планшет арқылы қадағалауға мүмкіндік береді. Осылайша пайдаланушылар жүйенің жағдайын кез келген уақытта бақылай алады. Бұл әсіресе күн электр станцияларын басқару және тиімділігін талдау үшін маңызды. Мұндай тәжірибелер болашақ мамандардың теориялық білімді нақты практикалық қолданыспен байланыстыруға, зерттеу дағдыларын дамытуға және жаңартылатын энергия көздерінің маңыздылығын түсінуге ықпал жасайды.

Бұл бастама университет кампусындағы жасыл энергетиканы дамытуға және тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға үлкен үлес қосады.  30 кВт қуаттылығы бар күн электр станциясы электр энергиясын өндіру арқылы кампустың энергетикалық тәуелсіздігін арттырып, экологиялық таза энергия көздерін қолдануға мүмкіндік береді. Яғни, дәл қазіргі уақытта орнатылған күн панельдері Мәдениет Орталығы тұтынатын энергиямен қамтамасыз етуде. 

Күн энергетикасы саласындағы жобаны жалғастырудың маңызы бірнеше маңызды аспектілермен байланысты. Біріншіден, энергетикалық тұрақтылық пен тәуелсіздік, яғни жаңартылатын энергия көздерін дамыту арқылы дәстүрлі энергия ресурстарына деген тәуелділікті азайту және экологиялық таза электр энергиясын өндіруді арттыру. Екіншіден, білім беру және ғылыми зерттеулерді жетілдіру, яғни STEM білім беру шеңберінде студенттердің зерттеушілік және инженерлік дағдыларын дамыту, нақты тәжірибелер жүргізу арқылы теориялық білімдерін нығайту. Үшіншіден, инновациялық технологияларды дамыту, яғни күн энергиясын тиімді пайдалану бойынша жаңа инженерлік шешімдер әзірлеу, IoT және цифрлық мониторинг жүйелерін енгізу. Төртіншіден, экономикалық және экологиялық тиімділік, яғни энергия шығындарын азайту, көміртек ізін төмендету және жасыл технологияларды кеңінен енгізу арқылы тұрақты дамуға үлес қосу. Сондықтан бұл жобаны жалғастыру Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерін дамыту стратегиясына сәйкес келіп, экологиялық таза технологиялар негізінде болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға және ғылым мен өндірістің интеграциясын нығайтуға ықпал етеді.

2025 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті кампусындағы күн электр станциясының қуаттылығын арттыру, электромобильдерді жылдам зарядтау станциясын іске қосу, күн трекерін енгізу арқылы студенттердің зерттеушілік мүмкіндіктерін кеңейту жоспарлануда. Электромобильдерді жылдам зарядтау станциясының қосылуы электр көліктерінің қолжетімділігін арттырып, олардың экологиялық және экономикалық тиімділігін зерттеуге жағдай жасайды. Күн трекерінің іске қосылуы студенттердің күн панельдерінің тиімділігін арттырудағы рөлін, трекерлердің жұмыс принциптерін, бақылау алгоритмдерін және автоматтандыру жүйелерін зерттеуіне мүмкіндік береді.

Университеттегі бұл жаңашыл бастамалар ғылыми зерттеулердің дамуын, инженерлік және технологиялық дағдыларды жетілдіруді, сондай-ақ жасыл энергетиканы қолданудың практикалық мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтамасыз етеді. 

Сонымен қатар, бұл жоба алдағы уақытта университеттің энергетикалық тәуелсіздігін арттырып, жасыл технологияларды коммерциялық мақсатта қолдану мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Сонымен қатар, студенттер мен оқытушылар жаңа зерттеу жобаларын әзірлеп, инновациялық стартаптар құруға мүмкіндік алады.

Зерттеу тобы ҚР ҒЖБМ ҒК тарапынан қаржыландырылған гранттық жобаларды тиімді іске асыруда үнемі қолдау көрсетіп жүргені үшін университет ректоры Жанар Амангелдіқызына, ректор өкілі Нажи Генч мырзаға, вице-ректор Ошыбаева Айнаш Есимбековқызына зор алғыс білдіреміз.

Бекжігіт СЕРДӘЛІ, профессор:

Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи университетін жұрт түркі әлемі жастары бір шаңырақ астында білім алып жатқан шығыс жауһарындай көреді. Содан да болар, іргесі 1991 жылы қаланған, небәрі 33 жылдық тарихы бар осынау білім ордасына қарты да, жасы да ғылыми потенциалы мен ұлт­тық кадр даярлаудағы білім беру бағдарламалары халықаралық талаптарға сай оқу орны деп қарайды.

Мұндай білім ұясын басқару, әрине кім-кімге де болса да қиын соғатыны дау­сыз. Әрине, бұған дейін бұл университетке Мұрат Жұрынов, Мұстафа Рысұлы, Оразәлі Сәбденов, Серік Пірәлиев, Лесбек Тәшімов, Уәлихан Әбдібеков, Болатбек Әбдірәсілов сияқты жоғары білім жүйесін басқарудың айтулы менеджерлері басшылық ет­ті. Еуропаның, оның ішінде, Түркияның жетекші университет­терінде білім алған, TÜBİTAK сынды маңызды ғылыми орталықтардың грант иегері болған, ТҮРКСОЙ халық­аралық ұйымында еңбек еткен, Алматыдағы жекеменшік университет­терді басқарған, басқаша айтқанда әрі халықаралық, әрі отандық ғылым мен білім ордаларында тәжірибе жинаған Жанар Темірбекова ректор болып келген кезде, ашығын айтайық, «қыз бала ғой, осындай екі мемлекетке ортақ оқу орнын басқарып алып кете алар ма екен?» деген күмәнді көзқараста болған әріптестеріміз де табылды. Бірақ салған жерден өзінің іскерлік машықтарымен, ұйымдастырушылық қабілетімен оқу орнының академиялық саясатын іске асыруды қолға алған жас басшы көп уақыт өтпей-ақ бірден оқытушылар мен студент­тердің сүйіспеншілігіне бөлене бастады. 

