Хабарландырулар

shape
shape

Түркі жастары

Біздің студент! Азия чемпионы боксшы Сағындық ТОҒАМБАЙ

ҮЗДІК ҒАЛЫМ ДА, ҮЗДІК ОҚЫТУШЫ ДА, ҒЫЛЫМИ СТИПЕНДИЯ ИЕГЕРІ ДЕ – ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНЕН!
Бекжігіт СЕРДӘЛІ:
 
Жаңа Жыл жақсы жаңалықтарымен қуантып жатыр.
Жыл қорытындысын түйіндеген облыстың салтанатты шарасында Хирургиялық және балалар стоматологиясы кафедрасының меңгерушісі Нұрсұлтан Нұрдинов облыстың білім саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін «Жылдың үздік ғалымы» номинациясына ие болса;
Жаратылыстану факультетінің PhD докторы Нұрдана Салыбекова «Болашақ» бағдарламасының стипендиясын жеңіп алды.
Дәл сол кезде тағы 4 оқытушымыз – Медицина факультетінің деканы, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлназ Нұсқабаева, Математика кафедрасының доцент м.а., PhD Мөлдір Мұратбекова, Физика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Шерзод Құрбанбеков, Экономика, басқару және құқық факультетінің доценті, PhD Артур Болганбаев «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантын жеңіп алды.
3 оқытушы – Менеджмент және туризм кафедрасының профессоры, PhD доктор Дінмұхаммед Келесбаев, Экономика, қаржы және есеп кафедрасының PhD., қауымдастырылған профессоры Азиза Сыздықова, Дене мәдениеті кафедрасының PhD оқытушысы, қауымдастырылған профессор м.а. Бағлан Ермаханов мемлекеттік ғылыми стипендия иегерлері атанды.
Бұл Ахмет Ясауи Университеті ғалымдарының ғылыми әлеуетінің жоғары екенінің тағы бір айғағы.
ЕДІЛХАН ӘЛЕМ САХНАСЫН БАҒЫНДЫРҒЫСЫ КЕЛЕДІ

Уахит СЕЙТЖАППАР, студент:

Азат еліміздің абыройын асқақтатып, мәртебесін биіктетіп жүрген өнерлі жастарымыз көп. Солардың бірі – Еділхан Нұрғазы. Бүгінде ол Қ. А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде оқиды. Еділхан бала күнінен әнге қызығушылық танытып, халықаралық және республикалық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып жүр. Атап айтқанда, «The Planet of Art» және «Жас толқын» байқауларының Гран-при иегері. Сондай-ақ, «Түркі тарланы мен Бегім сұлу» байқауында бас жүлдені иеленіп, мамандардың назарын өзіне аударған. Еділхан бізбен әңгімесінде өзінің шығармашылығы жайлы айтып берді.
 