Ахмет Ясауи іліміне сүйене отырып, академиялық принциптерге сай түркі әлемінде алдыңғы қатарлы, білікті және жаңашыл тұлғаларды тәрбиелейтін университет болу миссиясын басшылыққа алған ректор білім берудің тың әдістері мен шығармашылық тәсілдерін әзірлеуге және зерт­теуге тікелей өзі мұрындық болып, ғылыми-инновациялық жаңа мүмкіндіктерге жол аша бастағаны тек оқытушы-профессорлар құрамын ғана емес, өңірдің дамуына немқұрайды қарай алмайтын жергілікті мамандар мен билік органдарын да қуанта бастады. 

Себебі университет мұрындық болған жаңа ғылыми технологиялар өндіріске еніп қана қоймай, аймаққа белгілі бір дәрежеде кіріс әкеле бастады. Университет пен облыс әкімдігі бірлесе атқарған стратегиялық жоспарлар, оқу орнының ғалымдары жүзеге асырған екіжақты ғылыми-инновациялық жобалар жаңа қарқынмен дами бастаған өңір игілігіне жұмсалып, креативті жас кадрлар дайындау ісі жолға қойылды, яғни Түркістанның әлеумет­тік-экономикалық дамуына университет ұжымының да үлес қоса алатынына сенім арт­ты.
Жанар Амангелдіқызы келгелі бері, жыл сайын қыркүйек айының соңы мен қазан айының басында университет ұжымы мен Түркістан халқына ашық түрде есеп беріп келеді. Биылғы 2023–2024 оқу жылын қорытқан қоғамдық есеп беру жиынына да қала ақсақалдары мен ардагерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, оқытушы-профессорлар мен студент­тер көптеп жиналды. Бұл, бір жағынан, ректордың қарымы мен қабілетін сынамаққа келген сындарлы топ болса, екінші жағынан, университет дамуына жанашыр, тілеулес жандар болатын. Ал ректордың бұл жиында айтары да, мақтан етіп көрсетер жетістігі де жетерлік еді.
Ректор жиналған қауымға өткен оқу жылында академиялық, ғылыми, әлеумет­тік, шаруашылық және өзге де бағыт­тарда атқарылған ауқымды шаралар туралы ақпарат берді.
Алдымен, көпшілік назарына салалар бойынша фокус-топтар құру машығы ұсынылып, миссия мен стратегиялық мұрат­ты талқылау, қабылдау, сауалнама әзірлеу және сауалнама жүргізу тәсілдері арқылы қол жеткізуге болатын алдағы даму бағдарламасының жобасы көрсетілді. Тұрақты институционалдық даму мен академиялық үстемдікке қол жеткізу арқылы ғылыми-инновациялық әлеует­ті арт­тыруға, оқу орнының жанындағы клиникалық-диа­гностикалық орталықты дамытуға бағыт­талған стратегиялар ұсынылды. 

«Сапалы профессор» әлеуетіне қол жеткізу үшін оқытушы-профессорлар біліктілігін арт­тыру, өзін-өзі үздіксіз дамыту, сапалы білімгер тарту идеясының қалай жүзеге асып жатқаны баяндалды. 42 білім беру бағдарламалары аккредит­теуден, 22 білім беру бағдарламалары постмониторингтік аккредит­теуден өткені айтылды. «Орта білім беруді жаңғырту» жобасының аясында 18 инновациялық білім беру бағдарламалары енгізіліп, үш білім беру бағдарламасының мазмұны жаңартылған. 

«Педагогикалық білім моделін енгізу және оның мазмұнын нығайту» жобасы аясында 187 оқытушы жоғары білім бағдарламасын әзірлеу және силлабус құрастыру дағдылары бойынша 160 сағат­тық кәсіби біліктілігін арт­тырған. Назарбаев университетінің Хяме қолданбалы ғылымдар университетімен біріге отырып, университет­тің белсенді оқытушылары «Білім саласындағы көшбасшы» біліктілік арт­тыру курстарына қатысқан. BMG Upskill компаниясымен келісімшарт жасалып, Coursera платформасындағы дәрістерге 152 лицензия сатып алынып, студент­тердің әлемнің алдыңғы қатарлы университет­терінің профессорларының дәрістерін қазақ тілінде тыңдауына мүмкіндік берілген.
Өткен оқу жылында нанотехнология және энергетикаға арналған жаңа материал­дар мен микробиология, биотехнология, вирусология зертханалары ашылып, интер­активті видео студия жасақталды. Университет жанындағы лингвистикалық тілдер орталығында студент­тердің түрік, қазақ, орыс, ағылшын, араб тілдерін тереңдетіп оқытылуына мүмкіндіктер қарастырылған.

Соңғы төрт жылда мақұлданған жобалар саны 44-ке жетіп, 7 407 915 078 теңге соманы құрап отыр. Жас ғалымдарды грант­тық қаржыландыру жобаларының жалпы саны да 9-ға жетіп, 568 324 975 теңгеге жеткен.
 

Оқу орнында ивент-туризм мен ғылыми-көпшілік туризм де кеңінен жолға қойылған. Сонымен қатар университетіміз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turktime» бастамасына да елеулі үлес қосты. Бұған 30-дан астам елдерден 850 шет­ел ғалымдары мен 1650-ден астам еліміздің ғалымдары қатысқан «Түркі әлемі бірінші халықаралық география» конгресінің, «Түркі әлемінің жаңару кезеңіндегі интеллектуалдық қозғалыстар», «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумдарының, «Ғасыр данасы – Қожа Ахмет Ясауи», «Орталық Азияның тарихи географиясы» конференцияларының, Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Манас атындағы қырғыз-түрік университеті арасындағы ортақ сенат мәжілісінің осы университет базасында өтуі куә. «Ясауи қысқы мектебі» жобасы аясында оқытушы-профессорлар құрамы мен ғылыми қызметкерлердің бір ай бойы білімдерін жетілдіріп, халық­аралық байланыстар және қаржылық сауат, ішкі сапаны қамтамасыз ету, стратегиялық басқару және менеджмент, ғылым және академиялық менеджмент тақырыбында білімдерін жетілдіруі – университет ғылыми потенциялының артып жатқанының бір көрінісі. «Түркология жазғы мектебі», «Жаңа энергия технологиясы жазғы мектебі» аясында студент­тер 14 мемлекет­те болып, түрлі салада академиялық білімдерін ұштады.

SciVal, Scopus, WOS базасындағы жарияланымдар көрсеткіші біршама артқан. Ғалымдардың h-index көрсеткіштерінің алды 35-ке жетіп отыр. Университет­те түрлі бағыт­та 7 ғылыми журнал жарық көреді. Оның біреуі – импакт-факторлы, екіншісі – ВАК тізіміне енген журналдар қатарында. Оқу орны оқытушы-профессорларының импакт-факторлы журналдардағы жарияланымдарын ынталандыру сомасы 2020 жылғы 1 568 957 теңгеден 19 710 435 теңгеге артқан.

«Ғылым қоры» акционерлік қоғамының қолдауымен іске асырылып отырған коммерцияландыру жобасы аясында университет іргесіндегі ботаникалық бақта жемістерді қайта өңдейтін цех жұмысы жолға қойылды. Цехта кептірілген өнімдер Түркістан қаласындағы дүкендерде сатылымға шықты. Қазіргі таңда кептірілген қауын қақ, өрік, алмұрт сияқты 13 түрлі өнім өндіріліп, нарыққа жол тартып отыр.
Университет­те атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі ретінде халық­аралық рейтинг агент­тіктерінің статистикасын көрсетуге болады. 

Білім ордасы Qs World University Rankings рейтинг базасы бойынша әлемде 816-орында болса, Asia University Rankings рейтингінде 203- орынға жайғасты. Орталық Азия университет­тері арасында 7-орында. БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсат­тарына (CDG) сәйкестігін бағалайтын Times Higher Education Impact Rankings халықаралық рейтингіне әлемнің 1963 университеті кірсе, Қазақстандағы 26 жоғары оқу орындары арасында ХҚТУ 5-орынды иеленді.

Осындай көрсеткіштердің жемісі болар, биыл Халықаралық қазақ-түрік университетін таңдап, мемлекет­тік грант иегері атанған студент­тердің де саны артқан. 2022–2023 оқу жылымен салыстырғанда, грант саны 995-тен 1281-ге өскені байқалады.
Бір жыл ішінде оқу орнын көруге, ұжым және студент­термен кездесуге келген қонақтардың да қатары көп. Қазақстанның Сенат төрағасы мен Түркия Республикасының вице-президентінен бастап, министрлер мен депутат­тар, түрлі билік өкілдері, дінбасылары, бірнеше мемлекет­тің Қазақстандағы елшілік қызметкерлері ат басын бұрған. Осылайша, университет халықаралық статусына сай қызметін жалғастырып жатыр.
Ғылым бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылғаны мәлім болды. Мәселен, университет­тің 7 оқытушысы Білім және ғылым министірлігінің 2023 жылғы «Үздік оқытушы» атағына ие болса, 10 оқытушы «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанған.
Әсіресе медицина саласын қолдау аясында біршама игі істер жасалды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – елімізде жеке клиникасы бар бірден-бір оқу орны. Аталмыш клиника-диагностикалық орталықтың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу, дәрігерлердің білімін арт­тыру үшін шетелге жіберу жұмыстарын жыл бойы жүрген. Клиника биылдан бастап 24/7 тәулік бойы алғашқы үшінші деңгейдегі инсульт науқастарын қабылдап, неврология және интервенциялық нейрохирургия саласындағы облыстық медициналық орталыққа айналды. «Атажұрт­тан – Анажұртқа: денсаулық көпірі» жобасы аясында Түркиядан 5 білікті дәрігер келіп, тәжірибелерімен бөлісті. Омыртқа хирургиясында шеткергі жүйке трансплантациясынан бастап, кеудеішілік экстрамедулярлық, жабық белдік, перифериялық жүйке трансплатациясы, жұлынның стимуляциясы сияқты жаппай операцияларға дейінгі көптеген ашық және жабық оталар осында қолға алына бастады.

Университет басшылығы арнайы «30 жылдыққа – 30 жоба» акциясын қолға алып, білім мен ғылымды дамытумен қатар, қоғамға да пайда әкелетін бірқатар жобаларды атқарды.