«Кішкентайымнан ән айтуға әуес болдым. Шамасы 3-4 жаста болсам керек, үйімізде mp3 деген құрылғы болды. Содан «Fools Garden» тобының «Lemon Tree» әнін күніне бірнеше рет қайталап қойып, қосылып айтып отыратынмын. Ағылшын тіліндегі осы әнге деген ерекше ықыласымды көрген әпкем маған оның сөздерін жаттауға көмектесті. Кейіннен балабақшаға барғанымда ертеңгіліктерде, түрлі іс-шараларда сол әнді айтатыным есімде. Мектепте де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, мерекелік іс-шараларда ән айтатынмын. Алайда, ата-анам мен туған-туыстарым менің өнер жолын таңдауыма қарсы болды. Түрлі пікірлер айтылды. «Әуелі бір мамандықтың иесі болу керек», «Сен ер азаматсың, сондықтан болашақта бір отбасын асырап, бағуың керек», «Тіс дәрігері бол» деген сыңайлы ойларға қарсы тұрып, бойымдағы өнерімді оларға дәлелдеу оңай болған жоқ. Бір жағынан қарасақ, мұндай көзқарастар мені шыңдай түскен екен. Қазір алдыма қойған мақсатым айқын. Болашақта күллі қазақ даласын әнмен тербеп, әлемдік сахналарды бағындырсам деймін» дейді кейіпкеріміз.
Еділхан Нұрғазының өнерде өнеге тұтар жаны – Майкл Джексон. Оны жас та, кәрі де, бәрі тыңдайды. Неге? Өйткені, ол әнді керемет орындап қана қоймайды. Сонымен бірге оның сахнадағы қозғалысы, қимылы, сөйлеуі, бәрі-бәрі көрерменді өзіне тартады. Кейіпкеріміз әнді орындау стилімен ғана емес, харизмасымен де ерекшеленетін әнші болғысы келеді. 
«Бала күнімнен ән айттым дедім ғой. Алайда, ән айтудың тиісті талаптарын мектеп табалдырығында меңгере бастадым. Бірде домбыра үйірмесін жүргізетін апай мені оңаша шақырып алды. Талабымды байқаған болуы керек, бойымдағы қабілетімді ары қарай дамытуға көмектесуге әзір екенін айтты. Әрине, бұған қуана келістім. Алғашқыда облыстық және қалалық деңгейде ұйымдастырылған байқауларда үшінші орындарды иеленіп жүрген болсам, кейіннен шеберлігімді шыңдай түсіп, екінші және үшінші орындарға таласатындай деңгейге жеттім. Халықаралық байқауларға жолдама жеңіп алдым. «Bel Canto», «Күн шуақ», «Euro Stars» және ЮНЕСКО ұйымдастырған «The Planet of Art» деп аталған халықаралық байқауларда бақ сынадым. 
Университетте де қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысамын. Оқу орны атынан да сайыстарда бақ сынап, жеңімпаз атанып жүрмін. Жақында университетте өткен «Түркі Тарланы мен Бегім Сұлу» байқауында бас жүлдені қанжығама байладым. Бұл байқаудың нәтижесінде «Yaz Okulu» бағдарламасы бойынша Түркияға жолдама жеңіп алып, осы жазда екі апта  Анадолы атырабын аралап, саяхаттап келдім. Бұл саяхат маған шабыт сыйлады.
«Түркі тарланы–2024» байқауында да бас жүлде иегері атандым. Бұл байқау түркі елдерінің этникалық ерекшеліктерін барынша ескерген байқау болды. Сайыста әріптесім Ұлжан екеуміз Әли Оқаповтың орындауындағы «Биле» әнін шырқадық. Оған күн сайын хореография мамандығының қыздары мен актерлік өнер мамандығының жігіттерімен бірге репитиция жасап, дайындалдық» дейді Еділхан Нұрғазы. 
Еділхан Нұрғазының музыкаға деген махаббаты ересен. Болашақта оның ел намысын қорғап, әлем сахнасын бағындырған өнерпаз боларына сенім мол. 

Айгүл СЕЙІЛОВА, университет түлегі, “Егемен Қазақстан” газетінің бөлім редакторы:

 

Ол тіпті сөйлемей-ақ түрлі қимыл жасап, бет-бейнесін құбылта бас­тағанда, кө­рермен күл­кіге қарық болады. «Жақ­тырмасаң, жақтырма. Ойыншық па саған, ақ тырна?» дейміз кейде өзімсінген жа­қынға. «Жақында екі клипім шығады» деп мақтанамыз. «Жү­рейін сол боти киіп ап», – деп кергитініміз тағы бар. Аңқау ерлі-зайыптыға кез бол­ған арамза тәуіп те, халықтың жағ­дайынан хабары жоқ шікірейген шенеунік те әлі ес­тен шыға қойған жоқ. 