Түлектерді жұмысқа орналастыру – университет қызметіндегі басымдықтардың бірі. Қазіргі уақыт­та университетпен келісімшарт жасасқан дуалды білім беретін ұйымдар мен кәсіпорындар бар. Ірі және табысты компаниялармен жоспарлы кездесулер өтіп тұрады. Әр семестрде облыстық, қалалық жұмыспен қамту қызметімен бірге бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші – 84,3 пайыз.
Университет қызметін оңтайландыру өңірдің экономикалық әлеуетін арт­тыруға, жаңа жұмыс орындарын тауып, нарықтың дамуына, ғылым және инновация саласын жандандыруға мүмкіндік береді. Осы себепті оқу орнының халықаралық қызметі посткеңестік кеңістікте стратегиялық маңызға ие. Түркиямен мемлекетаралық диалог, мәдени алмасу және ғылыми ынтымақтастық жаһандық проблемаларды шешуге ықпал етеді.
Қазақстан мен Түркияның ортақ университеті болған оқу орнында екі елдің университет­терінде ғалымдар мен оқытушы кадрларымен алмасу, халықаралық білім беру бағдарламалары мен жобаларын игеру жүйесін жолға қойған. Бірлескен ғылыми зерт­теулер жүргізу, ғылыми-тәжірибелік семинарлар мен конференциялар ұйымдастыру, академиялық ұтқырлықты дамыту – осының айғағы.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 15 қаңтарда «Жоғары оқу орындарына ерекше мәртебе беру туралы» ҚР Президентінің 2001 жылғы 5 шілдедегі №648 Жарлығына толықтыру енгізе отырып, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне ерекше мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Мұндай мәртебенің оқу орнына жеке тұлғаның ұлт­тық және жалпыадамзат­тық құндылықтар мен ғылыми-техниканың жетістіктер негізінде қалыптасуына, ілгері дамуына және кәсіби орнығуына қосқан елеулі үлесі үшін берілетінін ескерсек, Түркістан университетінің де әлемдік аренада танымал бола бастағанын айғақтайды.
Айта кетейік, түркі жұртына тұмар болған көне қаладағы оқу ордасы дамыған шет мемлекет­тердегідей оқу-білімді халық­аралық корпоративтік басқарудың бірегей жүйесіне көшкен: мұнда университет­тің іргесі қаланған алғашқы күндерден бастап-ақ үкіметаралық Өкілет­ті кеңес, Сенат және Басқару кеңесі алқалы түрде жұмыс істейді. Түркі мемлекет­терінен келіп білім алып жатқан жастар білімдерін қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде алады.
Университет ұжымының үлкен жауапкершілікті сезініп, білім сапасын арт­тыруға, оның халықаралық стандарт­тарға сай жүргізілуіне, ғылым мен білімнің интеграциясын дамытуға күш жұмсайты анық. Ерекше академиялық және басқарушылық дербестікке ие болған оқу орны философия докторы (PhD), сала бойынша доктор дәрежелерін дербес тағайындауға, білім бағдарламаларының мазмұнын халықаралық стандарт­тарға сай анықтауға, жеке үлгідегі дипломдарын беруге мүмкіндік алды. Білім грант­тарының саны артып, профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысы атақ-дәрежелеріне қарай біршама өсті. Материалдық-техникалық база арт­ты. Ең бастысы, айрықша мәртебелі университет ғылым-білім серпіні арқылы іргесі енді ғана беки бастаған аймақтың дамуына үлкен үлес қосып отыр.
Қазір заман өзгеріп, жастардың білім алуына да, ғылымды игеруіне де мол мүмкіндіктер ашылды. Соның ішінде аймақтық салада білім жетілдіруге мүмкіндік бар. Бұны университет ұжымы жақсы түсінеді.

Жан ПЕРДЕБЕК, BAQ.KZ

Білім беру және қазақстандық ғылымды дамыту, жоғары білімді, өңірлік жоғары оқу орындарын дамыту және ғылым саласындағы жоғары оқу орындарының қосып жатқан үлесі ел ертеңі үшін аса маңызды жайт. Киелі Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова ханыммен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Жанар Амангелдіқызы, Түркістан облыс орталығы болғанына биыл маусымда 5 жыл толады. Бұған дейін де оқу орындарын басқарған тәжірибеңізді ескерсек, аталған оқу орнына қандай жаңашылдықтар әкеліп қоса алдыңыз?

– Кез келген университетке жаңалық не болмаса өзгеріс енгізбестен бұрын, ең алдымен жан-жақты анализ жасап, стратегиялық жоспарды талдау керек. Себебі университет дегеніміз өте күрделі жүйе, кейбір өзгерістер мыңдаған адамның тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан маңызды өзгерістерді жоспарлы түрде енгізу, яғни ғылыми және экономикалық негізге сүйену шарт. Қазір өмір сүріп жатқан ортамыз біркелкі емес – ел ішінде де, халықаралық деңгейде де көптеген жаңалықтар мен өзгерістер жиі еніп жатыр. Сондықтан осы өзгерістерге ілесіп отыру өте маңызды. Кез келген университеттің дамуы оның стратегиялық жоспарына тәуелді болғандықтан, өзгеріс енгізу үшін осы стратегиялық жоспардағы параметрлерге жылда анализ жасалу қажет. Анализ нәтижесінде параметрлер ескіргені анықталса, онда университеттің тиісті мамандарымен талқылау арқылы жаңадан стратегиялық параметрлерді белгілеу керек. Біз дәл осы ұстаным бойынша жұмыс істедік. Сондықтан университетке алғаш келген күннен бастап, Халық үніне құлақ асатын университет концепциясы аясында университетіміздің миссиясы не, келешек көзқарасымыз қандай, құндылықтарымыз қандай деген сұрақтарға жауап іздедік. Университет қызметкерлерімен және студенттермен бірге талқылау жасадық. Талқылау нәтижесінде университетіміздің 2022-2026 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарын жасап шығардық. Аталған стратегия аясында расында да келесі сатыға көтерілу үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Академиялық үстемдік бойынша біршама жақсы жұмыстар жүзеге асырылды.

– Жас ғалымдарды қолдау, олардың еңбектерін бағалау қалай жүзеге асырылып жатыр?

– Біріншіден, кейбір факультеттер трансформациядан өтіп, кафедралар жаңадан жасақталды, білім беру бағдарламаларының (бұрын оларға мамандық дейтінбіз) мазмұны өзгерді. Сонымен қатар магистратура және докторантура бағдарламасында талантты жас ғалымдарды оқу ордамызға тарту үшін білім бағдарламаларын өзгертіп, осы саладағы жұмыстарымызды реттедік. Бұған қоса, халықаралық байланыстар, соның ішіндегі әсіресе Түркия Республикасындағы университеттермен жұмыс нығая түсті. Екіншіден, ғылыми ізденістерді қолдау бойынша көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Университетте ғылым бағытында әртүрлі ынталандыру шаралары болуы маңызды. Біздің университетіміз Үкіметаралық Өкілетті Кеңес арқылы басқарылады. Міне, осы Өкілетті Кеңес шешімімен, ғылыми жобалармен айналысып жатқан әріптестерімізге қолдау ретінде, ғылыми мақала және патент авторларын марапаттау бойынша ынталандыру қаражаты едәуір өсті. Мәселен, алдыңғы қатарлы халықаралық ғылыми журналдарда мақала шығарған ғалымдарымыздың гонорары 900 мың теңгеге дейін өсті. Соның жалғасы ретінде ғылыми жарияланымдар, көптеген жобалар саны артты. Жалпы, ғылым саласы бойынша үлкен жұмыс жасалынды. Нәтиже де жаман емес. Халықаралық сарапшылар тарапынан жақсы пікірлер алып, рейтингтердегі орнымыз біршама алға жылжыды. Университеттердің дүниежүзілік рейтингі бойынша әлемге әйгілі QS World University Rankings by Subject 2023 рейтингіне енген 8 қазақстандық университеттің қатарынан көріндік. Сондай-ақ, былтыр алғаш рет Qs World University Rankings 2023-ке еніп, әлемдегі университеттер арасында 714-ші орынға жайғасты. Мұның бәрі университет ұжымының ортақ жұмысының көрсеткіші.

Үшіншіден, университетіміз – қоғамға пайдалы болу миссиясын өте жоғарғы орынға қойып, сол бағытта көп жұмыс істеп жатыр. Біз Түркістан облысы, Қазақстан және күллі Түркі әлемі үшін қандай пайдалы жобалар жасай аламыз деген сұраққа үнемі жауап іздейміз. Осы мақсатта, былтырғы жылы университетіміздің 30 жылдығына арналған үлкен 30 жоба іске асты, ол жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Әрине университеттің инфраструктурасы да біршама өзгерді. Осы жұмыстардың барлығы өзімен өзі жасалып жатқан жоқ, жоғарыда айтылып кеткен Университетіміздің даму стратегиясы аясында орындалуда. Жүзеге асырылған жобалардың ішінен біреуін ғана атап өтейін. Мәселен, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігімен (ТИКА) бірлесіп, «Анажұрттан – Атажұртқа денсаулық көпірі» атты ауқымды жоба жүзеге асырылды. Аталған жоба аясында университет емханасына Түркия Республикасынан 1 321 000 АҚШ доллары сомасына дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтар түріндегі гуманитарлық көмек келді. Сонымен қатар, осы жоба аясында 2021 жылы университетте жалпы құны 160 мың АҚШ доллары шамасында екі жаңа зертхана (микробиология мен анатомия) іске қосылды және клиникамызға құны 90 мың АҚШ доллары болатын 290 бірлік заманауи медициналық құрал-жабдықтар әкелінді. Ал 2022 жылы Түркиядан педиатрия, генетика, оториноларингология, урология, кардиология, эндокринология, жұқпалы аурулар, травматология және ортопедия салалары бойынша танымал 30 медицина профессоры келіп, университеттің медицина факультеті мен клиникасында мастер-кластар мен семинарлар жүргізді, Түркістан облысы бойынша науқастарды тегін медициналық тексеруден өткізіп, ота жасады. Сонымен қатар университет клиникасының 27 дәрігері мен оқытушысы Түркияның жетекші университеттерінің клиникаларында (Medipol, Gazi, Marmara, İstinye, Cerrahpaşa) біліктілігін арттырып келді. Биыл Түркістан облысының тұрғындарына ауқымды медициналық қызмет көрсету үшін Түркиядан жоғары санатты 45 дәрігер келеді деп жоспарланып отыр.

– Байқауымша, университет тарапынан медицина мамандарын қолдап, тағылымдамадан өткізетін сияқтысыздар, осыны толықтырып айтып берсеңіз.

– Иә, оныңыз рас, жоба аясында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен 2021 жылдың қазан-желтоқсан айларында қалалық және аудандық медициналық ұйымдардың түрлі мамандықтағы 108 дәрігері Түркияның жетекші университеттерінің клиникаларында тағылымдамадан өтті. 2022 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының қолдауымен еліміздің аймақтарынан 60 дәрігер үшін Түркияда тағылымдама ұйымдастырылды. Медицина саласы бойынша жүргізіп жатқан осы жұмыстың бәрі осы «Анажұрттан – Атажұртқа денсаулық көпірі» жобамыз аясында жүргізілді. Байқап отырсаңыз, біздің университеттің әлеуеті өте жоғары, екі елдің қамқорлығындағы оқу ордасы. Сондықтан біздің беретін қызметіміз бен атқаратын жұмысымыз да осы дәрежеге лайықты болу керек. Университетіміздегі жақсы жаңалықтардың тағы біреуін атап өткім келеді. Өздеріңіз білетініңіздей, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің аймақтық 20 ЖОО базасында академиялық үстемдік орталықтарын іске қосу жөнінде жақсы бастамасы бар. Осыған орай университетімізде «Yassawi академиялық үстемдік орталығын» ашу бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл орталық дамудың үш бағытын қамтитын болады: медициналық, биотехнологиялық және экологиялық. Неге біз осы үш бағытты таңдадық? Себебі осы үш бағыт бойынша университеттің ғылыми әлеуеті жоғары, сондықтан осы салаларды одан әрі дамытып, елімізге пайдалы жобалар жасай аламыз деп шештік.

Жоғарыда айтып өткенімдей, медицина саласы бойынша өте көп жұмыстар атқарылды. Жақсы сапалы медицина кадрларын дайындау, оны дүниежүзілік стандарттарға жеткізу – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Ал биотехнология саласы бойынша стратегиялық жоспарымызға сәйкес, аграрлық факультеттің құрылысын және оны жасақтауды көздеп отырмыз. Бізде ол үшін толық мүмкіндік бар.

– Университеттің қамқорлығындағы Ботаникалық бақтың қазіргі жай-күйі қалай?

– Әрине біздің оқу орнымызда 88 гектарлық жерді алып жатқан керемет Ботаникалық бағымыздың бар екені көпшілікке мәлім. Мұндай бақ отандық ЖОО ішінде тек қана бізде бар. Ботаника бағының базасында көптеген ғылыми зерттеу жұмыстары, бірнеше коммерцияландыру жобасы жүзеге асырылды. Ал үшінші бағыт экологияны қолға алудағы басты мақсат – Түркістан өңірінде экологиялық жағынан шешілуі тиіс мәселелер жетерлік. Сол себептен университет шетте қалмай өз үлесін қосуы керек. Университетіміздегі Экология институты осы сала бойынша өңірде біршама жұмыстарды атқарып, маңызды экологиялық мәселелерді көтеріп жүрген ғалымдарымыздың инициативалары пайдалы болады деп сенеміз. Жаңа орталықты құру инновациялық білім беруді қалыптастыруға ықпал етумен қатар, қолға алынып жатқан медициналық, биотехнологиялық және экологиялық ғылым мен практика саласындағы әлемдік жетістіктерді ықпалдастыруға мүмкіндік береді. Жобаны қаржыландыру мөлшеріне келетін болсақ, өкімет тарапынан үш жылға жалпы 4 млрд теңге қаржы бөлу қарастырылған.