Домбырасына үкі орнына түл­кінің те­рісін байлап шығатын мақтаншақ ақын, рухани әлсіздігін жасы­ру үшін мықты боп кө­рінуге тырысатын қуыс кеуде әкім, ауған соғысы ақылын шай­қап жіберген едірең ба­тыр, ұсақ-түйек үшін әйелімен сал­ғы­ласатын мыл­жың күйеу, бас­қа да көптеген бір-б­іріне мүлде ұқ­­самайтын кейіп­керлердің галереясын жасаған бір сатира актері бар болса, ол – Нұржан Төлендиев. Иә, ол біресе даңғой режиссер, біресе бейшара миллионер. Халық оны Тука деп, Қошан деп таниды. «Тема не? Теманы айтсай, шешу үшін жүрміз ғой!» – деп зілденетін оққағардың «қамқоршысы» да жадымызда қап қойған. Ол қандай рөлді ойнаса да, барын салып, жанын салып, ең бастысы – сендіріп ойнайды, күлкінің жеңіл-желпі түрін емес, ызалы, уытты күлкі туғызады, «шынында да, осындай адамдар бар ғой, ә» деген сияқты ойлантып тастайды. 

Қазіргі «Алдараспан» ойын-сауық отауы­ның басшысы Нұржан Төлендиев халыққа «Шаншар» театры арқылы танылды. Нұржанның белгілі режиссер Райымбек Сейтметов сынды ұстаздың алдын көрген кәсіби актер екенін, Түркістан театрының сахнасында драмалық рөлдерді де сомдағанын былайғы көпшілік біле бермеуі мүмкін. 

Екінші мыңжылдықтың басында біздің кейіпкеріміз Түркістан театрының сахнасында драмалық рөлдерді сомдай жүріп те өзін талантты актер ретінде көрсете білді. Жуырда Нұржанмен аз-кем сөйлесудің сәті түсті. Сауалды үнемі гас­трольдерде жүретін өнер адамының уақытқа құрметі жөнінен бастағанбыз. – Уақытты босқа жіберіп алудан асқан өкініш жоқ. Басшылық пен актерлікті қатар алып жүргеннен кейін әрбір атқан таңымды босқа жібермеуге тырысамын, – дейді актер. Түрлі образдар шығару үшін көпшілік ортада көбірек болатынын да айтып қалды. – Сомдайтын бейнелердің бәрін елдің арасынан аламыз. Содан болар, халықтың жүрегіне тез жетеді деген ойдамын. «Нұржан, сенің ана образың менің жездеме ұқсайды екен, мына образың бір туысыма ұқсайды» – деп жатады таныстарым. Мүмкін ұқсайтын да шығар? Әшірбек Сығайдың керемет бір сөзі бар. «Суретші бояуы­на, әнші даусына сенеді. 

Ал актердің бар сенері – жан дүниесі, жүйкесі, жүрегі». Осы тұрғыдан келгенде шынайы ойнауға тырысамыз, барымызды, жанымызды саламыз. Яғни «сол адамды» алып шығуға әрекет етеміз. Актер қоғамдағы болып жатқан жаңа­лықтарды, оқиғаларды қалт жібермей бақылап отыратынын, әрдайым халықтың талғамымен санасатынын жеткізді. 

– Арзан күлкіні, асығыс жасалған дүниені халыққа өткізу қиын. Қазір адамдардың бәрі ақылды, көзі ашық. Олардың талғамымен санасу қажет. Бүгін күлкілі болған оқиға дәл ертең күлкілі болмай қалуы ықтимал. Бүгін өзекті болған мәселе біраз уақыт өте келе өзектілігін жоғалтып жатады. Сол үшін біз әрдайым ізденісте жүреміз. Адамдарды күлдіру, халықтың көңілінен шығу оңай емес. Өнер адамының көңілі көктемнің күніне ұқсас. Көктем бірде дауылды, бірде жауынды, бірде шуақты болмай ма? Актер де бірде сыршыл, бірде жыршыл, кейде жарқын, кейде тұйық, кейде мұңды, – дейді кейіпкеріміз. 

Ізденіс те, халықпен араласу да актер үшін керек дүние ғой. Бірақ, Алла талант бермесе, халық қошеметтеп қол соқпаса, мойындамаса, қанша ізденіп, тер төккеніңнен, адамдардың арасында жүргеніңнен не пайда? Әрине, бұл Нұржанға мүлде қатысы жоқ сөз. Керісінше, ол өз талантымен, шеберлігімен әбден мойын­далған, бұдан кейін де мойындала беретін, халық қошеметтеп қол соғып қарсы алатын актер.