– Жоғары оқу орындарын өзге оқу орындарынан үздік етіп, ерекшелеу үшін, студенттерді көптеп тарту үшін ең бірінші не істеу қажет? Мүмкіндік болса, ең бірінші қай шетелдегі оқу орындарының тәжірибесін осында енгізгіңіз келер еді?

– Бүгінгі таңда университеттердің танымалдылығын арттыру үшін әртүрлі іс-шаралар өткізіледі. Өзіміз туралы айтар болсақ, жоғарыда атап өткен үш миссиямызды іс жүзінде көрсете білу – басты құралымыз. Әрине, осы бағытта PR жұмыстары, яғни қоғаммен қатынас жұмыстары өте маңызды. Соның ішінде, мысалы студенттерді көптеп тарту үшін ең бірінші, кәсіби бағдар беру жұмыстары өте дұрыс жолға қойылуы керек және мүмкіндік болса мектептегі соңғы сынып оқушыларына ғана ден қоймай, төменгі сыныптардан басталуы керек. Ол үшін әртүрлі сала бойынша қызығушылық танытып жүрген мектеп оқушыларының арасынан жастайынан өнерге, спортқа бейім балаларды және орта сыныптардан ғылыми ізденістерге құштар балаларды анықтап, әртүрлі олимпиадалар жүргізіп, соларды тарту жолдарын қарастырған жөн. Екіншіден, жоғары сыныптарға арналған арнайы кәсіби бағдар жұмыстарын ұйымдастыру. Осы бойынша университетімізде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Қазіргі кезде әлеуметтік медиа арқылы жақсы байланыс құруға тырысып жатырмыз. Заман талабынан қалмай, оған ілесе отырып жұмыс істеу. Мәселен, Instagram парақшамыздағы балалардың саны, жазылымдардың саны, оқырмандардың саны біршамаға кеңейіп отыр. Тұрақты 15 мыңнан астам оқырман тіркелген. Әрине, олардың көпшілігі жастар, оқушылар, талапкерлер. Бұдан бөлек, Facebook, Telegram және өзге де онлайн ақпарат тарату құралдарының мүмкіндігін барынша қолдануға тырысамыз. Шетелдік оқу орнының тәжірибесін енгізу жайлы айтар болсақ, біз халықаралық қазақ-түрік университеті болғандықтан, атымыздың өзі айтып тұрғандай, бірінші кезекте Түркия Республикасының алдыңғы қатарлы университеттерімен байланыс құруға назар аударамыз. Қазіргі уақытта біздің ғалымдарымыз мен профессор-оқытушы құрамы түркиялық университеттермен мүмкіндігінше көбірек бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру үшін жұмыс істеп жатыр. Былтыр осындай серіктестіктің нәтижесінде Теология факультеті ашылды. Келешекте аграрлық факультетті де Түркия Республикасындағы университеттердің жақсы тәжірибесін ескере отырып, ашуға дайындалып жатырмыз.

– Мектеп бітірген түлектер, жалпы осы оқу орнына түскісі келетіндер неліктен Ясауи университетін таңдауы керек? Бес маңызды себебін атап өтсеңіз.

– Ең алдымен, Түркі дүниесіне ортақ білім ордасы болғандықтан, студенттеріміз халықаралық диплом иегері атанады. Бұл университет түлектерінің дипломдары барлық түркітілдес елдерде еш кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді деген сөз. Екінші себеп, шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып, Түркиядағы 100-ден астам ЖОО тәжірбиеден өту және Еуропаның ең үздік университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болады. Келесі маңызды себеп – түлектеріміздің жұмысқа орналасу мәселесі. Бұл тұрғыда барынша қолдау көрсетеміз. Мысалы, университет бойынша өткен жылдың түлектерін жұмысқа орналастырудың орташа көрсеткіші 80%, ал бірқатар мамандықтар бойынша 90-100%-ға жетті. Яғни, университетіміздегі тәжірибеге бағытталған білім берудің жоғары деңгейі түлектерімізге деген сұраныстың бар екенін көрсетеді. Төртіншіден, студенттерді әлеуметтік қолдау жүйесі қалыптасқан. Түркия үкіметі жыл сайын біздің университетте оқимын деген талапкерлерге тегін білім алуға арналған 500 квота бөледі. Үлгерімі жақсы болған жағдайда ақылы негізде білім алатын студенттеріміз де осы түрік квотасына ауыса алады. Бұған қоса, жыл сайын ақылы негізде оқитын 100-ден астам студентке оқу ақысына жеңілдіктер беріледі. Тұл жетім, спорт саласы бойынша Әлем, Азия чемпиондарына 100, 75, 50, 25 пайыз жеңілдіктер қарастырылған. Бесіншіден, университет аумағында орналасқан оқу корпустары, кітапхана, асхана және лабораториялардың барлығы студенттеріміздің алаңсыз білім алуына және студенттік жылдарының естен кетпестей өтуіне мүмкіндік береді.

– Оқытушылар қауымын, студенттерді жалпы қалай шабыттандырып, жұмысқа жұмылдырасыз? ЖОО қабырғасындағы оқытушылар, ғалымдар қандай жаңалықтар қоса алды?

– Студенттер мен оқытушыларды шабыттандыру үшін, басқару ғылымы болған менеджменттің теориясы мен практикасына сүйену өте маңызды. Әсіресе соңғы жылдары мотивация теорияларының жаңа қолданыс аяларын кеңейткен ұйымдардың тәжірибесі өте қызық. Жалпы мотивация теорияларының ішінде ең маңыздысы ретінде «әділет» теориясын айтар едім. Оқытушыларды немесе студенттерді ынталандырғыңыз келсе, әділетті жүйе құру құруды бірінші кезекке қою керек. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы деп жүргені де осыны көздейді. Себебі мемлекетті басқарудың да негізі – әділетті жүйе. Ал университетте әділеттілікті қалыптастыру – әділетті қоғам құрудың алғышарты. Сіздің ресурстарыңыз аз болса да, оларды әділетті түрде жұмсайтын болсаңыз – наразылық тумайды. Керісінше, көп ресурсты әділетсіз түрде – мынау жақыным, туысым, танысым деп бөлу, түбінде жағдайды ушықтырып, дау-дамайға әкелетіні анық. Сондықтан, студенттеріміз университет қабырғасынан бастап әділетті болу принципінің мән-маңызын аңғарса, жетік меңгеріп, пайдасын көрсе, алдағы өмірінде де осы ұстаныммен жүреді деп сенемін. Біздің университетте жыл сайын Түркия тарапынан 500 квота бөлінетінін атап өттім. Міне, осы квота бөлінген кезде бәрі әділ болуы үшін ашық саясатты ұстанамыз. Процесті ашық түрде жүргіземіз. Талапкерлердің алған ұпайы арнайы кестеге енгізіліп, ата-аналардың назарына ұсынылады. Босаған грант немесе квота орындарын қайта бөлгенде де әділетті болу принципіне жүгінеміз. Міне, осындай әділетті іс-әрекеттерді көрген студенттер жақсы оқуға тырысады.

Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары Ғылым және жоғары білім министрлігінде де өте маңызды мәселелер көтеріліп жатыр. Жастарға жол көрсету үшін түрлі республикалық олимпиадалар ұйымдастыру, ғылыми зерттеу жұмыстарына қолдау және т.б. шаралар жүзеге асып жатыр. Университетіміз тұрғысынан айтар болсақ, білім алушылардың оқу үдерісі барысында алған білімдерін жақсы меңгеруі, олардың ғылыми-техникалық және әлеуметтік ой-өрісін кеңейту, жаңа идеяларды меңгеруге, ғылыми ақпараттарды тиімді қолдануға дағдылауға ерекше ден қойылған. Осы мақсатта білім алушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатыстыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2022 жылы 17 білім алушының ғылыми-зерттеу жұмыстары республикалық байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылып, министрліктің дипломдарымен марапатталды. Әділетті болу принципі тек студенттердің ғана емес, ғалымдар мен оқытушылардың арасында да өте маңызды. Соңғы жылдары елімізде ғылымды қаржыландыру 3,5 есеге артқаны баршаға мәлім. Бұл ғылыми жұмыстарды жүргізуге арналған қаржылардың артуына мүмкіндік берді. Сәйкесінше, конкурс саны да өсті. Енді өтініш берушілер де көбейеді деп ойлаймыз. Бұл жұмыс ашық әрі әділ түрде жүрсе, көп күттірмей өз нәтижесін көрсетеді деп ойлаймын. Оқу орнымыз осы ғылым бағыты бойынша көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, тек 2022 жылы 6 оқытушымыз республикалық конкурстың жеңімпазы болып, «ЖОО Үздік оқытушысы» атағын алды, 3 оқытушымыз министрліктің 2022 жылдың «Мемлекеттік ғылыми стипендиясының» иегері, 11 оқытушымыз «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында АҚШ, Ұлыбритания, Түркия, Ресей секілді елдерде ғылыми тағылымдамадан өтті. Қазіргі уақытта 11 оқытушымыз осы бағдарлама бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуге өтініш берді.

– Жұртшылық арасында «Пәлен университеттің дипломына, бітіруші түлектеріне сұраныс жоқ» дегенді естіп қалып жатамыз. Бұл тұрғыда өзіңіз басқарып отырған қазақ-түрік университеті қалай?

– Шын мәнінде, қазіргі таңда нарықта әртүрлі университеттер бар. Сол себепті кейбір университеттердің дипломдарын алған бітіруші түлектерге мамандық бойынша жұмысқа орналасу қиынға түсіп, сұранысқа ие бола алмай жүрген жайы бар. Міне, осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында университетіміз бәсекеге қабілетті болу үшін түлектермен арнайы жұмыстар жүргізеді. Академиялық саясатымыз осы бағытта жүзеге асырылады. Біз үшін түлектеріміздің бітіріп шыққан бойда жұмысқа орналасуы өте маңызды. Жоғарыда да айтып өттім, өткен жылғы түлектерді жұмысқа орналастырудың орташа көрсеткіші – 80 %. Әрине әр мамандық бойынша көрсеткіштер де әртүрлі. Осы екі жылдың ішінде білім беру бағдарламалары бойынша бірнеше рет аудит жүргіздік. Білім беру бағдарламалары бойынша әлемдегі және еліміздегі ең мықты университеттердің білім беру бағдарламаларымен салыстырып, Benchmarking жүргізіп отырмыз. Benchmarking арқылы не білеміз? Мысалы, студенттеріміздің дұрыс машықтарға ие болуы, болашақта таңдаған бағыттары бойынша үздік маман болып шығуы, осы жолда оларды қалыптастыру үшін дұрыс пәндерді белгілеуіміз қажет. Кей жағдайларда өкінішке қарай, университет оқытушылары үйреніп қалған пәндер бойынша сабақ өткізгісі келеді, өзгерістерге дайын болмай жатады. Ал Benchmarking арқылы біз әлемдегі және Қазақстандағы озық тәжірибені қарап, студенттермен және жұмыс берушілермен фокус группа өткізіп, сол арқылы өзіміздің білім беру бағдармаларының сапасын арттыру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл жұмыстар дипломдарымыздың деңгейін көтеріп, түлектеріміздің жоғары сұранысқа ие болуына әсер етері сөзсіз. Атап айтатын болсақ, өткен жылы магистратура және докторантура білім беру бағдарламаларын 100% жаңартып, реестрға енгіздік. Биыл бакалавр бойынша білім беру бағдарламаларын 100% жаңартып жатырмыз, реестрға енгізу процесі жүріп жатыр. Сонымен қатар, біздің оқу ордамызда мансапты дамыту және жұмыс берушілермен байланыс орталығы бар. Осы орталық арқылы нарықтағы сұранысты қадағалап отырамыз. Нарықта қандай мамандықтар сұранысқа ие, қандай мамандыққа сұраныс төмендеді деген мәселелердің барлығы біздің назарымызда. Университетіміз халықаралық университет ретінде Түркі дүниесінің нарығына білікті мамандар дайындайтын болғандықтан, түркітілдес елдерден келіп білім алып жатқан 1500-ге жуық студентіміз бар. Оқу ордамызды бітірген бойда тек Қазақстанда ғана емес, Түркияда және басқа да елдерде жарамды халықаралық дипломды иеленеді. Ең маңыздысы нарықтағы бәсекеге ие болу, нарықтағы орнын жоғалтпау үшін жұмыстар жүргізіп отырамыз.

– Халықаралық қазақ-түрік университеті бауырлас екі елдің арасындағы алтын көпір іспетті. Осы 30 жыл ішінде неше шетелдік түлек бітіріп шыққаны туралы статистика бар ма? Олармен байланыс жағы қалай? Қазақ елінен алған диплом олардың өміріне қаншалықты пайдасы тигені туралы мониторинг пен зерттеулер, талдаулар жүргізіле ме?

– Осы сұрақ бойынша статистикаға жүгінсек, университетімізді бүгінгі күнге дейін түркітілдес елдерден 3300-ге жуық түлек бітірген. Тек қана былтырғы 2021-2022 оқу жылында жалпы 2152 түлек бітіріп шыққан болса, оның 195-і шетелден келген түлектер екен. Түркі әлемі елдерінің қай қайсысын алсақ та, мақтана алатын түлектеріміз жетерлік. Әсіресе, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан республикаларынан келген түлектердің арасында жоғары лауазымда қызмет атқаратын түлектеріміз бар. Мысалға алатын болсақ, оқу орнымыз алғаш құрылған жылдары Түркия Республикасынан келіп, білім алған Синан Йылдыз – Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісінің Кеңсе басшысы, Селчук Каплан – Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі (ТҰҰМ) төрағасының (Парламент спикерінің) кеңесшісі. Тағы да айтар болсақ, Уфук Тузман қазір TRT – Түркия Үні радиосының қазақша редакциясында бағдарлама жүргізушісі, Президент аппаратының мемлекеттік аудармашысы, Еуразия жазушылар одағының Атқару кеңесі мүшесі, Қазақ әдебиеті аудармашысы ретінде қызмет етуде. Акиф Али Шабан есімді түлегіміз Болгария Әскери медициналық факультеті, Интервенциялық кардиология бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарады. Біз түлектерімізбен әлеуметтік желілердегі парақшаларымыз арқылы байланыс жасап тұрамыз. Университетімізді бітірген мамандардың әрқашан біздің дипломмен мақтана алу үшін үздіксіз жұмыстар атқарылуда.

– Құпия болмаса ақылы бөлімде оқитын студенттің бір жылдық төлемақысы қанша?

– Жоқ, құпия емес. Университетімізде бакалавр бойынша білім алатын студенттерге жылдық төлемақы – 600000 теңге, шетел азаматтары үшін – 800000 теңге болып белгіленген. Ал медицина саласы бойынша жылдық төлем ақы – 900 000 теңге, шетел азаматтары үшін – 1000 000 теңге. Қазір нарықтағы қолжетімді баға деп айта аламыз.

– Университет бюджеті туралы айта кетсеңіз. Неліктен кейбір мамандықтар қымбат, кейбір мамандықтардың оқыту бағасы сәл төмендеу?

– Әр мамандық бойынша мемлекеттік тапсырыстың бекітілген бюджеті бар, шығындары белгіленген. Осы шығын көздері арқылы мемлекеттік тапсырыстың құны бекітіледі. Ақылы бөлімдердің төлемақысы бойынша осы талаптарды ұстануымыз қажет. Мемлекеттік тапсырыспен дайындайтын мамандықтар төлемақысы – 1000000 теңге болса, біз одан төмен қылып белгілей алмаймыз. Жоғарыда атап өткенімдей, әр мамандықтың белгіленген шығын деңгейі бар. Сондықтан баға осы деңгейдің 30-40%-нан төмен болмауы керек. Білім беру бағдарламалары, оқу кредиттері бойынша әр мамандықтың бағасы шығын деңгейіне сәйкес болады. Мысалы, медицина 5 жыл, ары қарай интернатурасы бар, лаборатория жұмыстары бар, шығындары көп болуына байланысты жоғары төлемақы белгіленеді.

– Студенттер жатақханамен толық қамтылған ба? Бұл мәселе жағы сіздерде қалай шешілген?

– Қазіргі таңда университетімізде студент жатақханасының саны – 7. Бүгінде елімізде жатақхана мәселесі өткір тақырыптардың бірі екені жасырын емес. Жыл сайын мемлекеттен бөлінетін грант саны көбейіп жатыр. Тиісінше, бұл жатақханаға деген сұранысты арттырады. Біз өз тарапымыздан жатақхананы қажет ететін студенттерімізді қамтамасыз етуге тырысамыз. Мәселен, былтыр өзіміздің жатақханаларымыздан бөлек, тағы 2 жатақхананы жалға алып, студенттерімізді орналыстырдық. Осылайша, қазіргі уақытта студенттеріміздің 75%-ы жатақханамен қамтылған. Жатақхана орындарынан бөлек, оның инфрақұрылымына да мән берген жөн. Орын жетпей жатыр деп, шәкірттеріміздің өмірі және денсаулығын қауіпке қалдыра алмаймыз. Сондықтан жатақханалардың жағдайына да аса мән берген жөн. Осы мақсатта былтыр екі бірдей жатақханамызда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Есіктері, жуынатын бөлме, ас үй және жұмсақ жиһаздардың бәрі жаңасына ауыстырылды. Басқа жатақханаларға да ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, студенттерімізді қажетті заттармен қамтамасыз еттік. Биыл да жөндеу жұмыстарын жалғастырамыз. Бір сөзбен айтқанда, шәкірттеріміздің алаңсыз білім алуына барлық жағдайды жасауға тырысып жатырмыз.

фыв

12